Рухани жаңғыру – жарқын болашаққа

Иманбаева Жадыра Кадирбергенқызы,
№73 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

«Еліміздің болашағы – білімді ұрпақ қолында» – деп, Елбасымыз айтқандай жас ұрпаққа сапалы, мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру – бүгінгі күннің басты талабы.
Қазіргі таңда елімізде білім беру мазмұны жаңа бағытқа бет бұрды. Өйткені қазіргі заманда елдің бәсекеге қабілеттілігі оның азаматтарының парасаттылығымен анықталады, сондықтан білім беру жүйесі болашақтың талабына сәйкес дамуы тиіс.
 Мемлекет басшысы да білімге құштарлықты арттыруға ерекше мән беруде.
 Рухани жаңғыру бағдарламасының білім саласына қатысты тұсы – келешек ұрпақты кемел білімге сусындататын үлкен мүмкіндік. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген қазақ мақалының мән-маңызы кемімек емес. Керісінше уақыт өтіп, заман өзгерген сайын халық нақылының құндылығы артып келе жатыр. Өйткені алдағы дәуір – нағыз білімділердің дәуірі болмақ.
 Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсеткендей «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бағдарламасы жастарымыздың болашағы үшін іске асырылуда. Енді осы игі бастамаға бүкіл ел болып қолдау жасап, ары қарай дамыта білуіміз қажет.
Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болу керек. Мысалы: компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Білім мен ғылым оқулық арқылы келеді. Сол оқулық арқылы санамызды жаңғырта отырып, бәсекеге қабілетті маман дайындай алмақпыз. М.Жұмабаев атамыз өзінің ұлағатты бір сөзінде былай деген: «Баланы тәрбиешінің өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайықтап дайындау керек». Иә, Мағжан атамыздың айтқан даналық ойы бүгінгі күнгі білімді ұрпаққа қаратылып айтылғаны көрініп тұр.
Шындығында мұғалімнің алдында оқушыларға білім мен тәрбие беруде үлкен жауапкершілік тұр. Әрбір оқушыны оқытып тәрбиелеуге байланысты мәселелерді өздігімен және шығармашылық ынтамен шешуге қабілетті жаңашыл мұғалім керек. Жаңа тез өзгермелі, білімді де білікті, тың серпіліске, өзгеруге дайын және жаңа талап межесінен көріне алатын шығармашыл да кәсіби шебер мұғалімдерді қажет етіп отырғанына көзіміз жетті. Оқушылардың мектепте табысты оқуы ғана емес, өмірде де табысты болуы мұғалімнің қабілетіне, оның құзыреттілігіне байланысты екенін терең түсіндік. Сондықтан тәжірибе кезінде үйренген бар білімімді оқушылармен жұмыс жасау кезінде қолдануды басты мақсатым деп білемін.
 «Талантқа қанат болар сезім емес, сенім болу керек» деп Ғ.Мүсірепов атамыз айтқандай сенімділік әрқашан болашаққа жетелейді.
 Ендеше, рухани жаңғыру арқылы әлем мойындар табысты ел болып, жарқын болашаққа деген сенім мен үмітті үндестіре отырып, баршамыз бірлік туы астында бақытқа бірге жетейік!