Қарағанды облысындағы «Ұлы дала мұрагерлері» форумы

Балқаш қаласында өткен «Ұлы дала мұрагерлері» форумы бес мыңнан астам оқушылар, ұстаздар бен ата-аналардың басын қосты. НЗМ тәжірибесін таратуға бағытталған ауқымды шараға Балқаш өңірінің 2500-нан астам оқушылары мен 2300 педагогтары және ата-аналар қауымынан 5000 адам қатысты.

Назарбаев Зияткерлік мектептері – мемлекетіміздегі білім беру саласының көшбасшысы. Сондықтан да олардың тәжірибесі мен бағдарламалары барлық республикаға таратылады. Елбасы Н.Назарбаев өз жолдауларында «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болады» деп атап көрсеткен.

Жаңа сапалы білім беруге ауысудағы маңызды қадам облыстың барлық мектептерінде «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» тәжірибесін тарату болып табылады. Мұндай ауысуға жүйелілік сипатын беру мақсатында 2018 жылы облыс әкімдігі мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.

Осы бірлескен жұмыстың алғашқы нәтижесі – Жезқазған қаласында өткен «Ұлы дала мұрагерлері» форумы. Алғашқы форум педагогикалық қауымдастық пен қала тұрғындарының жоғары бағасына ие болып, 10 мыңға жуық қатысушыны жинады. «Ұлы дала мұрагерлері» форумын әр өңірде өткізу жоспарланған. Іс-шара барысында форумды өткізу эстафетасы Балқаш аймағына берілген болатын.

Биылғы жылдың ауқымды мерекесі «Ұлы дала мұрагерлері» форумы Балқаш қаласында өткізіліп, Приозерск, Шет, Ақтоғай аудандарының білім ардагерлерін, педагогтері мен оқушыларын, қала тұрғындарының басын қосты. «Ұлы дала мұрагерлері» форумы – бұл НЗМ ДББҰ тәжірибесін тарату бойынша мектептер арасындағы білім беру байланыстарын нығайтуға бағытталған жүйелі инновациялық іс-шара.

Тәжірибе тарату – ұтымды әдіс. 23 мамыр күні №15 мектепте Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесін тарату аясында ұстаздар мен ата-аналарға арналған әдістемелік кеңестер, сонымен қатар жаңартылған білім беру мазмұны бойынша шебер-сыныптар ұйымдастырылды. Шеберлік сыныптар үштілді білім беруді енгізу, критериалды бағалау, жаңартылған білім беру мазмұны, инклюзивті білім беру, вариативті курстар сұрақтарын қамтыды. Сонымен қатар ұстаздардың осы уақытқа дейін жасаған жұмыстарының бағдарламалары, жаңа пәндер бойынша оқушылардың жеткен жетістіктерін қамтитын көрме назарға ұсынылды.

Мұғалім, оқушы, ата-ана ынтымақтастығын арттыру арқылы ойын epкiн, өзiндiк пікірін дəлeлмен нaнымды жeткiзe бiлeтiн, ынтaлы, сeнiмдi, сыни көзқapaстapы қалыптасқан оқушы қaлыптaстыpу — қоғамның даму жоспарының басты міндеті. Форум аясында міндет орындалу үстінде. Себебі, ата-аналар қауымдастығымен тығыз қарым-қатынас жасау мақсатында «Отбасы тәрбие тамыршысы» Аналар мектебі мен Әкелер кеңесі өкілдерімен «Біз және біздің балалар» тренингі жүргізілді.

Форум бағдарламасы негізінде – «Ата-анамен өндірісте 10 күн» әлеуметтік жобасының негізінде ата-аналар арнайы мамандардан кеңес алып, оқушылар стартап жобаларын ұсынды. Сонымен қатар «Металлургтерге тағзым» мұражайы ашылды. Сонымен қатар «100 кітап» жобасы аясында театрландырылған қойылым көрсетілді. Мұнда тек қазақ ақын-жазушыларының ғана емес, әлем әдебиетінің де шығармалары ұсынылды.

Еске сала кетейік, облыста кітап оқуды насихаттауға бағытталған «Бір аймақ – бір кітап» акциясы, «Оқу шаттығы» жобалары жұмыс жасайды. Осы күні барлығы 70 шеберлік сынып ұсынылды, нормативтік-құқықтық құжаттарды, әзірленген жиынтық жұмыстарды, әдістемелік материалдарды көшіріп алу аймағы жұмыс істеді. Форум қатысушылары өз ризашылықтарын білдіріп, «Ұлы дала мұрагерлері» форумының үлкен тәжірибелік мәні бар екенін атап өтті.

Бәсекеге қабілетті жастар. Форумның екінші күні де жастардың керемет іс-шараларымен жалғасын тапты. М.Хамзин атындағы Мәдениет сарайының алаңында «100 күйдің тарихы» жобасы шеңберінде бір мезгілде 300 оқушы қазақ күйлерін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. 

Сонымен қатар «Денсаулық күні» спорттық алаңдар жұмысы, «Патриоттық әндер» жобасы негізінде «Жастар – Мәңгілік елдің болашағы!» агитбригадасы, «Екі апта ауылда» жобасы бойынша театрландырылған көрініс, «Bookcrossing» жобасының аясында кітап оқуды насихаттауға бағытталған акция өткізілді.

Жобалардың бірнешеуіне қысқаша тоқтала кетсек. «Қоғамға қызмет етемін» әлеуметтік жобасы аясында «Өзіңді көрсет» Арт алаңы (инклюзивті мүмкіндіктер панорамасы) жұмыс жасады. Арт-терапия – өнерге, соның ішінде шығармашылық және бейнелеу қызметіне негізделген психологиялық көмектің арнайы түрі. Ұсынылған ойын формасының негізгі міндеті, өзін-өзі көрсету және өзін тану қабілеті арқылы жеке тұлғаның дамуын үйлестіру. Бұл алаңда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар арт-терапияның әртүрлі түрлері мен әдістерін орындайды: Батика техникасы (матаға сурет салу), музыкалық арт-терапия, құм терапиясы және т. б.

«Reading Time» поэзия сағаты «Зияткерлік мектеп оқушыларына оқуға ұсынылған 100 кітап» жобасы аясында, яғни «оқу уақыты» үштілді оқытуды қолдауға, өз халқының тарихын, мәдениетін зерделеуге және қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әдебиеттерді оқу арқылы басқа да мәдениетке тәрбиелеуге бағытталған. 

«Екі апта ауылда» әлеуметтік тәжірибесі қала мен ауыл арасындағы байланыстың күшеюіне ықпал етеді. Оқушылардың ауыл тұрғындарының тұрмысына енуі, оның ерекшеліктерін зерттеуге көмектеседі, еңбекқорлыққа тәрбиелейді, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына ұқыпты қарауға, мәдени құндылықтарды қалыптастырады, әлеуметтенуге ықпал етеді.

Жоба аясында 4 аймақ киіз үйлер орнатып, оқушылар туыстарымен, туысқандарымен қарым-қатынас жасау үлгісін көрсетті. Себебі, қарым-қатынас және бақылау барысында олар ауылдың өмірін жақсы түсінеді, еңбек дағдыларын алады, тілдерін жетілдіреді, тұрмыстық қиындықтарды жеңу жолдарын меңгереді. Сонымен қатар, бұл жерде оқушылардың қызықты жобалары ұсынылған болатын. Мысалға, Шет ауданынан келген 11 сынып оқушысы Шегебай Аманбол өзінің құрт кептіруге арналған құрылғысымен таныстырды. Бұл құрылғыны өз қолымен екі апта бойы жасаған екен. Оның ерекшелігі – кез-келген ауа-райында құртты ыңғайлы жерде кептіруге мүмкіндік береді, оны жел мен шаңнан қорғайды, ықтимал ылғалдық пен температураны сақтап тұрады. Жас тапқыштың жобасы ауылдастарын қызықтырып, олар да тапсырыс жасап, өз құрылғысын асыға күтіп жүрген көрінеді. 

Ең қызықты және көрнекті алаңдардың бірі – «Шеберлер қаласы» жәрмеңкесі. Бұл жерде үйреншікті моншақ пен жүннен жасалған бұйымдардан басқа, жаңа жобалар көрсетілді. Н.Әбдіров атындағы мектептің технология пәнінің оқытушысы Шөкенов Абзал оқушыларының ерекше жұмыстарын әкелген екен. Бұл – қазақтың ежелгі дәстүрі, шиден тоқылған керемет суреттер. Өнердің бұл түрі оқушылардың шыдамдылығы мен еңбексүйгіштігін тәрбиелейді, дейді Абзал Советұлы. Ата-бабамыздың дәстүрін жалғастырушы жас өрендер еліміздің атын әлемге шығармақ.

Екі күндік шаралар «Ұлы дала мұрагерлері» шығармашылық концертінде қорытындыланды. М.Хамзин атындағы Мәдениет сарайының сахнасында төрт аймақтың үздік ұжымдары өнер көрсетті (Балқаш, Приозерск қалалары, Ақтоғай және Шет аудандары). Шара шымылдығын Струсинкий атындағы үлгілі «Ветерок» би ансамблі түрді.

Кеште «Батырлар» композициясы, «Толқын», «Жалын» билері, театрландырылған көрсетілімдер, «Біржан-Сара» операсынан қойылған үзінді, бүлдіршіндер орындаған басқа да ән-күйлер көрермендердің көңілінен шықты. Балқаш қаласының әкімі Александр Аглиулин, «Назарбаев Зияткерлік Мектептері» ДББҰ тәжірибесін тарату департаментінің директоры Гүлнар Балғабаева, облыстық мәслихат депутаты Айман Түкбай құттықтау сөз сөйлеп, ақжарма тілектерін арнады. Осылайша бес мыңнан аса облыс тұрғындарыны басын қосқан форум мәресіне жетті. Кеш соңында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші және композитор Елена Әбдіхалықова әннен шашу шашты.

Дереккөз: Білімді ел

Translate/Перевести/Аудару