Қызылордада оқушылар бейнеролик байқауында сынға түсті

Қызылорда облысы мектептерінде білім алатын оқушыларға арналған «Мен әлемді өзгертемін» атты бейнеролик байқауы мәресіне жетті. Оған Қызылорда қаласы мен барлық ауданнан 26 талапкер қатысты, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш шара Тұңғыш Президент  – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынды. Оны облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы ұйымдастырды.

«Жас ұрпаққа білім берумен қатар олардың бәсекелік қабілетін, санасына озық тәжірибелерді сіңіре білуге үйретуден еш ұтылмасымыз анық. Балаларды оқуға, білімге үйрете берген дұрыс. Оларға ой салып, бағыт сілтеп отырсақ, жақсы нәтижеге жетеді. Балаға жақсы атаулыны көрсетуден жалықпауымыз керек», – деді  «Рухани жаңғыру» орталығының «Тәрбие және білім» бөлімнің басшысы Әлима Әбдіхалықова.

Байқау барысында Қызылорда қаласындағы А.Байтұрсынов атындағы №211 мектеп оқушысы Нұрдәулет Бисембаев бірінші орын алды. Одан кейінгі орындарды  Қазалы ауданы №170 мектептің 8-сынып оқушысы Назерке Темірхан, Қармақшы ауданы №273 мектептің 10-сынып оқушысы Бағдат Жұмаділов пен Арал ауданы №13 мектептің 9-сынып оқушысы Данияр Төлеуов өзара бөлісті.

«Қазіргі қоғамда балаларға зорлық-зомбылық жасау көбейіп кетті. Егер балаларды ешкім ұрмаса, онда бүкіл әлем мейірімге толар еді. Біз видеороликте осы ойымызды жеткізгіміз келді. Мен балаларды зұлымдықтан қорғағым келді», – деді Нұрдәулет Бисембаев.

Сондай-ақ, байқауға қатысқан оқушылар өзге де тақырыптарда ойларын бейнеролик арқылы жеткізді. 

Дереккөз: КазИнформ

Translate/Перевести/Аудару