МИКЕЕВА ЛАЗЗАТ ИСЕНОВНА

Қазақ пайымында ұстаз тек қана білім беруші ғана емес, шәкіртке тәлімді тәрбиенің тиегін де ағытушы тұлға. Ол екінің бірінің пешенесіне жазылмаған дүние. Жүрегінде елдік мүддеге деген ерекше құрмет пен ықылас орын алған жан ғана нағыз ұстаз бола алады. Ерекше құрметке лайық сондай жандардың бірі Микеева Ләззат Есенқызы.

Ләззат Есенқызы  1974 жылы 30 қарашада Қызылорда қаласында туылған. 1995 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтын «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша үздік дипломға бітірген.

Өз-өзіне сенімді жас маман еңбек жолын бастағаннан-ақ 2 бірдей білім беру ұйымында қатар қызмет атқарып келген. Атап айтсақ, 1995 жылы Сырдария ауданындағы №176 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқара жүріп, М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжде оқытушы қызметін қоса атқарған.

1996-2007 жылдар аралығында Қорқыт Ата атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі кафедрасында оқытушылық қызмет атқара жүріп,   №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатында да мұғалімдік қызмет атқарған.

Ләззат Есенқызы 2007 жылдың қазан айынан бастап лицей-интернатта директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді.

Шәкірттерінің сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген қадірлі  ұстаз бүгінгі күнге дейін бірнеше олимпиада жүлдегерлерін дайындады.  Оқушылары облыстық және республикалық білім сайыстарында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып жатты. Лицейде «Жас тілші» үйірмесіне жетекшілік етіп, шәкірттерінің шығармашылығын  шыңдай түсті.

Білімді де білікті ұстаз 2008 жылы шығармашыл мұғалімдердің облыстық байқауына қатысып, «Ең үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі» атанды.  1-ші дәрежелі дипломмен  және 200 мың теңге сыйақымен марапатталды.  

 Ләззат Есенқызы оқу-тәрбие процесінде жақсы ұйымдастырушы, іскер басшы ретінде де өзіндік бағасын алып келеді. 2011 жылы оқу ісі жөніндегі орынбасарлардың байқауына қатысып, «Үздік оқу ісі меңгерушісі» номинациясын жеңіп алды.

2011 жылы Ләззат Есенқызы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

Тәжірибелі ұстаз әріптестерінің кәсіби жетілуіне де өзіндік үлесін қосып келеді. Бірнеше рет  өз іс тәжірибесімен бөлісіп, облыстық деңгейде семинарлар өткізді. Жыл сайын «Үздік авторлық бағдарлама», «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» т.б. облыстық байқауларда  әділ-қазылық жасайды.

Ләззат Есенқызы 2014 жылы «Үздік педагог» облыстық байқауының жеңімпазы атанып, 1 млн теңге қаржылай сыйақыға ие болды.

Сондай-ақ №10 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицейінің «Үздік ұйым» атануына да білікті маман, іскер ұйымдастырушы ретінде  өзіндік үлесін қосты.

2016 жылы қазақ-түрік лицейлерінің орынбасарлары үшін «Оқу үдерісін жоспарлау мен бақылаудың тиімді әдістері» тақырыбында республикалық деңгейде  2 күндік семинар-кеңес өткізді.

2016 жылы облысымыздағы әрбір сала бойынша үздіктердің өмірі мен еңбек жолы туралы жазылған  «Орданың Алтын кітабы» атты жинаққа Ләззат Есенқызының енуін  оның кәсіби еңбегінің лайықты бағаланғаны десек те болады.

Бүгінгі күнге дейін ұлағатты ұстаздың  облыстық және республикалық басылымдарда 20-дан аса мақаласы жарияланды.

Білім саласына қосқан елеулі еңбегі үшін бірнеше марапаттарға да ие болды.

 Ләззат Есенқызы  Елбасы Жолдауына байланысты ақпараттық-насихаттық топтың құрамында жұмыс істейді. Білім саласына қатысты жаңалықтарды насихаттау мақсатында брифингтерге қатысып, БАҚ-қа сұхбат беріп отырады. «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының бірнеше бағдарламасына қатысып, білім саласына қатысты жаңалықтармен, өзіндік іс тәжірибесімен бөлісті.

Тың идеялар тоғысында жүретін ұлағатты ұстаздың алға қойған мақсаты айқын, арманы биік.

М.Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі» деген керемет сөзі бар. Ұлағатты ұстаздарымыздың беделі артып, мәртебесі биіктей берсін демекпіз.  

Translate/Перевести/Аудару