Елордада мектептен бильярд бөлмесін ашқан директордың басы дауға қалды

Елорда мектептерінің бірінің директоры білім ордасында бильярд үстелін қойып, басы дауға қалды. Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қалалық департаменті басшысының орынбасары Жазира Жылқышиева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтар тарапынан жалпы білім беру мекемелерінің қызметіне қатысты жиі шағым түсіп жатады. Ата-аналар қосымша ақша жинауға, әкімшіліктің біліксіздігіне, материалдық жай-күйіне және басқа да мәселелерге шағымданады. Таяуда «Астана – адалдық алаңы» жобасы тарапынан қаралған сондай мысалдардың бірі – мектеп-лицей әкімшілігінің үстінен түскен шағым болды», – деді ол аталған агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның дерегінше, елордадағы мектептердің бірінің директоры білім ордасының жертөлесінде бильярд ойнайтын бөлме жабдықтап алған.

«Сол күні жобалық кеңсе қызметкерлері аталған нысанға барып, ақпараттың шындығына көз жеткізді. Оқушылар мен ата-аналар кіре алмайтын жертөледегі шағындау бөлмеде бильярд үстелі орнатылып, жұмсақ жиһазбен жабдықталған», – деді департамент басшысының орынбасары.

Ал мектеп әкімшілігі бильрд бөлмесінің балаларға арнап жасалғанын айтып, ақталған.

«Иә, бильярд – спорттың бір түрі саналады. Бірақ, бөлменің шынымен де балалар үшін жабдықталғанын әлі де болса нақтылау қажет. Сыртқы белгілеріне қарасаң, орын-жай балалардың спорттық үйірмесіне арналмаған сияқты. Мән-жайды анықтау қажет, нақты пікір барлық материалдар зерделенгеннен кейін беріледі», – деді Жазира Жылқышиева.

Дереккөз: КазИнформ