Сейсекеева Ақалтын,
Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға
арналған №4 облыстық мектеп –
интернатының экономика – география
пәнінің мұғалімі
Қазақстанның жалпы білім беретін мектептерінде заман талабына сай 2004 жылдан бастап, «Экономика негіздері және қаржылық сауаттылық» пәні 5-11 сыныптар арасында жүргізіліп келеді.
Осы пәннің жалғасы ретінде 2019 жылы «кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні мектеп бағдарламасына енеді. Жастарды жұмыссыздықтан арылтудың бір жолы – кәсіпкерлік саласы. Бұл бастама жастардың өз-өзін еңбекпен қамтуына мүмкіндік бермек.
Ия, нарықтық экономика біздің бәрімізге қатал талап қойып отыр. Бұрынғы асықпай жүретін алаңсыз кезеңдер өтіп-ақ кетті. Әр адам өмір сүруі үшін, осы нарықтық қатынастардың қатал заңымен жүріп, одан нақты әрі нәтижелі істі қажет етеді. Ендігі уақыт адамның бос жүрісі мен енжар жалқаулығын көтермейді. Қазірде әр адам өмірдің сан қыры жағынан да бәсекеге қабілетті болып, сынақтардан мүдірмей өте білуі керек. Ал бәсекеде жеңе білу, ол үлкен еңбекпен, нәтижелі біліммен, шыдамдылықпен, табандылықпен, төзімділікпен келеді.
Экономиканың басты бейнесі – адам болып табылады. Балаларды жастайынан қаржылық сауаттылыққа тәрбиелеу шет елдерде балабақшадан бастау алады десек, осы экономикалық білім саласында адам өмірден өз орнын табуға, шешім қабылдауға, әл-ауқатын жақсартуға жағдай жасауға бағытталып отырады екен. Экономика мен қаржылық сауаттылықты білу арқылы адамның жеке тұлғасы дамиды.
Еліміздегі экономика пәнінің мақсаты – жастарды болашақта лайықты өмір деңгейіне көтерілу үшін бизнес пен экономикаға үйрету, жеке кәсіпкерлікті бағалауға ынталандыру мен нарықты зерттеу, кәсіпкерліктің алғашқы баспалдағын үйрету болып табылады.
Балалардың лидерлік қабілетін дамытуға, іскерлікке, белсенділікке, жауапкершілікке, еңбексүйгіштікке, орындаушылыққа, үнемшілдікке, тәртіптілікке, өз қаражатын білуіне немесе қаржылық есепті меңгеру ісінде сауаттылығын дамытып, үш тілде еркін сөйлей білуге де пайдасы зор.
Экономикалық тәрбие, экономикалық сана, экономикалық ойлау ұғымдарымен тікелей байланысты.
Экономикалық сана: ағартушылық, тәрбиелік, ұйымдастырушылық, эстетикалық, болжамдық қызметтерді атқарады.
Экономикалық тәрбие – бұл оқушының экономикалық санасын қалыптастыруға бағытталған арнайы ұйымдастырылған педагогикалық әрекет.
Экономикалық білім – бүгінгі таңдағы оқушылардың экономикалық мәдениеті мен экономикалық ойлауын дамытуға қажетті білімдердің ерекше жаңа аймағы. Ол жастардың болашақтағы мамандығына керекті біліктілікке баулитын негізгі шарт болып табылады. Бұл пән мектептегі басқа пәндермен бірдей құқыққа ие болды, себебі бүгінгі таңда жастарға қажетті кейбір білім мен дағдыларда, мысалы, кәсіпкерлік пен қаржыны басқара білуді тек экономика пәні ғана оқытады. Басқа ешбір пән айналадағы болып жатқан өзгерістердің экономикалық мәнін балаларға ұғындырып, оларды тиімді экономикалық шешімдерді қабылдауға үйрете алмайды. Өз әрекеттеріне жауаптылықпен қарап, экономикалық категориямен ойлап, өз елінің және тағдырының шын қожасы болуға да экономика пәні оқытады. Мектепте экономикалық білім алған балалар өмірде үнемі туындап отыратын экономикалық проблемаларға түсіністікпен қарап, оларды шешуге дайын болуы керек. Бұл бағыт ашық қоғамда өмір сүретін біздің балаларымыздың шетелдік құрдастары білім алатын заманауи мектептерінің концепциясына сай келеді.
Оқытудың белсенді әдістері:
– Іскерлік ойындар;
– Рөлдік ойындар;
– «Газет» әдісі;
– Зерттеу әдісі;
– Жобалық әдіс;
– Шағын топтардағы жұмыс;
– «Өрнек» әдісі;
– «Коллаж» әдісі;
– Кейс стади т.б.
Оқыту жабдықтары:
Ақпараттың мультимедиялық көрінісі;
Анықтама – ақпараттық әдебиет;
Интерактивтік оқулықтар;
Тест генераторы.
Қазақстанда экономика сабағына бірнеше жылдардан бері АҚШ-тан бастау алатын «Джуниор Эчивмент Қазақстан» қоғамдық қоры өз демеушілігін көрсетіп келеді. Жыл сайын оқушылар мен мұғалімдерге «экономикалық ауысым», «семинар-тренингтер» ұйымдастырып, жаңа теориялық білім мен практиканы қатар жүргізіп келеді. «Титан», «Банки в действии», «Монополия» сияқты халықаралық іскерлік ойындар үйретіліп, республика көлеміндегі озық тәжірибелі ұстаздардың сабақтарына қатыса отырып, тәжірибе алмасады.
Сонымен қатар, жыл сайын экономикадан оқушылардың республикалық турнирі де үзбей жүргізіліп келеді.
Турнирдің ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және «Джуниор Эчивмент Қазақстан» қоғамдық қоры. Турнир шығармашылық ынтымақтастық туралы келісім-шарттар негізінде бірқатар отандық және шетелдік партнер – жоғары оқу орындарының, демеушілердің қолдауымен өткізіледі.
Турнир ережесі Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңына, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес әзірленеді.
Экономикалық турнирдің негізгі мақсаттары:
– экономика негізін ғылым ретінде игеруге қызығушылық білдірген дарынды оқушыларды анықтау, оларды қолдау және дамыту;
– экономика саласында дарынды балаларға алғашқы кәсіби білім беру дайындығын жүргізу;
– оқушылар арасында экономикалық білімді насихаттау.
Экономикалық турнирдің міндеттері:
– экономика саласында дарынды балаларды қолдауға қолайлы жағдай жасау;
– оқушылардың экономикалық білім негіздерін үйренуге қызығушылығын арттыру, теориялық білімдері мен практикалық тәжірибесін тереңдету;
– жаңа ақпараттық технология және компьютерлік модельдеуді қолдану аясындағы бағдарламалық дағдыны дамыту;
– партнер – жоғары оқу орындарының экономикалық факультеттеріне тарту мақсатында оқушыларға кәсіби өзін-өзі табуға бағдар беру.
Турнир екі кезеңде өткізіледі:
1 кезең – аймақтық;
2 кезең – республикалық.
Іріктеу кезең екі турда өткізіледі.
Турнирдің қорытынды кезеңі 3 турда өткізіледі:
1 тур – теориялық;
2 тур – практикалық;
3 тур – шығармашылық.
Осы орайда, экономика пәнінің мұғалімдері 10-11 сынып оқушыларын турнирге дайындап, оқушылары облыстық кезеңнен өтіп, республикадан жүлделі орындар иеленуде.
Қызылорда қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығы мен табысты инновациялық мектептермен өзара тәжірибе алмасу, оқу-тәрбие үдерісіндегі өзекті мәселерді бірлесіп шешу, кәсіби қауымдастықты жетілдіру мен желілік қауымдастықты дамыту мақсатында облысымызда «Дарын» орталығы арқылы мектептегі экономика пәнінің мұғалімдеріне арналған кездесулер, семинарлар, сұхбаттасу кезеңдері ұйымдастырылып келеді.
Осы орайда, Қызылорда облысы бойынша бірнеше озық үлгілі, тәжірибелі, марапаттауларға ие ұстаздар қауымын да атап айтуға болады. Олар: №9 мектеп-гимназиясының экономика пәнінің мұғалімі Шайхсламова Сәуле, №173 мектептің экономика пәнінің мұғалімі Рысбаева Қалбибі, №257 мектептің экономика пәнінің мұғалімі Тастыбаева Баян, Сырдария ауданындағы №35 мектептің экономика пәнінің мұғалімі Сағымбаева Ләйлә, №3 мектеп-лицейінің экономика пәнінің мұғалімі Қайып Сәуле бірнеше жылдардан бері осы салада аянбай еңбек етіп, оқушыларын мектеп қабырғасынан бастап бизнес пен экономиканың алғашқы баспалдағына үйретіп келеді.
Өзімнің педагогикалық еңбек жолыма тоқтала кететін болсам, 2015 – 2018 оқу жылдар аралығында экономикалық турнирлерге қатысушы 10-11 сынып оқушылары нәтижелі орындар алып, І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Олар: облыстық – 10 оқушы (І орын – 1 оқушы; ІІ орын – 3 оқушы; ІІІ орын – 6 оқушы) болып, 3 оқушы республикалық кезеңге жолдама алды. 2017 жылдың нәтижесінде, Астана қаласында өткізілген республикалық кезеңде 11 сынып оқушысы Әбдінәби Ақмарал «титан» халықаралық бағдарламасы бойынша жеңімпаз болып, қазірде осы турнирдің жалғасы ретінде жеке конкурспен оқу грантын алып, Түркия мемлекеті, Бурса қаласындағы Мемлекеттік Университетінде экономика мамандығы бойынша білім алуда.
Сіздерге, мектепішілік, облыстық, республикалық кезеңге оқушыларды дайындау барысындағы өз жоспарымды ұсынғым келеді.
Экономикалық турнирге дайындық барысында:
1. Тақырыптық жоспар аясында оқушыларға мәліметтер беріліп, ой-түсінік қалыптастырады.
2. Оқушыларға 5-11 сыныпқа арналған экономика оқулығындағы есептердің шығарылу жолдары түсіндіріледі. Есептер белгілі бір формулаға қойылып, графиктер мен мысалдар арқылы есептеледі. Экономикалық есептер – жалпы ұлттық өнім (ЖҰӨ), жалпы ішкі өнім (ЖІӨ), ұлттық табыс (ҰТ), таза ұлттық өнім (ТҰӨ), қаржы, валюта, өнім түрі, сауда, пайда, шығын, түсім, статистикалық деректер т.б. түрінде беріледі.
3. Сабақ барысында оқушыларға сәйкестендіру тесті мен теориялық негізде тесттер беруге де болады.
4. «Титан» интернет арқылы жұмыс жасалатын халықаралық экономикалық іскерлік ойыны таныстырылып, насихатталады.
Бүгінде жаңартылған жаңаша оқуда жаңалықты жатырқамай, тек қана алға жүруіміз керек! Себебі, беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін темірқазықтар бар. Ол – білім! Ол – еңбек!
(Н.Назарбаев сөзі)