2018 жылғы 8 қазан күні Қызылорда қаласындағы Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицей базасында мемлекеттік тапсырыс бойынша шетелде оқуға бөлінген грант туралы, «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білім алу, «Болашақ» стипендиясына үміткер мамандар туралы және «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымына грант негізінде түсудің мүмкіндіктерін насихаттау мақсатында семинар өтті. Семинарға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, «Болашақ» университеттерінің студенттері, магистрлері, оқытушылары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері мен оқытушылары, Назарбаев зияткерлік мектебі, облыстағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдары мен жалпы орта білім беретін мектептердің 10-11 сынып оқушылары мен мұғалімдер қатысты. Семинардың басты мақсаты – «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелде білім алып, тәжірибе жинаудың тиімділігін, қажетті құжаттарды өткізу шарттарын түсіндіру. Семинарды облыстық білім басқармасының басшысы Майра Тұрғанбайқызы Мелдебекова ашып берді.
Жастардың шет мемлекетте заманауи білім мен тәжірибе жинақтап, еліміздің игілігі жолында қызмет ету идеясына негізделген, жас азаматтардың кәсіби мамандануының кепілі болып табылатын «Болашақ» стипендиялық бағдарламасын семинаға қатысушыларға түсіндіру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 4 сəуірдегі №301 қаулысымен құрылған «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамының өкілі Нұрманов Алтай Нұрланұлы арнайы қонақ болып келді. Нұрлан Алтайұлы «Болашақ» стипендиялық бағдарламасы аясында өткізілетін құжаттар тізімі жəне үміткерлерді іріктеу рəсімі туралы ақпарат берді. Сондай-ақ, семинар аясында Қазақстанда білім мен ғылыми-зерттеу қызметінің дамуына мүмкіндік беру, сонымен қатар Астананың Еуразия орталығында зерттеу және білім беру орталығын қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылған еліміздің ең ерекше оқу орны Астана қаласындағы «Назарбаев университетіне» құжат тапсыру рәсімі туралы Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің кәсіби бағдар кеңесшісі Әбенов Еркебұлан Тұрсынғалиұлы түсіндірді.
Семинар соңында оқушылар мен магистрлер тақырып аясында қонақтарға сұрақ қойып, пікір алмасты.