Бекпанова Б.Т.,
№277 орта мектеп директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары
Бүгінгі күні мемлекетіміз дамыған қуатты мемлекеттермен тең болу үшін жас ұрпақтың тәрбиесі мен білім-білігін дұрыс жолға қою жолында білім саласына үлкен өзгерістер енгізіп, педагогтардың кәсіби деңгейі мен біліктілігін үздіксіз жетілдіруді жүзеге асыруда. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «…Бізге керегі – шын дарындар. Мемлекет өзінің талантты ұлдары мен қыздарын, нағыз әдебиет пен өнерін жасайтын тарланбоз жүйріктерін қолдауға, қорғауға міндетті» деген болатын. Сондықтан да қазіргі таңда білім беру мекемелерінде қызмет атқаратын барлық оқытушылардың алдында жаңа бетбұрыс жолында ізденіп, табысты мектеп жасау мақсаты тұр. Осы жолда тынбай еңбектеніп келе жатқан Байқоңыр қаласындағы №277 орта мектеп директоры Тлеугабылова Жумагул Косжанқызы басқаратын мектеп ұжымы өз істеріне өте жауапкершілікпен, шығармашылықпен, ізденімпаздықпен қарап, еліміздің ертеңі – бүгінгі ұрпақтың бойына сапалы біліммен қатар адами жақсы қасиеттерді дарыту жолында абыройлы еңбек етіп келеді. Еңсесі биік егеменді еліміздің болашағы білімді ұрпақты тәрбиелеуде үздіксіз іздену – мұғалімдерге қойылып отырған басты талаптардың бірі. Мұғалімдердің өз шеберліктерін, шығармашылық еңбегін күнделікті қызметтерінде пайдалана білуі ең алдымен сабақпен байланысты. Сапалы, тиімді әрі нәтижелі жүргізген әрбір сабақ – ұстаздың тынымсыз еңбегінің айғағы. Мектеп ұстаздарының ұзақ жылғы педагогикалық ізденістері мен мол тәжірибесі аудандық, облыстық, республикалық басылымдарына жарияланып, қала көлемінде таратылды.
Мектеп ашылған 3 жылдың ішінде мектепті 98 түлек бітіріп, оның 35-і мемлекеттік грантқа ие болды. Жақсылықов Айбек, Ергешбаев Айбек, Қартбаева Ақбота, Асылбекова Мадина, Бисембаева Зарина «Алтын белгі» иегерлері, Мырзаева Ақбота, Насыр Ондасын, Рустембекова Айдана, Анесова Асель, Абдрахманова Айман, Аубакирова Назерке «Үздік аттестат» иегерлері атанып, өз білімдерін қорғап шықты. Мектеп түлектері Есқара Нұрсұлтан, Мажитов Талғат, Прназарова Асем, Бақтыбаева Аида, Муслимов Нұржан, Туреханов Даулет Ресейдің жоғары оқу орындарында (МИСиС, МСХА им К.Тимирязева) білім алуда. 2017 жылы Кундызбаева Карина жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде орыс тілі пәні бойынша І дәрежелі диплом иегері атанды. Дарынды шәкірттерді тәрбиелеуде шәкірт қиялына қанат бітіріп, шәкірттерінің ізденісінен шабыт алатын, оқушыларға терең, тиянақты білім беруде, олардың шығармашылық ойлау қабілетін, танымдық ізденісін дамытуда, берілетін білім негіздерінің нақтылығын арттыруда шығармашылықпен жұмыс істеп келе жатқан ұстаздар қатарында А.Байтуреева, О.Умырзакова, Г.Раметова, Ш.Ергалиева, Г.Казтуганова, Р.Жубатканова, Г.Абдыкалиева, Б.Кодарова, В.Нарегеева, Л.Сарсенбаева, О.Ибайдуллаева, С.Таубаева, А.Аяпова, Ж.Апбазов, Б.Алашбаева, З.Калышеваларды мақтанышпен айтуға болады.
Жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде оқушылар халықаралық «British Bulldog», «Человек и природа», «Русский медвежонок», «Мега талант», республикалық «Ақбота» интеллектуалдық марафоны, «Кенгуру – математика для всех», математика пәні «BS-PRESS», «Нұрлы болашақ», барлық пән бойынша қашықтық олимпиадасының, шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары, жүлдегерлері.
Биылғы оқу жылында Қызылорда облысының білім басқармасының «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығы тарапынан ұйымдастырылып жатқан барлық іс-шараларға мектеп оқушылары қатысып, нәтижелі еңбекке қол жеткізіп, жүлделі орындарға ие болып жүр. Айтап айтсам:
Абимолдаев Азамат – 2017-2018 оқу жылында жалпы білім беретін мектептердің 7-11 сынып оқушылары арасында қазақ тілінен «Жарқын болашақ» республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде «Сөз шеберлері» бағыты бойынша ІІІ орын иегері, 8-11 сынып оқушылары арасында «Ақберен» республикалық байқауының облыстық кезеңінде «Көркем сөз оқу» бағыты бойынша І орын иегері (пән мұғалімі Анесова Жаннат).
Тлегенов Санжар – 2017-2018 оқу жылында «Мемлекеттік рәміздер – асыл мұрамыз» атты облыстық ғылыми жоба конкурсының ІІ орын иегері (пән мұғалімі Бабасова Рыскул).
Карабекова Дильназ – 2017-2018 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жоба конкурсының ІІ кезеңінде (облыстық) «Қоршаған ортаны және адам денсаулығын қорғау» секциясы бойынша ІІ орын иегері (пән мұғалімі Алашбаева Бекзада).
Абильбек Айжан – 2017-2018 оқу жылында Алматы қаласында өткізілген І республикалық «Абайдың асыл мұрасы» қара сөз оқу сайысының ІІІ орын иегері (пән мұғалімі Абдикалиева Гулхан)
Муратов Айдар – 2017-2018 оқу жылында Алматы қаласында өткізілген І республикалық «Абайдың асыл мұрасы» қара сөз оқу сайысының ІІІ орын иегері (пән мұғалімі Акниязова Ботакоз).
2017-2018 оқу жылында «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық творчестволық бірлестігі Халықаралық ұстаздар одағы ұйымдастырған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Рухани жаңғыру – ұрпақ игілігіне бағытталған жол» зияткерлік турнирінде Жарбосынова Гулназ математика пәнінен І орын иегері, Жанузакулы Азамат қазақ тілі пәнінен І орын иегері, Жубатканов Айдын орыс тілі пәнінен І орын иегерлері (пән мұғалімдері Сарсенбаева Ляззат, Бекпанова Бағила, Жубатканова Райкул).
Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – ұстаз болғандықтан, ал сол ұстаз заман талабына сай болуы үшін – әрқашан ізденуді, білімдерін жетілдіруді, жан-жақты, білікті болуды талап етеді. Жас ұрпақты ғылыми шығармашылық жұмысқа және кәсіби бағдар беруге баулыған әріптестеріме шығармашылық шабыт пен толағай табыстар тілеймін.