Бірыңғай қыздар оқитын білім ордасындағы «Әкелер кеңесінің» ерекше жұмысы

Қызылорда қаласындағы бірыңғай қыздар оқитын білім ордасында «Әкелер кеңесі» құрылған, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.

№10 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының оқу ісі жөніндегі орынбасары Л.Микееваның айтуынша, білім ошағының ата-аналары бала тәрбиесінде педагогикалық ұжымға қолдау көрсетеді.

«Әсіресе, лицейдегі «Әкелер кеңесінің» жұмысын ерекше атап өтуге болады. «Бірыңғай қыз балалар оқитын мектепке «Әкелер кеңесінің» не қажеті бар?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Әке ер бала тәрбиесіне ғана жауапты десек, қателескен болар едік. Себебі, әкелерінің қамқорлығын көріп өскен қыз баланың бойында әкеге, жалпы ер азаматқа деген құрмет, «әке – отбасының тірегі» деген ұғым қалыптасады. Осылайша болашақта өзінің жарына да осындай құрметпен қарайтын болады. «Әкелер кеңесінің» мәні де, маңызы да осында. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты. Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары. Олар – отбасының ғана емес, мемлекеттің тірегі» деген болатын», – дейді Л.Микеева.

Оның пікірінше, қыз бала тәрбиесі аса жауапкершілікті қажет етеді. Ұлт болашағы да бүгінгі тұлымды қыз, ертеңгі ананың тәрбиесіне байланысты. Сол себепті оның тәрбиесіне әкенің де араласуы әбден орынды.

«Лицейде «Әкелер кеңесіне» арнайы кабинет берілді. Әкелер кеңесінің құрамында мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органының қызметкерлері, мұнайшы, мұғалім, құрылысшы , тағы басқа мамандық иелері бар. Олар сан мың жұмысы болса да, уақыт тауып, лицейдегі іс шараларға қатысып отырады», – дейді Л.Микеева.

«Әкелер кеңесі» ата-аналар арасында спартакиада, «Толағай» отбасылық сайысын өткізіп, ата-аналар арасындағы байланысты, өзара ауызбіршілікті нығайта түседі. Топта жұмыс істеуге үйретеді.

«Жасыл ел – жасыл қала» акциясы арқылы лицей ауласын көгалдандыруға атсалысады. Әкелерімен бірге егілген 1 түп ағаш қыздарға ерекше қуаныш сыйлауда. Қыздарымыздың жүрген ауласы гүлзар бағына айналсын деген әкенің ізгі ниеті қыздарды бей-жай қалдырмайды. Әкелеріне деген құрметін арттыра түседі.

«Халықаралық әйелдер күнінде қыздарымыз бен аналары әкелерден ерекше тосын сый күтеді. Әкелер қыздары мен аналарына арнап концерттік бағдарлама ұйымдастырып, бар өнерлерін ортаға салады. Бұрын соңды сахнаға шығып көрмеген әкелер жүргізуші болып, ән салып, би билейді. Ұлыстың ұлы күні –Наурыз мерекесі, Тәуелсіздік күні секілді мерекелік іс-шараларда сахналандырылған қойылым көрсетеді. «Қазақстанның киелі жерлері» бағдарламасы аясында қыздарды саяхатқа апаратын да, театрға апаратын да – Әкелер!», – дейді Л.Микеева.

Мұғалімнің айтуынша, әкелер Шымкент, Тараз қалаларынан тәжірибе алмасу мақсатында келген ата-аналарға өз іс тәжірибелерін көрсетіп, Сыр елінің киелі орындарына саяхат жасатып, достық ізгі ниеттерін көрсетуде.

«Әкелер кеңесі» жақында «Құндылыққа бағдар: тәрбие үдерісіндегі инновация» тақырыбындағы республикалық оқу-әдістемелік кеңесті өткізуге де белсене қатысты. Кеңеске қатысушыларды гүл шоқтарымен қарсы алып, концерттік бағдарлама да ұйымдастырды. Олар кәсіби әнші, кәсіби биші емес, бірақ лицей сахнасының сәнін келтірді. Кеңеске қатысушылар әкелерге ерекше құрмет көрсетіп, орындарынан тік тұрып қол соқты», – деген Л.Микеева жұмысбасты әкелердің уақыт тауып, қыз бала тәрбиесіне үлес қосуы көпке үлгі болса дейді.

Дереккөз: Қызылорда облыстық интернет газеті