«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен 2021 жылдың 10 наурыз күні жалпы білім беру ұйымдарының 9-11 сынып оқушылары арасында онлайн форматта ХХ «Жібек жолы» халықаралық математикалық олимпиадасы өткізілді.
Олимпиаданың мақсаты: математикалық ғылымдар саласындағы дарынды оқушыларды анықтау және қолдау үшін жағдай жасау, қатысушы елдер арасындағы халықаралық білім беру және ғылыми байланыстарды дамыту.
Математикадан халықаралық «Жібек жолы» олимпиадасына Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Түркия, Әзірбайжан, Қытай және т. б. елдер қатысты.
Бұл олимпиадаға Қазақстаннан қатысу 2003 жылдан бері жалғасын тауып келеді. Биылғы жылы елімізден 120-дан астам оқушы қатысты, олардың барлығы “Математика”пәні бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері.
Математикадан халықаралық “Жібек жолы” олимпиадасының қорытындысы бойынша Қазақстаннан 49 қатысушы жеңімпаз және жүлдегер атанды. Олардың ішінде I дәрежелі дипломдармен – 2 қатысушы, II дәрежелі дипломдармен – 20 қатысушы, III дәрежелі дипломдармен – 27 қатысушы марапатталды.
Қызылорда облысының намысын қорғап 6 оқушы қатысып, №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 11 сынып оқушысы Рысбай Саят жүлделі ІІІ орынды Сыр Елінің қанжығасына байлады.