1. Жалпы ережелер
1. Осы Жаратылыстану-математика циклы пәндері бойынша Президенттік олимпиаданы (бұдан әрі – Президенттік олимпиада) өткізу қағидаларын анықтайды, Президенттік олимпиадаға қатысу және жеңімпаздарды өткізіу тәртібін белгілейді.
2. Президенттік олимпиада Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) өткізетін жыл сайынғы іс-шара болып табылады.
3. Президенттік олимпиаданың мақсаттары мен міндеттері:
1) орта білім беру ұйымдарының оқушылары арасында математика, физика, химия және биологиядан дарынды оқушыларды анықтау үшін кәсіптік бағдар мен болашақтағы интеллектуалдық дамуына қолайлы жағдай жасау;
2) жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқутуда оқушылардың қызығушылығын арттыру, теориялық білімдері мен дағдыларын тереңдету;
3) тұлғаның өзін-өзі жетілдіруіне және дамытуына жағдай жасау.
2. Президенттік олимпиаданы ұйымдастыру және өткізу тәртібі
4. Президенттік олимпиада жыл сайын үш кезеңде өткізіледі:
1) бірінші кезең – өңірлік – 1 қарашаға дейін;
2) екінші кезең – іріктеу кезеңі, 2 турда өткізіледі:
1-тур – қашықтық – жыл сайын 15 қарашаға дейін;
2-тур – шығармашылық, қашықтық тур өткізілген күні эссе жазу (1 беттен аспайды, 45 минут);
3) үшінші (қорытынды) кезең – республикалық (желтоқсанның бірінші онкүндігі).
Президенттік олимпиаданың әр қатысушысы барлық кезеңде тапсырмаларды төрт пәннен орындайды: математика, физика, химия және биология.
5. Президенттік олимпиаданың барлық кезеңдерін тапсырмалармен қамтамасыз етуді дарынды балалармен жұмыс жүргізу саласындағы ұйым – “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығы жүзеге асырады (бұдан әрі – “Дарын” РҒПО).
6. Президенттік олимпиаданың өңірлік кезеңін облыстық, Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары, республикалық білім беру ұйымдары (бұдан әрі – РБҰ) және “Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымдары (бұдан әрі – “НЗМ” ДББҰ) өткізеді.
7. Президенттік олимпиаданың іріктеу кезеңі Интерактивті студия желісі арқылы республиканың барлық өңірлерінде бір уақытта өткізіледі.
8. Президенттік олимпиаданың іріктеу және республикалық кезеңі Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес (бұдан әрі – Министрдің бұйрығы) “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығымен өткізіледі
3. Президенттік олимпиадаға қатысушылар
9. Президенттік олимпиадаға бұрын-соңды республикалық және халықаралық пән олимпиадаларына қатыспаған республиканың білім беру ұйымдарының 11-сынып оқушылары қатысады.
10. Іріктеу кезеңіне әр облыс, Астана және Алматы қалалары, “НЗМ” ДББҰ Президенттік олимпиаданың өңірлік кезеңінің қорытындысына сәйкес құрамы 20 адамнан тұратын командалар ұсынады (әр пәнге 5 қатысушыдан), РБҰ – әр пән бойынша 2 қатысушыдан аспайды.
11. Республикалық ұйымдастыру комитетінің (бұдан әрі – ұйымдастыру комитеті) іріктеу кезеңінің 2 тур нәтижелері бойынша Президенттік олимпиаданың үшінші (қорытынды) кезеңіне қатысушылардың тізімін бекітеді.
4. Президенттік олимпиаданың қазылар алқасы және ұйымдастыру комитеті
12. Ұйымдастыру комитетінің құрамы Министрдің бұйрығымен бекітіледі.
Ұйымдастыру комитетінің құрамына Министрліктің, Министрлікке ведомстволық бағынысты ұйымдардың, білім беруді басқару органдарының, Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының ректорлар кеңесі өкілдері кіреді.
13. Ұйымдастыру комитетінің қызметі:
1) Президенттік олимпиаданы дайындау мен өткізудегі тікелей басшылық – ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстарын қамтамасыз ету;
2) Президенттік олимпиаданың қазылар алқасын және академиялық тобының құрамын бекіту;
3) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министріне Президенттік олимпиаданың қорытындылары бойынша ақпарат беру.
14. Президенттік олимпиаданың қазылар алқасы төрағадан, мүшелерінен және хатшыдан тұрады. Қазылар алқасының құрамына алдыңғы қатардағы отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдары, бұрынғы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары енеді.
15. Президенттік олимпиаданың қазылар алқасы:
1) Президенттік олимпиадаға қатысушылардың жазбаша жұмыстарын тексереді, олардың нәтижелерін бағалайды;
2) ұйымдастыру комитетіне жүлдегерлер мен жеңімпаздарды марапаттау жөніндегі ұсыныстар жасайды;
3) Президенттік олимпиада қатысушыларының орындаған жұмыстарына талдау жүргізеді.
5. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау
16. Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңінің барлық қатысушыларына осы бұйрыққа қоса беріліп отырған формасы бойынша сертификаттар тапсырылады.
17. Президенттік олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері әр пән бойынша Министірліктің дипломдармен марапатталады. Жеңімпаздар саны қатысушылар санының 25%-ын құрайды. Олимпиаданың қорытынды кезеңінде І, II және III дәрежелі дипломдар саны мына үйлесімділікпен анықталады: III дәрежелі дипломдармен жеңімпаздардың 50 %-ы, II дәрежелі дипломдармен 30 %-ы, І дәрежелі дипломдармен 20 %-ы марапатталады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар бір пәннен жазылады (олардың белгілі бір пәннен неғұрлым көбірек жинаған балының санына сәйкес).