Сәтсіздіктен туған сәттіліктер – Дарындыны әзірлеу туралы ойтолғам…

Мирамкүл Жөлекеш Жеткербайқызы
Қызылорда облысы Қазалы ауданы
Әйтеке би кентіндегі Б. К. Мергенбаев атындағы
№226 гимназияның жоғары санатты мұғалімі

Алаш арысы Мағжан Жұмабаев «Негізінде әр адамның сұлулық сезімдері әр түрлі нәрселерден оянымпаз болады. Біреудің музыкадан, біреудің суреттен, біреудің поэзиядан. Әйтсе де, Cөз өнерінің рөлі бәрінен биік екеніне ешкім дау айта қоймас»- деген. Ал, қазіргідей көркем әдебиетті аз оқитын,уақытының көбін түрлі ойындармен өткізетін оқушылардың арасынан шығармашылық қабілеті бар дарынды оқушыны қалай танып білуге болады? Ол үшін не істеу керек? Қандай жұмыстар жүргізу қажет және жұмыс түрлерін қашан бастау керек? Осындай сансыз сұрақтар барлық мұғалімді де толғандырары айқын.
Өз тәжірибемнен мысал келтірер болсам, дауыс мәнері жақсы «Табиғаттың сұлулығын өлеңдерден көремін»,- деп пікір білдіретін Ү. А. есімді оқушымның әдебиетке деген мүмкіндігін байқағаннан кейін менен жіберілген бір қателік: шәкіртіме бірден жазғы каникул алдында Абайдың өлеңдер топтамасын қолына ұстатуым болды. Жазғы демалыстан кейін оқушым ешбір өлеңді жаттамаған. Міне, осындай жіберілген кемшілігім менің алдағы дарынды баларға тапсырмалар беруде ыждағаттылықпен ізденуімді талап етті.
Дарынды оқушыны дөп басып табу үшін, мұғалімнің шығармашылық шеберлігі, көрегендігі қажет. Мұғалімнің сабақтағы шеберлігі-маңызды фактордың бірі. Мұғалімнің образ жасауы, өз пәнін жетік білуі, өз пәнін сүюі көрініс тапса, оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артады. Оқушы алдында мұғалім қарапайым жаннан алып тұлғаға айналады. Сол тұлғаға ұқсау жолында іздену басталады. Баланың жан дүниесі қалыптасып қоймай, оның рухани марқаюы көрініс табады.
Дарынды оқушымен жұмыс жасау мұғалімге шығармашылық ізденіс пен кәсіби күш сыйлайды. Және әрбір баламен ерінбей, аралық мерзімді ұзатып алмай оқушыны тыңғылықты дайындап, бағыттап отыруды қажет етеді. Мысалы: қазіргі кезде 11-сынып оқитын оқушым Қ.Ә 5-сыныптан келгеннен бері ең әуелі мәнерлеп оқуға қызықтыру арқылы өз пәніме тарта білдім. Себебі балаға бірден «өлеңді жаттауға» беру арқылы өзімізге тартамыз деп ойласақ ,оқушы тез шаршап немесе қызығушылығы жоғалуы мүмкін.Сондықтан дарынды оқушыны танып білгеннен кейін де тапсырмаларды жоспарлаған кезде де сақ болып , кәсіби тұрғыдан зерделеп барып баламен жұмыс жасау қажет.
Мен ең әуелі мәнерлеп оқуға қызықтырамын, сосын көбінесе аудандық кітапхананың сахнасына шығарамын, себебі ортаға шығып өздерін көрсетуді дарынды балалар ұнатады, әрине мақтау қағаздар алады. Сонымен бірге жариялықты да бірінші орынға қоямын. Мысалы аудандық телеарнадан көрсетуге ықпал ету. Теледидардан балаларын көру -ата-ана үшін де, бала үшін де зор мәртебе. Міне, осылай алғашқы қадамдардан кейін ата-ана мен оқушы арасында маған деген сұраныс қалыптасады. Ал қазіргідей кезеңде сұраныс қалыптастыру -бұл менің кәсіби әлеуетіме де үлкен мәртебе.
Алғашқы кезеңде жіберілген сәтсіздігім мені биік жетістіктерге жетелейтін, дарынды оқушыларды қалыптастыруыма итермелейтін сәттіліктеріме жеткізді.
Сәтсіздіктерден сәттіліктер жасауға болатынын ұстаз жүрегім ұғына түсіп, дәлелдеуде.