АЛМАТЫДА ШЕТЕЛ ТІЛДЕРІ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА ӨТТІ

Білім сайысын Шет тілдер және іскерлік карьера университеті ұйымдастырды. Жастар жылы бағдарламасы аясында өткен жарысқа 12 университет, 21 колледж және 26 мектептің оқушылары қатысты. Олар түрлі сынақтар бойынша шет тілдерін қаншалықты меңгергенін көрсетті.

«Ана тілі – жан, шет тілі – болашақ». Дәл осындай тақырыппен ұйымдастырылған олимпиадаға 223 үміткер келді. Барлығы – бірнеше шет тілін жетік меңгерген өз оқу орнының үздіктері. Олар ағылшын, неміс, француз, түрік, қытай, араб және корей тілдері бойынша өзара сынға түсті.

Сабри Хизметли, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің ректоры:

– Біздің мақсатымыз – жастарымызды болашаққа дайындау. Елбасымыз атап өткен мемлекеттік бағдарламасында 2025 жылдан бастап, ауыл мектептерінде Қазақстан бойынша жаратылыстану пәндерін ағылшынша жүргізетінін тапсырып отыр. Сондықтан біз де балаларымызды осы мектеп және колледжден бастап, жоғары оқу орындарына дейін осы тапсырмаға сәйкес шетел тілдерін меңгеруіне өз үлесімізді қосып отырмыз.

Олимпиада үш кезең бойынша өтті. Бірінші айналымында үміткерлер тест тапсырып, жазбаша түрде граматикалық сұрақтарға жауап берді. Екінші айналымда ауызша сынақ болды. Ал, үшінші кезеңде түрлі ғылыми жобалар ұсынды. Білім бәйгесіне қатысқан жастар мұндай бәсекелер бізге серпін беретінін айтады.

Гүлназ Мұқашева, студент:

– Осы олимпиаданың біздің болашағымызға деген өте маңызы зор деп ойлаймын. Әсіресе шет тілін үйренудегі маңыздылығы өте зор

Жастардың ағылшын тіліне деген қызығушылығын оятуға бағытталған олимпиада алдағы уақытта жалғасын таппақ. «Тек республикалық емес, халықаралық деңгейде өткізу ойда бар», – дейді университет басшылығы. Себебі бүгінгі жастардың білімді болуы және шет тілдерде еркін сөйлеуі болашақ үшін маңызды.

 

Дереккөз: Қазақстан телеарнасы

Translate/Перевести/Аудару