Мамания медресесі қазақ тарихындағы білімге салынған инвестицияның бастау көзі – Президент

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Талдықорған қаласына келді. Дәл қазір Президент Салтанат сарайында өңірдің жұртшылығымен, кәсіпкерлерімен кездесуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Алғашқы қазақ ағартушылық мектептерінің бірі, Ақсу жерінде ашылған Мамания медресесі ұлт руханиятына айрықша үлес қосты. Бұл – қазақ тарихындағы білімге салынған инвестицияның бастау көзі болатын», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Айта кетейік, Президент атап өткен Мамания медресесінде қазақ зиялыларының көбі шыққан. Осы жерде білім алған. Оның ішінде Ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлеевтер бар. Біләл Сүлеев Қарақалпақстанның білім министрі болған. Мектеп 19-шы ғасырдың аяғында жергілікті дәулетті азаматтардың күшімен салынған. Білім ошағы Жетісу өңіріндегі алғашқы меценаттық қозғалыстың айқын көрінісі. Сондықтан «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруда Атымтай жомарттарға Маман әулетінің бастамалары жиі мысалға алынып тұрады.

Дереккөз: КазИнформ