Мерейіміз бен мақтанышымыз – жас математик Саят

Раманкулова Б.Ж.,
№9 дарынды балаларға арналған
облыстық «Білім-инновация» лицей- интернатының мұғалімі

Өмірде өзгермейтін, алған бағытынан таймайтын құбылыс – адам тәрбиесі. Ғасырларға созылған тәрбиедегі негізгі мақсат – білімді ұрпақ өсіру. Білек күшіне қарағанда білімді ерекше бағалап, оны кейінгі ұрпаққа мұрат етуді мақсат еткен бабаларымыз «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп, өзінің көзі жеткен шындықты тайға таңба басқандай айта білген. Дені сау, ұлттық сана-сезімі жоғары, рухани ойлау дәрежесі биік, еңбекқор, мәдениетті адам тәрбиелеуді басты ұстаным етіп алған, болашағын білімді ұрпағымен байланыстырған.
Бүгінгі күні тәуелсіз еліміздің білімге құштар, ізденімпаз жастары өсіп келеді. Солардың бірі – №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 8 сынып оқушысы Рысбай Саят. Ол – «ғылымдар патшасы» математиканы жақсы көретін, болашақта ұлы математик болғысы келетін жас өрен. Ғылымды өмірінің мән-мағынасына балаған, мамандығын ар туындай ұстаған Асқар Жұмаділдаевтың: «Қазақ балалары математикаға өте қабілетті келетіні рас. Қазақ – ілім-білімнің кез келген саласына бейім халық» – деуі Саят сынды еңбекқор, ұғымтал, зерек оқушыларға қарап айтылса керек. Саят 7 сыныпта Қ.Игенбаев атындағы математика пәнінен облыстық олимпиадада ІІ орын, ал биыл 8 сыныпта осы олимпиадада І орын иеленді. 2017-2018 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІІІ кезеңінде (облыстық) математика пәнінен 9 сынып атынан қатысып, жүлделі ІІІ орын алды. Рысбай Саяттың өз қатарынан оза шауып, жеңімпаз атануына қойылар талаптың да жоғары, жүктелер міндеттің де күрделі екенін түсінген «Білім-инновация» лицей-интернатының математика пәні мұғалімдері Мандибаев Айдар мен Жұман Төреханның еңбегі зор. Оқушының математикалық қабілетін шыңдай түсіп, жүйелі жұмыс жүргізген ұстаздарының арқасы екені даусыз. «Өнеге басы – ата-ана» десек, жанына жылылық себетін көз қуанышы – Саяттың жетістіктерін әкесі Қарабалаев Мұрат пен анасы Омарова Гүлшарат та мақтан етеді. Баласының қарапайым мінезін, еңбек сүйгіштігін, білімге құштарлығын білетін ата-анасы оны өмірдің өрінен, білімнің төрінен көргісі келеді. Арманы асқақ, мақсаты айқын жас математик Саяттың әлі талай асуларды бағындыратынына сенеміз. Жұлдызың жарық, өмірің ұзақ болып, арманың сені биік белестерге самғата берсін, Саят!