Акпарова Айжан Акпарқызы,
Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектебінің
ғылыми орталығының жетекшісі,
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Талантты да дарынды балалар – мемлекетіміздің биік ұстар мақтанышы. Жас ұрпақтың келешекке нық, сенімді қадам басуы ел үшін маңызды да жауапты жүк. Ал сенім артушы аға-апаларымызды жерге қаратпау осындай талантты, дарынды да мақсатты оқушылардың қолында. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Еңсесін енді көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды ұрпақтың орны мүлде бөлек», – деп ерекше атап өткенін білеміз.
Ендеше, дарынды балалар дегеніміз кімдер? Дарынды балаларды анықтауда кім жұмыс жасайды? Міне, бұл сұрақтарға жауап іздеп көрелік. Кез келген жас жеткіншектің бойында өзіне тән ерекшеліктер болатыны анық. Алайда барлығы бірдей таныла бермейді. Әр баланың жүрегіне жол табу маңызды. Бұл ерекшеліктерді көбіне мұғалімдер байқап, бағыт береді. Баланы уақыт талабына сай икемдеп, санасына өз заманының озық өнегесін сіңірту, шығармашылық бағытта жан-жақты дамытумен айналысады.
Шоқан Уәлиханов атындағы №26 орта мектебінде де белгілі бір бағытта жоғары нәтижеге жеткен талантты, дарынды оқушылар мен оларды аша білген білікті мамандар жетерлік. Атап айтар болсақ, жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дүйсебекова Айнұр Диханқызы. Өзінің 21 жылдық еңбек өтілінде ол көптеген оқушыларды тәрбиелеп, түрлі республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларға қатыстырып, әркез жоғарғы орындардан көрінді. Қазіргі кезде, 2017-2018 оқу жылында, шәкірті 11 сынып оқушысы Ақыпбаев Нұрсұлтанмен бірнеше деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Атап айтар болсақ, Түркістан қаласында А.Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінің жыл сайынғы ұйымдастыруымен өтетін Халықаралық «Яссауи» оқуларына Нұрсұлтанды қатыстырып, жүлделі ІІ орынды иеленді. Өзі сертификатпен марапатталды. Сонымен қатар, жалпы орта білім беретін мектептердің 7-11 сынып оқушылары арасында қазақ тілінен «Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасынан «Тілші-әдебиетшілер» бөлімі бойынша сертификат иегері атанды. Ал, тағы бір шәкірті, 11 сынып оқушысы Алтынбекова Клара 2017-2018 оқу жылында жалпы орта білім беретін мектептердің 7-11 сынып оқушылары арасында қазақ тілінен «Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасынан «Жас ғалымдар» бөлімі бойынша ІІІ орын иегері атанды.
Айнұр Диханқызының аталған екі оқушысы да өз ұстазының жолын қуып, мұғалімдік мамандығын таңдап отыр.
Тарих пәнінің жоғарғы санаттағы білікті ұстаз Тұрымтаева Гүлбану Қазиханқызы да дарынды балаларды ашуда көп еңбек жасауда. Аталған 2017-2018 оқу жылының өзінде Гүлбану Қазиханқызы 11 сынып оқушысы Қарабарақов Әскербекті тарих пәнінен пәндік олимпиадаға дайындады. Әскербек облысымыздың абыройын биікке көтеріп, барлық кезеңдерден сүрінбей өтіп, республикалық пәндік олимпиаданың ІІ орын жүлдегері атанды.
Міне, елімізде осындай ұстаздар мен дарынды оқушыларымыз барда көк туымыз мәңгі желбіреп, тек биіктерден көрінеміз деген сенімдеміз.