Критериалды бағалау – мүмкіндіктерді іске асырудың тиімді жолы

Бұл тәсіл білім алушылардың өз әрекетін бақылау және бағалай білу, функционалдық сауаттылығын және кең спектрлі дағдыларын қалыптастырудағы оқыту процесінде туындайтын қиындықтардың себептерін анықтау және жоя білу қабілетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Білім алушыларға дер кезінде қолдау көрсету, оқытудағы алға басуын көрсету, оқыту нәтижесі бойынша ата-аналарын хабардар ету  мақсатында әрбір сабақта бағалау элементтерін қолдану ұсынылады. Мұндай бағалау жүйесі балаларды оқуда табысқа жетуге ынталандырады, білімдегі кемшіліктерді анықтауға және олардың жетістіктерін көрнекі түрде көрсетуге бағыттайды. Білім алушы мен мұғалім жеке және бірлесіп, одан әрі даму үшін алдағы іс-әрекеттердің жоспарын әзірлей алады.

Критериалды бағалау технологиясы білім алушылардың жетістіктерін оқу материалын қалай игергенін, практикалық дағды қалай қалыптасқанын анықтауға мүмкіндік беретін, нақты анықталған, алдын ала танылған критерийлермен салыстыруға негізделген. Әрбір білім алушы дайындығының жалпы деңгейіндегі өзгерістерді де, бұрынғы жетістіктерімен салыстырғанда оның жетістіктерінің динамикасын да атап өту маңызды.

Мұғалімге мақсатқа бағытталған белсенділікті, бастамашылықты, мақсатқа жетудегі дербестікті, таңдау жасай білуді, рефлексияға қабілеттілікті, жауапкершілікті ұстану маңызды. Бағалау жүйесі  мұғалім мен ата-аналар арасындағы тығыз байланысты қолдауды және ата-аналармен түсіндірме жұмыстарын жүргізуді қарастырады. Білім алушылардың ата-аналарына жаңа бағалау жүйесінің мақсаты мен негізгі принциптері түсіндіріледі, ата-аналарға арналған практикалық тренинг немесе шеберлік сағаты өткізіледі. Мұғалімнің ауызша бағалауы белгілі бір нәтижелерге қол жеткізу үшін көтермелеумен байланысты болуы керек. Баланың бүгінгі жетістіктерін оның кешегі болған жетістіктерімен салыстыру қажет.

Негативті баға білім алушының ынтасына,  жауапкершілігіне, табандылығына ғана қатысты болуы мүмкін. Мұғалімге қарапайым сөздермен тоқтап қалмай, сөздік бағалау қорын толықтыру қажет. Бұл ретте білім алушының оқу жетістігіне қарап, эмоционалдық қатынасты, білім алушының табыстары бойынша қобалжуы-алаңдауын көрсетуі қажет. «Бүгін сенде кешегіге қарағанда, өте жақсы шықты», «Түсінгеніңе қуаныштымын», «Сенің пікірің қызықты» (болжам, жорамал), «Қандай керемет идея!», «Есептеу өте қиын болды, бірақ сен алғашқы екі іс-әрекеттерді орындап шықтың», «Сен тапсырмалардың жартысын дұрыс орындадың, келесі жолы барлығын өзің жасай аласың», «Сен өте тырыстың және сенде барлығы міндетті түрде орындалады, осылай жалғастыра бер!».

Баланы шын мәнінде не үшін мақтауға болатынын атап өту маңызды, содан кейін жаңа міндет қоюға болады. Білім алушыларға өз мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес белгілі бір дағдыларды дамытуға, сондай-ақ мұғалім білім алушылардың жұмысын объективті бағалауға мүмкіндік беру үшін тапсырмалар әр түрлі және жеткілікті болуы керек.

Қорыта келе, критериалды бағалау – білім алу үдерісіне әділ баға беретін жүйе. Бағалау дұрыс ұйымдастырылған жағдайда  мұғалім олардың іс-әрекеттеріне байланысты түсінік, ұсыныс бере отырып, жүйелі түрде кері байланысты қамтамасыз етеді. Кері байланыс нәтижесінде ұстаздар  оқу үдерісін ұйымдастыруға белсенді қатысады. Мұндай бағалау жаппай тәжірибеде мұғалімнің қалыптастырушы бағалаудың теориялық негіздерін және оны ұйымдастырудың алгоритмін меңгерген кезде ғана жүзеге асады.

Дереккөз: Білімді ел