Қыздар университетінің студенттері Универсиада жеңімпаздары атанды

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері Х Бүкілқазақстандық Универсиада ойындарында бірнеше спорт түрі бойынша жеңімпаз атанды. Бұл туралы оқу орнының Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі хабарлады.

Атап айтқанда, гандболдан қыздар командасы Универсиада ойындарында қола медальға ие болды.

Ақтөбе қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде ұйымдастырылған сайысқа 8 команда қатысты. Бір аптаға созылған тартысты доданың ақтық кезеңіне Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті және М. Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтының спортшылары жолдама алды.

– Жарыс біздің құрама үшін өте сәтті болды. Қыздарымыз шаршы алаңда үздік ойын өрнегін көрсетіп, жартылай финалға жолдама алды. Десе де қарсыластарымыздан аздаған ұпай көрсеткішімен есе жіберіп, үшінші орынды қанжығамызға байладық, – деп атап өтті команда жаттықтырушысы, Қыздар университетінің Дене шынықтыру және спорт кафедрасының аға оқытушысы Олег Рукасов.

Сонымен қатар Универсиада ойындарында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттерінен құралған команда баскетбол бойынша екінші орынға ие болды.

Универсиада бағдарламасы бойынша қыздар арасындағы баскетбол ойынында 8 команда өзара мықтыны анықтады. Жарыс жолында қарсылас шақ келтірмеген Қыздар университетінің спортшылары жартылай финалда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ойыншыларын 59:55 есебімен жеңіп, ақтық кезеңге жолдама алды.

Финалда арулар ордасының баскетболшылары Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің құрамасымен кездесті. Нәтижесінде педагогикалық университеттің командасы 91:52 нәтижесімен ұтылып, екінші орынға табан тіреді.

Сондай-ақ сайыста Қыздар университетінің студенттерінен құралған команда үстел теннисі бойынша екінші орынға ие болды. Ал жекелей сында Педагогика және психология факультетінің 2-курс студенті Медиана Қалықбай үздік деп танылды.

Жарысқа 17 жоғары оқу орнының студенттерінен құралған командалар қатысты. Ойын нәтижесі бойынша Қыздар университетінің құрамасы үздік төрттік сапына енді. Атап айтқанда, финалда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің спортшылары бәсеке көрігін қыздырды.

Дереккөз: Білімді ел

Translate/Перевести/Аудару