«№9 ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ОБЛЫСТЫҚ «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ЛИЦЕЙ-ИНТЕРНАТЫ

№9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернаты Сыр бойының қабілетті, дарынды балаларына білім-тәрбие беріп отырған іргелі білім ордасы. Ел тәуелсіздігін алған уақытта ашылған лицей-интернат Қызылорданың дарынды жеткіншектерінің білімін шыңдап республикалық, халықаралық жарыстардан жүлделі орындар иеленуіне зор үлесін қосып келеді.

Лицей-интернат 1993 жылы ашылған. Жаратылыстану – математикалық бағытта білім береді. Математика, физика, биология, химия, информатика пәндері ағылшын тілінде жүргізіледі.

Сыр елі дарынды балаларына сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, ел тәуелсіздігімен бірге жасасып келе жатқан лицей-интернатта барлығы 28 жоғары білімді педагог қызмет істейді. «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын іске асыру мақсатында шетелдік азаматтарды еңбекке тарту бағдарламасына сәйкес Астана «Best way language centre» ЖШС мекемесімен келісім шарт негізінде Нигерия Республикасынан келген азамат лицей-интернатта ағылшын тілі пәнінен дәріс беруде.

– жоғарғы білімді мұғалім саны – 28

– магистр мұғалім – 14

– жоғары санатты – 12 мұғалім

– І санатты – 9 мұғалім

– ІІ санатта – 4 мұғалім

– Педагогикалық шеберлік орталығының деңгейлік бағдарлама негізіндегі курсы – 15

– Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасы» – 8

– Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Алғыс хаты» – 6

– «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының «Құрмет грамотасы» – 8

– Жастардың Гумбольд сыйлығының иегері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев атындағы конкурстың математика саласында үздік жетістік көрсеткен жастарға арналған 100000 теңге сыйлық иегері – 3 мұғалім.

– Облыс әкімінің арнайы сыйақысы (1 млн. теңге) – 2

– Облыс әкімінің «Алғыс хаты» – 8

– Қызылорда облысы Білім басқармасының «Алғыс хаты» – 9

Назарбаев зияткерлік мектептері базасында деңгейлік біліктілік арттыру курстарынан өткен мұғалімдер ұстаздар ұжымын жаңа технология жаңалықтарымен үнемі хабардар етіп, деңгейлік курстар, коучинг сабақтар өткізіп білім деңгейін арттыруға үлес қосуда.

Мұғалімдердің 50% 3-4 тіл меңгерген, 100% ақпараттық технологияны еркін қолданады. Лицей-интернаттың барлық мұғалімдері жыл сайын біліктілік арттыру курстарынан өткізіледі. Мұғалімдер арасында Кэмбридж бағдарламасы бойынша шет елде және еліміздегі “Өрлеу” Республикалық біліктілік арттыру курстарынан өткен ұстаздар еңбек етеді.

Лицей-интернат ұжымы білім беруде жоғары сапаға қол жеткізіп, үлгілі педагогикалық шеберлік, шығармашылық ізденіс үстінде шәкірттерге оқу-тәрбие беруде аянбай еңбек ете береді.

Сынып-комплект саны – 10, 230 оқушы білім алуда. Лицей-интернаттың педагогикалық ұжымының жұмыс нәтижесінде оқушылардың айтарлықтай жетістіктері байқалады.

Лицей-интернат ойы ұшқыр, логикалық және шығармашылық ойлау қабілеті жоғары, қазіргі заман талабына сай, өз елін сүйетін патриот азаматтарды тәрбиелеуде. Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің мәліметі бойынша Республиканың 7432 мектебінің арасынан 2010-2016 жылдар аралығында Математикадан Халықаралық және қашықтық олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындарға және мақтау грамоталарына ие болған және ҰБТ сынағы бойынша математикадан үздік оқушылардың рейтінгісі анықталды. Осы тізімнің ішінен үздік жетістіктерімен көрінген 30 мектеп таңдап алынды. Қызылорда облысы бойынша «№9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернаты» 13-орынды иеленіп, білім ордасының мәртебесі биіктен көрінді.

Лицей оқушылары олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарынан зор жетістіктерге жетіп, «Облыстың олимпиадашы мектебі» атағын жыл сайын жаңартып келеді.

2016-2017 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық пәндік олимпиададан 30 оқушы жеңімпаз атанды, соның ішінде 9 оқушы – І орын «Алтын медаль», 9 оқушы – ІІ орын «Күміс медаль», 12 оқушы – ІІІ орын «Қола медаль» иегері атанды.

12-18 ақпан аралығында Алматы қаласында өткізілген ХІІІ Халықаралық Жәутіков олимпиадасына 11 сынып оқушысы Анарбай Қуаныш ІІІ орын «Қола медаль» иегері атанды. 10 сынып оқушысы Сейтқали Ұлан қатысушы сертификатына ие болды.

17-19 ақпан күндері оқушылар арасында өткізілген “Kazakhstan Robotics Challenge-2017” атты Республикалық Робототехника сайысында 10 сынып оқушылары Кеңес Нұрдәулет пен Қалдыбек Әділетәли көрсеткен ерекше өнертапқыштығы мен конструкторлық идеясы үшін жүлделі ІІ орынмен марапатталды

5-9 сәуір аралығында Байқоңыр қаласында өткізілген ХІІІ Халықаралық “Ғылым әлемін ашамыз” ғарыштық зерттеулер жарысында 11 сынып оқушысы Сейтжаппар Азамат ІІІ орын “Қола медаль” иегері атанды.

Жоғары сыныптар арасында экономикадан республикалық турнирдің облыстық кезеңінде 11 сынып оқушылары Жұматай Әсет – ІІ орын «Күміс медаль», Аблазимов Нұртілеу – ІІІ орын «Қола медаль» иеленді.

13-16 сәуір аралығында өткізілген әлемнің әр елінен келген 300-ден аса қатысушы өз өнерлерін көрсеткен Халықаралық “INFOMATRIX” компьютерлік жобалар сайысында 10 сынып оқушылары Сауранбай Ақылжан мен Қалдыбек Әділетәлі ІІІ орын «Қола медаль» иеленді.

7-8 сынып оқушыларына арналған Қ.Игенбаев атындағы математика пәнінен облыстық олимпиадасына лицей-интернаттың 8 оқушысы қатысып, 2 оқушы – Ерғазы Әлібек, Атымтай Нұрсұлтан І орын “Алтын медаль”, 3 оқушы Тұрар Досжан, Рысбай Саят, Шалауов Түркістанбай ІІ орын “Күміс медаль”,1 оқушы – Шамсутдин Дархан ІІІ орын “Қола медальмен” марапатталды.

13-18 наурыз аралығында Павлодар қаласында өткізілген жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық пәндік олимпиададан 11 оқушы жеңімпаз атанды: 11 сынып оқушылары Анарбай Қуаныш пен Тілек Али – ІІ орын «Күміс медаль», 11 сынып оқушысы Каимов Санжар, 10 сынып оқушылары Пірманов Арман, Сейтқали Ұлан, Төлебай Самат, 9 сынып оқушылары Минас Дулат, Орынбай Сұлтан, Сейілханов Нұрдәулет, Шарип Дамир ІІІ орын «Қола медаль» иеленсе, 9 сынып оқушысы Ізнат Нұркелді «Мақтау грамотасының» иегері атанды.

16 наурызында өткен «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының облыстық кезеңінде «Тілші әдебиетші» конкурсы бойынша 10 сынып оқушысы Нұрғали Бағдат ІІІ орын, «Әнші-бұлбұлдар» конкурсы бойынша 7 сынып оқушысы Оразалы Сырым ІІІ орын иеленді.

13-14 наурыз аралығында Алматы қаласында өткізілген ХХІХ Халықаралық Азия-Тынық мұхиты математика олимпиадасы және ХVI “Жібек жолы” математика олимпиадасында 9 сынып оқушылары Сейлханов Нұрдәулет пен Орынбай Сұлтан, 10 сынып оқушылары Кушкинбаев Темірлан мен Төлебай Самат қатысушы сертификатына ие болды.

15 наурызда өткізілген «Ұлы Дала Елі» тақырыбында облыстық шығармалар байқауында 8 сынып оқушысы Жолдасбеков Ұлтқанат ІІІ орын иеленді.

2016-2017 оқу жылында «ЭКСПО – 2017 – Болашақ энергиясы» тақырыбындағы сырттай эссе байқауының облыстық кезеңінде 8 сынып оқушысы Болатбекұлы Шерхан ІІ орынмен марапатталса, «ЭКСПО тарихы» тақырыбындағы сайыста Жұмабеков Абылайхан, Нұрғалиев Бағдат, Өмірбай Айсұлтан «Жаңалықтың жаршысы» номинациясымен марапатталды.

Мемлекет жас ұрпақтың шығармашылық, зияткерлік әлеуетін анықтау және қолдау арқылы қамқорлық жасайды. Білім берудің жаңа қазақстандық үлгісін құру жағдайында еліміздің болашағын зиялы ұрпақ етіп тәрбиелеу – үштілді оқыту – заман талабы. Үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі. Бүгінде жоғары сыныптарда және жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшу міндеті қойылып отыр. Сонымен қатар педагог маманның кәсіби шеберлігіне, білім өрісіне зиялылық және танымдық деңгейіне өмірдің өзі биік талаптар қоюда. Ағылшын тілін ғылыми ақпарат және жаһандану экономикасына сәтті кірігу тілі ретінде оқу үдерісіне енгізуге бағытталған білім реформаларының мемлекеттік деңгейде талқыланып, жалпыға міндетті оқу аясында қарастырылуы көңіл қуантады. 5 пәнді ағылшын тілінде алғаш эксперименттік мектеп ретінде бастап,қазіргі таңда білімді де білікті маман даярлап отырған инновациялық лицей деңгейіне жеткен білім ордасы ретінде жаратылыстану ғылым негіздерін шәкірттерге ағылшын тілінде үйрету аса маңызы зор игілікті іс екеніне назар аударылады. Еліміздің сан-салалы өндіріс орындары мен алдыңғы қатарлы кәсіби орындарда лайықты маман ретінде қызмет атқарып жүрген лицей түлектерінің осы бағдарлама бойынша алған сапалы білімдерінің нәтижелілігі қазір өз бағасын беріп,дәлелденіп отыр. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 79- қадамындағы мәселе бойынша «Үш тілде білім беруді ілгерілету жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес № 9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатында 2016 жылдың ІV тоқсанында біршама жұмыстар атқарылды. Қыркүйек айының 5 жұлдызында «Тереңдетіп оқыту таңдау курстарының мазмұны мен құрылымына қойылатын талаптар» тақырыбында семинар өткізілді. Семинарға Қызылорда қаласындағы инновациялық мектептердің директорлары мен оқу ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Семинар барысында үш тілде білім беруді ілгерілету іс- шаралар жоспарына сәйкес инновациялық мектептерінің желілік қауымдастықтары құрылып, үштілділік бағдарламасын жүзеге асыруға бағыт-бағдар жасалды. Лицей-интернатқа 9 мектеп – лицей магниттік мектеп ретінде бекітіліп берілді. Бекітілген мектептерге әдістемелік көмектер көрсетіліп, лицей-интернат мұғалімдері қараша айының 15 жұлдызынан бастап қаладағы №1, №15, №23, №9 мектептерге математика пәнінен 3 мұғалім, химия пәнінен 1, биология пәнінен 1 мұғалім ағылшын тілінде қосымша таңдау пәндерінен дәрістер беруде.

№9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатында қазан айының 8 жұлдызында Қызылорда облыстық оқу орталығының ұйымдастыруымен, Облыстық басқарма басшысы Б.Ә. Сайлыбаевтың қатысуымен лицейіміздің педагогтарының іс-тәжірибесін инновациялық білім беру ұйымдарына насихаттау мақсатында, «Ашық есік» күні өтті.

Негізгі ұстанған мақсаты: Жоғары сыныптар мен ЖОО-да ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу. Ашық есік күніне келуші ұстаздар жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерден сабақтарға қатысып, мұғалімдердің жаңашылдығы мен шеберлігін тамашалады. Атап айтар болсақ, биология пәнінен – Абдурафиков Рүстем, физика пәнінен- Шаймардан Біржан, химия пәнінен – Рахманов Ұлан секілді ұстаздардың ағылшын тіліндегі сабақтары көпшіліктің көңілінен шыға білді. Сонымен қатар, қатысушылар оқушылардың пән мұғалімдермен ағылшын тілінде өз ойларын еркін айта отырып, пікірлерімен де бөлісе алғандығы – ерекше болды-деп, бағалады.

Лицей-интернатта 2016 жыл 26 қарашасы күні ұлт жоспарында алға тартылған үш тілде білім беру саясатын ілгерілетуге арналған «Тіл-ел байлығы» атты қазақ, ағылшын, орыс, түрік тілдерінде оқушыларға полиглот сайысы өткізілді. Сайыста оқушыларды көп тілді игеруге деген ынта-ықыласы мен икем, дағдылары сыналды. Сонымен қатар 2016 жылдың 26 қарашасында «Кім жылдам» спринт білім сайысы өткізілді. Сайыста қазақ, ағылшын, орыс тілдеріндегі оқушылардың логикалық ойлау ұшқырлығы байқалып, нәтижесінде оқушылардың тіл үйренуге деген құштарлығы мен белсендігі артты.Лицей-интернаттың оқушылары қазақ тілі, орыс тілі пәндерінен олимпиадаларға қатысып, өздерінің тіл үйренуге деген білім дағдысын сынады. Ы.Алтынсариннің 175 жылдық мерейтойына арналған «Ұшталған қалам» атты Республикалық қашықтықтан өткізілген конкурста 11 сынып оқушысы Нұрғали Бағдат жүлделі І орынды жеңіп алды. Ал орыс тілінен Халықаралық лингвистикалық олимпиаданың ІІ турына қатысқан 10 сынып оқушысы Полухин Антон жүлделі ІІІ орын алды.

Лицей-интернат ұстаздары қаладағы инновациялық мектептер мен М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжбен тығыз байланыс орнатқан. Жаратылыстану-математикалық пәндерден ағылшын тілінде сабақ беру мәселесі бойынша мектептерде мұғалімдер қосымша сабақ өткізсе, М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледж студенттерін лицей-интернатта тәжірибе жинақтаудан өткізу екі жылдан бері тұрақты жүргізіліп келеді. Мұғалімдер Мандибаев Айдар мен Утепов Нұрлан математика және физика пәндерінен “Білім алушының функционалдық сауаттылығын дамыту” түрінен тәжірибе жинақтаудан келген студенттерге “шеберлік сыныптарын” қалай ұйымдастырудың қыр-сырын түсіндірді. Нәтижесінде студенттер ашық сабақтар өткізіп, оқушылардың ризашылығына бөленді

Лицей-интернатта «Робототехника» саласын дамыту жолға қойылған. Факультатив ретінде 7 сағат «Робототехника» сабағын лицей-интернаттың информатика пәні мұғалімі Алдаберген Досжан жүргізеді. Бұл саланың дамуына оқушылардың қызығушылығы зор және айтарлықтай жетістіктерге ие.

Лицей-интернаттың 10 сынып оқушылары Қоныс Райхан мен Жұматай Азамат “Kazakhstan Robotics Challenge 2017” атты Республикалық Робототехника сайында көрсеткен ерекше өнертапқыштығы мен конструкторлық идеясы үшін 120000теңге қаржылай сыйақымен марапатталды.

Лицей-интернаттың 10 сынып оқушылары Кеңес Нұрдәулет пен Қалдыбек Әділетәли 2017 жылдың 17-19 ақпан күндері оқушылар арасында өткен “Kazakhstan Robotics Challenge 2017” атты Республикалық Робототехника сайында көрсеткен ерекше өнертапқыштығы мен конструкторлық идеясы үшін жүлделі ІІ орынмен марапатталды.

29 сәуірде Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен «Республикалық робототехника олимпиадасы – WRO-2017» облыстық кезеңінен 10 сынып оқушысы Қалдыбек Әділетали ІІ орын, 13 мамырда Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында «Қазроботикс» қазақстандық білім беру және спорттық робототехника федерациясының ұйымдастыруымен өткізілген «KazRoboSport-2017», «KazRoboProject-2017» чемпионатының облыстық кезеңінде ІІ орын «Күміс медаль» иегері атанды. Сонымен қатар Назарбаев инетеллектуалды мектебінің химия – биология бағытындағы аймақтық Республикалық робототехника WRO-2016 олимпиадасының ІІІ орын иеленді.

«№9 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация лицей-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі облыс мектептерінің арасында үлкен мәртебеге ие. Лицей-интернаттың барлық оқу-тәрбие жұмысы оқушының жан-жақты, көптілді тұлға болып дамуына бағытталған. Педагогикалық ұжымның оқу үдерісінде ақпараттық технологияларды игеру жұмысын жүргізу жүйелі жолға қойылған.

Лицей-интернат ұжымы Сыр бойының ертеңгі ел тұтқасын ұстар жан-жақты, дарынды балаларын білім шыңына жетелеуде аянбай еңбек ете береді. Талабы таудай, қабілет-қарымы мол, ізденімпаз жастар көбейіп, адамзат игілігіне үлес қосып жатса, олар ұлтымыз үшін мақтаныш, еліміз үшін абырой бола бермек.