Халықаралық білім орталығының бас директоры мектебіне көмектесті

Өңірімізде еңбегімен елге танылып, түрлі салаларды меңгеріп, биік шыңдарды бағындырған азаматтар аз емес. Осындай азаматтардың бас қосуымен №219 Ыбырай Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінде осы мектептің түлегі, «EDTECH» халықаралық білім орталығының бас директоры, Қазақ Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының вице-президенті Ғани Бектайұлы Бейсенбаев, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Жетісу» арнасының бас директоры Бейсен Құранбек, өнертанушы, режиссер Ерлан Төлеутай, сонымен бірге шәкірттері «Қазына» кітап сауда үйінің директоры Алмас Шайкен, жас қазақ миллионері, «Мой дом» компаниясының президенті Нұржас Орынбасар, эстрада жұлдызы Айбат Жанғалиев, тележурналист Бақтияр Рымжанов, телеоператор Абылайхан Жәнібекұлымен кездесу өтті.
 Кездесу екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – мектепішілік «Абай оқулары» байқауы. Байқауда оқушылар дана Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін жаттап, көркемсөз оқу шеберлігін көрсетті. Бұл кезеңнің ұйымдастырушысы және демеушісі – «Қарекет» бағдарламасының жүргізушісі Бейсен Құранбек. Байқауға 5-11 сынып оқушылары арасынан 19 оқушы қатысты. Байқау қорытындысы бойынша, І орынды 9-сынып оқушысы Таңшолпан Қойшыбайқызы, ІІ орынды 7-сынып оқушысы Айшолпан Мейрамхан, ІІІ орынды 11-сынып оқушысы Ерқанат Төлешов иеленді. Жүлделі орындарға 80000, 60000 және 40000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық  берілді. Басқа қатысушылар 5000 теңге көлемінде ынталандыру сыйлығына ие болды.
Әрбір қазақтың жалғыз ғана отаны болып табылатын Қазақ елін сүйсе екен деген арманнан туындаған Елбасы бағдарламасы жер жерде жүзеге асып жатыр. Елім, жерім деп жүрген азаматтар туған топырағына көмек қолын созуда. Сондай оқиғаның бірі кездесудің екінші кезеңінде орын алды. Кездесуге аудандық басқарма басшылары, ардагер ұстаздар, сыныптастар, мұғалімдер мен мектеп оқушылары қатысты. Ғани Бектайұлы және оның  достарынан құрылған топ мектептің мұқтаж дүниелеріне көмек көрсетті. Мектеп акт залына сахна пердесі мен терезе пердесін, 150 орындық алып, мектеп музейінің безендірілуін қамтамасыз етіп, кітапхана қорына сыйлыққа 100 кітап пен оқушы құралдарын сыйлап, 11 картина, 3 киімілгіш, 2 жылжымалы тақта, мұғалімдерге әдістемелік кітаптар, 11-сынып оқушыларына ҰБТ-ға дайындық  үшін әдістемелік құралдар алынып, сонымен қатар мектеп ауласына  15 шырша отырғызуға септігін тигізді.
Кездесу кешінде қонақтар, сыныптастары мен ардагер ұстаздары Ғ.Бектайұлы мен оның достарына алғыс білдірді. Кеш соңында аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сейілханов пен мектеп директоры Ж.Жанадилова жылы лебіздерін білдіріп, аудандық кәсіподақ ұйымының атынан Ғани Бектайұлының 50 жас мерейтойына құттықтау қағазымен марапаттап, бағалы сыйлық табыс етті.
 
Дереккөз: Сыр бойы
Translate/Перевести/Аудару