Білім шыңына білікті ұстазбен

Мүсілімова Күміскүл Күздеубайқызы,
№105 мектеп-лицей директорының
ғылыми- әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасар
ы

«Бүгінгі күн – кешегінің жемісі, ертеңгінің болмысы», – дейді дана халқымыз. Қай мемлекеттің болсын ертеңi – бiлiмдi жастардың қолында. ХХІ ғасырда қоғам мен мемлекет дамуының басты тетігі білім беру болып отыр.
Заңғар жазушы М.Әуезов: «Халықпен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім болмақ» десе, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімдік деңгейімен айқындалады» деп тұжырымдайды. Егемендік алған тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден-бір дара жолы – білім жүйесі екендігі қазақ елінің барша азаматына аян. Сол себепті де еліміздің орта мектептері – білім жүйесінің түп қазығы деуге болады.
Осы орайда Қармақшы ауданының орталығында орналасқан А.Жанпейісов атындағы №105 мектеп-лицейінің жетістіктері жайлы атап өтуді жөн көріп отырмын. Оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, олардың болашақтың тұтқасы ретінде жақсы азамат болып өсуі үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан беделді мектептердің бірі де бірегейі болып отыр. Атап айтар болсақ, қазіргі таңда атаулы білім ордасында 67 педагог маман жұмыс жасайды. Ұстаздар қауымы мен олардың шәкірттерінің толағай табыстары – мектеп директоры Г.Мұнарбаева мен ұжым мүшелерінің тынбай еткен еңбегінің жемісі деп білемін.
Мектеп мұғалімдері – облыстық практикалық конференцияларға және педагогикалық оқуларға қатысып, өз шеберліктері мен ғылыми-теориялық білімдерін көрсетіп жүрген білікті мамандар. Мектеп бойынша 21 мұғалім деңгейлік бағдарлама бойынша білім жетілдіріп, қазіргі таңда мектеп, аудан көлемінде еткен еңбектерінің тұщымды нәтижелерін көрсетуде. Соның ішінде, мектеп тәжірибесінде оқушылардың білім сапасын көтеру және олардың рухани көзқарастарын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырып жүрген зерттеу сабақтарының үздіксіз, жүйелі жүргізіліп отырылуы өз нәтижесін беріп келе жатыр. Осындай үздіксіз жұмыстардың нәтижесі ретінде республикалық «Үздік директор» конкурсында мектеп директоры Г.Мұнарбаева «Үздік директор» номинациясын иеленсе, тарих пәнінің мұғалімі Г.Игембаева «Үздік эссе авторы» номинацияларын иеленгінін айта аламын.
Мектептің тарих пәнінің мұғалімі Г.Қалжанқызының жұмысы облыстық «Үздік авторлық жоба» байқауында өз нәтижесін көрсетті. Сонымен қатар, мектеп мерейін асқақтатып отырған, облыс көлемінде үлкен жетістіктерге жеткен педагог мамандарды атап өтетін болсақ, олар: Байғараев Дәулет, Бакирова Гүлмира, Мұханбедиева Шамшат, Байдрахманов Ерсін, Дегенбаева Гүлнұр, Ысқақов Ғалымжан, Таширова Жадыра, Прназаров Дәуіржан т.б. ұстаздардың республикалық ғылыми-әдістемелік басылымдарға үздік сабақтары мен баяндамалары жарияланып келеді.
Мектептегі қарқынды жұмыс өз нәтижесін де лайықты беруде. Мысалы, 2017-2018 оқу жылында облыстық ғылыми жобалар байқауында бірнеше оқушыларымыз жүлделі орындарға ие болды. Оларды атап өтер болсақ, М.Бәйтерекова тарих пәнінен «Этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісімінің қазақстандық үлгісі» тақырыбында, А.Мирамбекова және Ұ.Қожахметовалар химия пәні бойынша «Адам организміндегі кальцийдің маңызы және оның жетіспеушілігін толтыру жолдары», Н.Алпанова биология пәні бойынша «Қызанақ дақылдарының зиянкестер мен ауруларына болжау жасай отырып, күресу шараларының мерзімін анықтап, хабарлау» тақырыбында жасаған жұмыстарын ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар, 7-8 сынып оқушылары арасындағы ұйымдастырылған республикалық юниорлық олимпиадада А.Мирамбекова ең үздік нәтиже көрсеткені үшін Мақтау қағазына ие болды. 3-5 сынып оқушылары арасындағы «Жаныңда жүр жақсы адам» облыстық эссе байқауында 5 сынып оқушысы Жақсылықов Ернұр жүлделі ІІІ орынмен марапатталды.
Мектеп ұжымы мен оқушылардың осындай бірлесе жасаған нәтижелі жұмыстары білім ордасының биік қадамдарын айқындай түседі. Мектеп ұжымының келешек ұрпағымыздың, Абай атамыз айтпақшы, «Толық Адам» ретінде өсіп-өнуі үшін жасап жатқан парасатты қадамдары өте мол. Мектеп ұжымы өз шәкірттерін білім бәйгесіне қосуда да аудандық, облыстық, республикалық сайыстардан қалыс қалған емес. Оқушыларымыз «Русский медвеженок», «British bulldog», «Золотое Руно», «ПОНИ», «Ақбота» т.б. қашықтық олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындарға ие болып отырады.
Мектеп директоры Гүлжахан Мұнарбаева көп жылдан бері өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен басқарып келе жатыр. Мектеп басшысы өзінің әрбір нәтижелі жұмысын Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың келешектің кемелдігіне нық сенімін білдіре отырып айтқан: «Мен ХХІ ғасыр Қазақстанның «Алтын ғасыры» боларына сенемін. Бұл бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болады. Біз көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз», – деген сөздерін басшылыққа ала отырып жүргізіп келеді. Мектеп мұғалімдері өздерінің алар асуының әлі де алда екенін айта келіп, алға қойған ұлы міндеттерінің орындаларына сөзсіз сенімін білдіріп отыр.