Қызылордалық оқушы YouTube видеохостингінің баламасын әзірлеуде

Жерлесіміз, жас ІТ маман Евгений Демиденко жаңа буынның сұранысына жауап беретін YouTube видеохостингінің баламасын әзірлеуде. Бұл туралы Евгений Елбасы Н.Назарбаевқа ҚХА-ның 27-ші сессиясында айтып берді.

«Аса құрметті  Елбасы!  Өткен жылы  мен  цифрлық технологиялардың көмегімен «Boeing 757» ұшағының базасы негізінде техникалық және жобалық ұшақтардың апгрейді бойынша жоба жасадым. Бұл жобаны «Boeing» компаниясы сатып алды. Қазіргі уақытта ол жоба Ұлыбританиядағы Кренфилд  аэроғарыш университетінде іске асыру сатысында жатыр»,-деді ол.

Евгений Демиденконың жобасы әуе кемелерінің құрастыру құнын төмендетіп, жолаушылар санын көбейтуге, лайнердің қауіпсіздігін және энергия тиімділігін арттыруға арналған. Ең бастысы, бұл әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету персоналы қажет емес. Жас өнертапқыш авиация өнеркәсібі, интернет-телевизия, биология, анимация және сауда логистикасын – IT бағдарламалау арқылы игеріп, түрлі жоба жасауға болатынын да айтты.

Ол №2 «Мұрагер» мектебінің 11-сынып оқушысы. «HACK DAY-2017» идеялар фестивалінде өз жобаларын ұсынып, мамандар тарапынан жоғары бағасын алған. 2015-2016 жылдары «Мың бала» республикалық мәдени-ағар-тушылық жобасының жеңімпазы атанған. Сондай-ақ, 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Дэджон қаласында өткен «Жас ғалым» халықаралық ғылыми жобалар конкурсында І дәрежелі диплом иеленсе, «Инфоматрикс» халықаралық жарысында  компьютерлік жобалар бойынша ІІ дәрежелі диплом иегері атанды.

Дереккөз: ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ИНТЕРНЕТ ГАЗЕТІ


Translate/Перевести/Аудару