Өзін-өзі тану пән мұғалімдері
Өмірсерікқызы Гүлжазира, Әлімқызы Айгүл,
Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейі, Қызылорда қаласы
Ұстаз қашанда ұлы тұлға. Оның еңбегін биікке жеткізетін де жетелейтін де шәкірт екені ақиқат. Өмірге бейімдеп бағыт-бағдар беретін ұстаздың еңбегін бағалайтын да халық екені аян. Оқушылардың жалпы құндылығын дәріптеп, рухани азық беретін ұстаздың еңбегі шексіз. Рухани адамгершілік, мейірімділік пен кеңпейілділік, жомарттылық қасиеттерді оқушылардың бойына дарыту қашан да ұстаздың міндеті. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде, өзіндік таңдау жасауына ықпал етуге отбасы мен педагогтар шешуші рөл атқарады. Рухани-адамгершілік тәрбиесі екі жақты процесс. Бір жағынан ол үлкендердің, ата-аналардың, педагогтардың балаларға белсенді ықпалы, екінші жағынан – тәрбиеленушілердің белсенділігін қамтитын қылықтарынан, сезімдері мен қарым-қатынастарынан көрінеді.
Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру – ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті. Адамгершілік әр адамға тән асыл қасиет. Адамгершіліктің қайнар бұлағы – халқында, отбасында, олардың өнерлерінде, әдет-ғұрпында. Әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс-тіршілігінен, өзін қоршаған табиғаттан бойына сіңіреді. Көрнекті педагог В. Сухомлинский «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады», — дейді. Демек, шәкіртке жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, жеке тұлғаның айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз. Баланың өзін-өзі тануы рухани жан дүнесін, танымдық қасиетін қалыптастыратын ұстаздың еңбегі шексіз. Осындай қасиеттерді жандандыру барысында, Қызылорда қаласындағы Т.Жүргенов атындағы 136 мектеп-лицейінде «Жалпыадамзаттық құндылықтар – мектептің тұтастай педагогикалық үдерісінің негізі» тақырыбында өзін–өзі тану пәні мұғалімдеріне арналған қалалық семинар болды. Қалалық семинарға 45 мектеп ұстаздары қатысты. Семинардың ашылуында қалалық білім бөлімінің әдіскері А.Қ. Ибраева сөз сөйлеп, мұғалімдерге «Өзін-өзі тану» пәнінің ерекшеліктері мен маңызын айтып, бұл пәннің құдіреттілігі – жақсы, жағымды әсер алатынын, біздің өзімізді өзіміз тани білуімізге мүмкіндік беретінін айтып, айқындап түсіндіріп берді. «Жалпыадамзаттық құндылықтар – мектептің тұтастай педагогикалық үдерісінің негізі» деген тақырыпта қалалық «Өзін-өзі тану» пәні бірлестік жетекшісі, №10 мектеп-лицей мұғалімі Бердіхожаева Үрхия тыңдалым жасап, жұртшылық көңілінен шыға білді. Тыңдалымнан кейін ашық сабақтар өткізілді. №136 мектеп-лицейінің өзін-өзі тану пәні мұғалімі Қойшыбаева Гүлжазира және география пәні мұғалімі Баймаханова Нұргүл «Топырақ және оның құрамы мен құрылымы» деген тақырыпта 7 «А» сыныбына кіріктірілген сабақ өткізді. №9 мектеп-гиназиясының өзін-өзі тану пәні мұғалімі Карибаева Жайна мен бастауыш сынып мұғалімі Жөнеубаева Жанат «Ақ жарқындық және оптимизм» деген тақырыпта 3 «А» сыныбына кіріктірілген сабақ берді. №173 мектептің ұстаздары Наурызбай Жұлдызай мен Алтаева Қарлығаш өзін-өзі тану пәні мен математика пәнін кіріктіріп, 9«А» сыныбына «Арифметикалық және геометриялық прогрессиялар тақырыбына есептер шығару» деген тақырыпта ашық сабақ ұйымдастырды. Біздің күшіміз, қорғанышымыз, сеніміміз – адамгершілігімізде. Өзін-өзі тану пәні арқылы оқушылар бойында рухани-адамгершілік қасиеттер қалыптастырады. Рухани-адамгершілік тәрбие – екі жақты процесс. Бір жағынан ол үлкендердің, ата-аналардың, педагогтардың балаларға белсенді ықпалын, екінші жағынан – тәрбиеленушілердің белсенділігін қамтитын қылықтарынан, сезімдері мен қарым-қатынастарынан көрінеді. Осындай қарым-қатынасты арқау етіп, 45 ұстаздарға арнап, Т. Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейінің өзін-өзі тану пән мұғалімі Агибаева Айгүл «Мейірімді болса жүрек орындалар арман тілек» деген тақырыпта психологиялық тренинг өткізді. Ұстаздарды жаңашылдыққа, инновациялық әдіс-тәсілдерді тәжірибелеріне енгізе отырып, логикалық ойлау қабілетін, шығармашылық ізденісін, ой-қиялын арттырып, өзін-өзі тану, құрметтеу, өзін еркін сезінуге көмектесті. Қатысқан ұстаздар еркін ойын айтып шықты.
Семинардың соңында сабақтың нәтижесі туралы кері байланыс жасалып, қорытындыланды. Семинарда бағдарланған бағыттар өз деңгейінде өтіп, толықтай мақсатына жетті. Рухани адамгершілік тәрбиенің қайнар көзі саналатын «Өзін-өзі тану» пәні баланы жастайынан отаншылдыққа, әдептілікке, достыққа, тазалыққа, ұқыптылыққа, мейірімділікке, табиғатты сүюге, отбасын сыйлауға, ұйымшылдыққа үйретуге, ұрпақ бойына жалпы адамзаттық құндылықтарды, адамгершілік принциптер мен мұраттарды ғұмыр бойы басшылыққа алатын тұлға қалыптастыруға негізделген. Әр адам өзіне қаншалықты баға берсе, соған соншалықты лайықты болады. Сондықтан да тұлға ретінде қалыптасуың үшін, өзіңді, өмірлік іс-әрекетіңді лайықты бағалай білуіңіз керек.