2018 жылғы 28 ақпан күні “Дарын” облыстық қосымша білім беру орталығы базасында республикалық Мұқағали Мақатаев оқуларының облыстық кезеңі өткізілді.
Мақатаев оқуларының негізгі мақсаты мен міндеттері: республиканың жалпы білім беретін оқу орындарының оқушылары арасында М.Мақатаевтың шығармаларын насихаттау. Оқушылардың поэзияға деген құштарлығын арттыру, өлең сөзінің құдіреті мен қуатын жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білуге үйрету. Өз ой-пікірлерін ғылыми тұрғыда жеткізе білуін дамыту. Сонымен қатар, жас ақындарға әлеуметтік-рухани қолдау көрсетіп, олармен шығармашылық жұмыс түрлерін жандандыру. Жас буынның тарихи танымдарын, демократияға және азаматтыққа бағдарланған дүниетанымдары мен сана-сезімдерін, өмірге көзқарасын қалыптастыру.
Мүшәйра төмендегідей 7 айдарды қамтиды:
– Айтып өткен ақында арман бар ма? Бұл айдарда оқушылар М.Мақатевтың шығармашылығынан жатқа білетін өлеңдерінің тізбесін (поэмадан басқа) әкеліп алдын – ала әділ-қазыларға ұсынды. Ұсынылған тізбеден әділ-қазылардың нұсқауымен кез-келген 2-3 өлеңді жатқа оқыды. Қатысушылардың жатқа білетін өлеңдерінің санына және мәнерлеп, көркемдеп оқылуы бағаланды.
– Көкірегімде жыр сәулесі маздайды. Бұл айдарда қатысушылар өз шығармашылығынан жинақ ұсынып, өзі қалаған бір туындысын жатқа оқды. Мұнда ойының көркемдігі, ойлылығы, тақырыптың ашылуы, оқу мәнері ескерілді.
– Жыр эстафетасы айдарында- үміткерлерге «Райымбек, Райымбек», «Алтай-Атырау» поэмалары жеребе түрінде таңдатылып, өзіне берілген 2 поэманың біреуін жатқа оқыды.
– Жырлайды жүрек айдары- оқушылардың табиғи дарындылықтарын айқындауға негіз болды. Мұнда оқушылар берілген тақырыпқа 5 минуттың ішінде өлең құрап, тұжырымды, түйінді жыр шумағын туғызуға тырысты.
– Сыр сандықты ашып қара,Ашып қара сырласым. Бұл айдарда қатысушылар конвертте берілген Мұқағали өлеңдерінің шумақтары бойынша тақырыптың мазмұны мен идеясын ашуға тырысты. Мұнда әділ-қазылар алқасы оқушының шешендігін, ой жүйелілігін, ұтымды жауабын ескерді.
– Мұқағали мұрасын кім көп біледі? айдары – оқушылардың Мұқағали Мақатаевтың өмір-дастанын жеткілікті білетіндігін сынады. Бұл кезеңде қатысушыға 10 сұрақ беріліп, ұтымды жауаптары бағаланды.
– Ақын мұражайына менің үлесім айдарына оқушылар әр түрлі көркемдік заттарын әкеліп таңдандырды.
Мүшайраның облыстық кезеңінің нәтижесі бойынша 3 оқушы білім басқармасының І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталды.
І дәрежелі диплом иегері:
– Нұрқасым Әдемі – Қармақшы ауданы, №274 мектеп, 11 сынып
ІІ дәрежелі диплом иегері:
– Еркінбаев Дарын – Қызылорда қаласы, “Мұрагер” мектебі, 10 сынып
ІІІ дәрежелі диплом иегері:
– Әбілқасым Ақбота – Жалағаш ауданы, №38 мектеп, 7 сынып
2018 жылғы 14-17 наурыз аралығында Мұқағали Мақатаевтың туған жері Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында өткен республикалық Мұқағали Мақатаев оқуларының қорытынды кезеңіне қатысқан Қармақшы ауданы, №274 мектептің 11 сынып оқушысы Нұрқасым Әдемі жүлделі ІІ орын иегері атанып, қаржылай сыйлыққа ие болды.