WorldSkills Shygys – 2019 чемпионаты басталды

Өскеменде студенттер мен жұмысшы жастар арасында «WorldSkills Shygys – 2019» аймақтық кәсіби шеберлік чемпионаты басталды. Түрлі салалар бойынша 43 мамандық бойынша өткізілетін облыстық чемпионат бес күнге созылмақ.

Облыстық Білім басқармасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және Жастар жылы аясында өңірдің жетекші кәсіпорындарымен бірлесе отырып аймақтағы колледждер мен жоғары оқу орындарының 270-тен астам студенттері мен түлектерінің қатысуымен 18-ден 22 жас аралығындағы студенттер мен жұмысшы жастар арасында аталған чемпионатты өткізуді қолға алды.

«Бұл осымен төртінші рет өткізіліп отырған облыстық чемпионат жыл сайын қатысушылар мен бағыттарын кеңейтіп келеді. Шараға осыншама үлкен мән беруіміздің себебі де жоқ емес. Өйткені бүгінгі таңда орта мектеп түлектерінің 40 пайызы техникалық-кәсіптік білім алуға ұмтылады. Осы орайда біз өз тарапымыздан оларға неге сапалы білім бермеске? Бүгінгі таңда облысымыздағы 86 колледжде 35 мыңға жуық студент кәсіптік білім алуда. Олардың 52 пайызы техникалық мамандықтарды мемлекеттік тапсырыспен тегін меңгеруде. Биыл аталған мәселе бойынша комиссия отырысы өткізіліп, облыстық бюджеттен 6200 орын бөлінсе, оған қоса «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша 1730 орын республикалық бюджеттен қарастырылды», – деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Осылайша биылғы жылы 7 мыңнан астам студенттің колледждерде тегін оқумен қамтылатынын алға тартқан жауапты тұлға, білім алушылардың тең жартысының тегін білім алуы жақсы көрсеткіш екенін атап өтті. Бұдан бөлек өңірдегі колледждер 115 мамандық түріне оқытады. Бұл еліміздің өзге өңірлеріне қарағанда ең жоғарғы көрсеткіш.

«Облыстағы 56 колледж 560 кәсіпорынмен бірлесе отырып қосарлы білім беру тәжірибесін ілгерлетуде. Біз осы бағытта өткен жылы «Казцинк» ЖШС-мен меморандумға отырсақ, биыл «KAZ Minerals» кәсіпорнымен меморандум жасасып Аягөз политехникалық колледжі мен Өскемен көпсалалы колледжінде кадрлар дайындау бюджетін анықтадық», – деді Әсем Бекқызы.

Бұл жолғы аймақтық чемпионат 43 құзыреттілік бойынша өткізіліп, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, азаматтық көлік қызметі, өндірістік және инженерлік технологиялар, құрылыс және құрылыс технологиялары, қызмет көрсету саласы, шығармашылық және дизайн, білім беру, медицина, ауылшаруашылығы сияқты маңызды салаларды қамтымақ.

Сондай-ақ, бұл жолғы чемпионаттың бір ерекшелігі өз шеберліктерін көрсету мүмкіндігінің мүмкіндігі шектеулі студенттерге де берілуінде болмақ. Атап айтсақ, бұл жолғы чемпионатқа өңірдегі 8 колледжден 14 осындай жан қатысып, бақтарын сынап көрмек.

Қоса кетсек, аймақтық чемпионаттың жеңімпаздары Нұр-Сұлтан қаласында өтетін бесінші «WorldSkills Shygys – 2019» ұлттық чемпионатына қатысу құқығына ие болмақ.

 

Дереккөз: BAQ.KZ