Түркістан облысындағы өндірісті шағын қалада орналасқан политехникалық колледж немістің ірі концернімен меморандумға қол қойып, халықаралық мәртебені иеленді, – деп жазады осы арнаулы оқу орнының сайты.
Кентау политехикалық колледжінде Германияның Төтенше және Өкілетті Елшісі доктор Тило Клинер мен білім беру саласында дүние жүзінде мойындалған “TUV Rheiland Akademie GmBH” германия концернің жетекшісі Катя Кайзер және Кентау политехникалық колледжінің директоры Виктор Кривенцов (Кентау трансформатор зауыты, “Alageum Electric” компаниясының құрылымдық бөлімі) алдын-ала жасалған үш жақты уағдаластықты ресми түрдегі құжатпен бекіту рәсіміне қатысты. Салтанатты шара барысында Кентау трансформатор зауытының басқарма төрағасы Хайрулла Қожабаев құттықтау сөз сөйлеп, мүдделі тараптардың іскерлік байланысына табыс тіледі.
Нақтыланған қарым-қатынастар аясында биыл жазда оқытушылар тобы тәжірибе алмасу үшін неміс еліне барады. Болашақта колледж студенттері де шетелде іс тәжірибеден өтпек. Бұл оқу бағдарламасы халықаралық деңгейде кеңінен танымал болғандықтан дипломы басқа мемлекеттердің кәсіпорындарда жұмыс істеуге толық жарамды. Кентау политехникалық колледжінде дуальді білім беру жүйесіне ерекше мән беріледі. Ал мұндағы студенттердің 60 пайызы отандық трансформатор зауытында жұмыс істейді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев отандық білім беру ұйымдарын шетелдік университеттер мен ғылыми орталықтар және ірі кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс істеуге шақырған болатын. Үш жақтың келісіміне сәйкес колледжде халықаралық білім стандарттары, неміс ғалымдарының дуалды білім беру жүйесі енгізіледі. Құжатқа қол қойған кезден бастап кентаулық колледж жаңа құқықтық мәртебені иеленіп, Қазақстан-Германия политехникалық колледжі ретінде жаңаша аталатын болды.
TÜV Rheinland Academy & Life Care – оқыту, тестілеу, инспекция, сертификаттау, кәсіпорындарға кеңес беру мен кадрларды қайта даярлау саласында алдыңғы қатарда келе жатқан халықаралық жеткізуші. Сондықтан әлемге танымал концернмен орнаған әріптестік колледжге халықаралық стандарт пен дуальды оқыту барысында немістің сапалы білімі мен тәжірибесін алмасуға мүмкіндік береді.
Бүгінде дуальды оқыту жүйесін жолға қойған колледжде 695 студент білім алады. Колледждің құрылтайшысы – Кентау трансформатор зауыты. Қарамағында 40 кәсіпорын, 9 зауыт бар. Оқытушы тәлімгерлер ұжымы жетекшісінің мәлімдеуінше бітіруші түлектерді жұмысқа орналастыруда мәселе жоқ, яғни дипломды мамандардың сексен пайызы тұрақты кәсіппен қамтылады.
Бұл жоба аясында біздің оқытушыларымыз бен зауыттың бірнеше маманы неміс жерінде білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасады. Олардың жол шығыны мен ас-суы және жатын орны сияқты барлық қажеттіліктеріне жұмсалатын шығындарды неміс тарапы қаржыландырады. Бағдарлама бойынша оқыған отандық кадрларымыз халықаралық серификат алады. Елге келген соң олар әрине біздің студенттерімізді оқытпақ. Себебі, біз шығарылатын зауыт өнімдерін еуропалықтардың сұранысына сай үлкен нарыққа ұсынуды жоспарлаудамыз, – деді колледж директоры Виктор Александрович.
Оның айтуынша концерн елімізде жұмыс істейтін бағдарламалар мен модульдерді ұсынады. Олар толық әдістемелік құралдар мен қамтамасыз ету, оқу үдерісін бақылау және ең бастысы тәуелсіз емтихандар. Яғни осы бағдарламамен оқығандардың аттестатциясы басқаша жүреді. Сондықтан олар жоғары бағаланады.
Оңтүстік өлкеде беделі бар арнаулы оқу орнындағы білім сапасы мен кәсіби мамандардың тәжірибесі халықаралық деңгейге көтеріліп, атқарылатын жұмыстар мен шығарылатын өнім әлемдік деңгейдегі қатаң талаптарды қанағаттандыратын күн алыс емес. Бұл өз кезегінде еліміздегі білім беру саласында техникалық және кәсіби тұрғыдан заманға сай жаңғыруына үлес қосатындығы анық.
Дереккөз: Білімді ел