Сақтағанова Л.,
№65 орта мектептің қосымша
білім беру педагогі
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Құндылықтар жүйесінде білім мен өнерді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді»…
«Бізге керегі – шын дарындар. Мемлекет өзінің талантты ұлдары мен қыздарын, нағыз әдебиеті мен өнерін жасайтын тарлан боз жүйріктерін қолдауға, қорғауға міндетті» – деген болатын. Осыны ескере келе әрбір шәкірт тәрбиелеуші білім ошақтары, ұстаздар қауымы білімді өнермен, мәдениетпен тоғыстырып, дарынды шәкірттердің жолын ашып, дарынын одан әрі өрбіту керек.
Осы жолда білім мен өнерді ұштап, шәкіртінің дарынын дамытып, бұлақтың көзін ашып, қолдау көрсетіп жүрген Арал ауданына шалғай орналасқан Бекбауыл елді мекеніндегі №65 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тұрғанбаев Алтынбек туралы сөз еткім келеді. Ол – өзі қатарлы әріптестері арасында көркем мінезімен, жан-жақты білімділігімен ерекшеленіп тұратын ұстаз.
Оқушылары олимпиадаларда, аудандық, облыстық, республикалық конкурстарда жеңімпаз болып, жүлделі орындар алып жүр.
Күнделікті сабаққа жан-жақты дайындықпен келгені соншалық, әрбір шәкірт Алтынбектің әрбір сабағынан жаңашылдық күтеді.
Сөзіміз дәлелді болу үшін Алтынбектің биылғы оқу жылындағы өзі мен оқушыларының жетістіктеріне тоқтала кетейін. Өзі сабақ беретін 9 сынып оқушысы Досбол Ақжүніс республикалық олимпиаданың аудандық II кезеңінде қазақ тілі мен әдебиет пәнінен жүлделі II орынды иеленді.
Алматы қаласында 22 ақпан күні «Абайдың асыл мұрасы» республикалық қарасөз оқу сайысында 9 сынып оқушысы Сәбитқызы Әйгерім жүлделі III орынға ие болды. Ал Алтынбек республикалық «Абайдың асыл мұрасы» атты сайыста шәкірт дайындағаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Өзі сабақ беретін 9 сынып оқушысы Жалғау Ғалымбектің аудан, облыс, республика деңгейіндегі жетістіктерін мақтанышпен айтамыз.
Жалғау Ғалымбек 2018 жылы «Ақберен» республикалық байқауының аудандық кезеңінде «Ақындар мүшәйрасы» бойынша I орын алып, облысқа жолдама алған болатын. Облыстық «Ақберен» байқауынан I орын алып, республикаға жолдама алды.
2018 жылы 16-18 сәуір аралығында Павлодар қаласында өткен «Ақберен» республикалық конкурсында «Ақындар мүшәйрасы» бағыты бойынша Жалғау Ғалымбек I орын алып, аудан, облыс жұртшылығын қуантты. Бой бітімі, дене тұрқы кіп-кішкене болса да, жүрегіне асқақ Алатау мен арман қала Алматыны сыйдырып жырлаған Ғалымбектің маржандай тізілген жыр жолдары қазылар алқасының ғана емес, көрермен болып отырған республика жұртшылығының ризалығы мен қошеметіне бөленді. Республикалық үлкен сахнаға именбей, батылдық танытып шыққан Ғалымбекке алғысымыз шексіз.
Дарынды оқушыларды танып, бұлақтың көзін ашқан, демеушілік жасап, азаматтық танытқан пән мұғалімі Алтынбек ағайына және ұжымдастарға алғысымыз шексіз. Перизаттай анасының, Бибісұлудай әжесінің тәрбиесін алып өскен Ғалымбек өнер саласында да ән шырқап, Болгария қаласына жолдама алып отыр. Ол жақтан абыроймен оралуына тілектеспіз.
Ал, жас ұстаз Алтынбекке айтарымыз шығармашылығың шарықтап, білімді, өнегелі, бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелеуде еңбегің жемісті болсын демекпін.