Робот құрастыру, стартап-жобаларды жүзеге асыру, 3D форматында сурет салу, анимациялық мультфильм түсіру секілді сандық технологияға негізделген дүниелерді балалар өздері жасап жатыр.
Орталықта 12 түрлі үйірме жұмыс істейді. Бұл Nur Otan партиясының «Балаларға арналған тегін ІТ сыныптар» жобасы негізінде жүзеге асырылып отыр. Балалардың, жастардың шығармашылығын шыңдау үшін барлық жағдай жасалған.
Алтынай Төлегенова, Қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары:
– Спорттық робототехника, LEGO құрастыру, DVOREC TV, мүсін өнері және де архитектуралық 3D дизайн, макетті модельдеу, 3D бейнелеу студиясы жұмыс жасап жатыр.
Әлиханға кішкентай кезінен LEGO құрастыру ұнайтын. Өсе келе түрлі программалар арқылы істеген роботтарына жан бітіруді мақсат етті. Соның нәтижесі мынау – кез келген жерде, кез келген жағдайда жүре алатын, яғни ешқандай күй талғамайтын машина. Оны Әлихан бірнеше ай құрастырды.
Әлихан Асқар, оқушы:
– Мынау температурасы, неше пайыз жүргенін айтады. Қазір неше градус екенін айтатын құрылғы. Бұл Марста да, айда да жүре береді. Бұл тек күннің арқасында ғана жүреді.
IT-IMAQORDA балалар технопаркінде алғаш рет Kyzylorda Robot School сайысы өтті. Оған 200-ге жуық оқушы қатысты. Соның бірі – Ербол.
Ербол Ернар, оқушы:
– Бұл роботосумо деп аталады. Мұнда сайысқа қатысатын екі робот болады. Бұл екеуі шеңбер ішінде бақталасады. Сол роботтың біреуін шеңберден шығарып тастау керек. Мұның программасы өте қиын болды бізге.
Қазір қала мектептерінде IT бағытындағы арнайы кластар бар. 54 мектептің барлығы «Күнделік» электронды журнал ақпараттық жүйесіне қосылған. Бұл жүйемен кедергісіз жұмыс істеу үшін 20 миллион теңгеге 583 планшет алынды.
Дереккөз: Қазақстан телеарнасы