Республикалық жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында өтетін М. Мақатаев оқулары

Жалпы ережелер
М. Мақатаев оқуларының құрылтайшылары облыстық білім басқармасы, аудандық, қалалық білім бөлімдері мен басқармалары, жергілікті жерлердегі білім ұйымдары болып табылады.
Осы ережелер республиканың жалпы білім беретін оқу орындарының оқушылары арасында өткізілетін М. Мақатаев оқуларының мәртебесін, мақсаттары мен міндеттерін айқындайды.
Республикалық жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында өтетін оқушылар арасында өткізілетін М. Мақатаев оқуларының міндеттері мен мақсаттары:
– оқушылар арасында М. Мақатаевтың шығармаларын насихаттау;
– республикалық жалпы білім беретін оқу орындарының оқушыларының шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, тума талант, табиғи дарындарын анықтау;
– оқушылардың поэзияға деген құштарлығын арттыру, өлең сөзінің құдіреті мен қуатын жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білуге үйрету. Өз ой-пікірлерін ғылыми тұрғыда жеткізе білуін дамыту;
– жас ақындарға әлеуметтік-рухани қолдау көрсетіп, олармен шығармашылық жұмыс түрлерін жандандыру. Жас буынның тарихи танымдарын, демократияға және азаматтыққа бағдарланған дүниетанымдары мен сана-сезімдерін, өмірге көзқарасын қалыптастыру.
Қатысу шарттары
1. М.Мақатаев оқуына қатысатын оқушының поэзияны сүйетін, оны тақырыбына сай талдай білетін, ғылыми жұмысқа бейімі бар, өлеңді мәнерлеп, көркем оқи алатын қасиеті әрі ақындық талабы болуы және облыстық байқаудың жүлдегері болуы шарт. Үміткер ақиық ақын М. Мақатевтың шығармашылығын жатқа білуі және кез-келген өлеңін талдай алуы қажет. Сонымен бірге талапкер өз шығармашылық қабілетін танытуы керек.
2. М. Мақатаев оқулары екі кезеңнен тұрады:
1-кезең (1-күн) М. Мақатаев оқуларының ашылуы
2- кезең (2-күн) М. Мақатаев оқуларының өткізілуі.
2.1. «Айтып өткен ақында арман бар ма?»
Бұл айдарда үміткер М. Мақатевтың шығармашылығынан жатқа білетін өлеңдерінің тізбесін (поэмадан басқа) әкеліп алдын-ала әділқазыларға ұсынады. Ұсынылған тізбеден әділқазылардың нұсқауымен кез-келген өлеңді жатқа оқиды. Әділқазылар тізбенің кез-келген жерінен 2-3 өлең ұсынуы мүмкін. Үміткердің жатқа білетін өлеңдерінің санына және мәнерлеп көркемдеп оқылуына баға қойылады. Егер әділқазылар ұсынған өлеңді үміткер жатқа айта алмаса, ұпайы кемиді.
2.2. «Көкірегімде жыр сәулесі маздайды…» айдарында оқушы өз шығармашылығынан жинағын ұсынады (кітапша) және өз туындысын оқиды. Әділқазылардың нұсқауымен кітапшадан оқушының өз шығармасын жатқа оқуы шарт. Оның көркемдігі, ойлылығы, тақырыптың ашылуы, оқу мәнері ескеріледі (5-10 ұпай).
2.3 «Жыр эстафетасы» айдарында үміткерлер «Райымбек, Райымбек», «Алтай-Атырау» поэмаларын толық жатқа білуі керек. Топ оқушы жеребе бойынша таңдауға түскен поэманы жатқа айту арқылы өзара сынға түседі (5-10 ұпай).
2.4 «Жырлайды жүрек» айдарында берілген тақырыпқа өлең құрайды. Тұжырымды, түйінді бір шумақ өлең туғызу. Ол ұтымды, жұрт көңілінен шығардай болғаны абзал (5-10 балл).
2.5. «Сыр сандықты ашып қара,
Ашып қара сырласым» бұл айдарда үміткер конвертте берілген Мұқағали өлеңдерінің шумақтары бойынша тақырыптың мазмұны мен идеясын ашады. Өлең өзегіндегі ой желісімен сөйлейді. Мұнда оқушының шешендігі, ой жүйелілігі, ұтымды жауабы ескеріледі.
2.6. «Мұқағали мұрасын кім көп біледі?» деп аталады. Бұл «Ғасыр көшбасшысы» ойынындағы «Жорға» ойыны секілді, 1 минутта 10 сұрақтың қаншасына жауап берді, әрі оның қаншасы дұрыс екендігі ескеріледі.
Әр дұрыс жауап – 1 ұпай.
2.7. «Ақын мұражайына менің үлесім…» Бұл айдарда оқушының ақын шығармашылығына байланысты жеке қолынан жасаған бұйымдары, суреттері, кестелері, ақынның танылмаған қырын көрсететін жобалары, зерттеулері, ақын жайлы ел аузындағы естілмеген естеліктерін ұсынады, қорғайды. Ұсынылған жоба заттары ақын мұражайынан арнайы орынға жыл сайын жинақталып отырады (5-10 ұпай).
Әр айдарды қорғауға 3 минут беріледі.
М. Мақатаев оқуларына жалпы білім беретін мектептердің 7-11 сынып оқушылары қатыса алады.
Облыстық, аудандық, қалалық, мектепішілік М. Мақатаев оқуларын өткізудің нақты мерзімін тиісті білім бөлімдері мен мекеме басшылары белгілейді.
М. Мақатаев оқуларының ақтық кезеңі, республикалық тур Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында өткізіледі.

Қаржыландыру
Облыстық, аудандық, қалалық, мектепішілік М. Мақатаев оқуларын өткізуді қаржыландыруды тиісті білім беру органдары жүзеге асырады.
М. Мақатаев оқуларына қатысушылардың жолда жүруге байланысты шығындарын, орналастыруын жіберіп отырған мекеме көтереді.
М. Мақатаев оқуларына қатысушылары тамақтандыру, марапаттауға және жүлделері мен кеңсе заттарын сатып алуға байланысты шығындарын Алматы облыстық білім басқармасы көтереді.
Жұмыс органдары
М. Мақатаев оқуларының шешуші соңғы кезеңін дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру жұмыстарын жүзеге асыру және үйлестіру мақсатында Алматы облыстық білім басқармасының бұйрығымен ұйымдастыру комитеті құрылады.
Республикалық ұйымдастыру комитетінің құрамына облыстық білім басқармасы мен облыстық білім ұйымдарының қызметкерлері, тиісті аудандық білім бөлімдерінің жетекшілері енгізіледі.
М. Мақатаев оқуларының соңғы кезеңін өткізудің ұйымдастыру комитеті:
– М. Мақатаев оқуларының өткізудің жалпы тәртібін белгілейді;
– Тікелей басшылық жасауды жүзеге асырады;
– М. Мақатаев оқуларының материалдарын баспасөзге жариялауға береді.
Республикалық ұйымдастыру комитетінің төрағасы – облыстық білім басқармасының бастығы.

Қазылар алқасы
М. Мақатаев оқуларының қазылар алқасының құрамы төрағадан, хатшыдан және 3-5 алқа мүшелерінен тұрады.
Қазылар алқасының құрамын облыстық ұйымдастыру комитетінің ұсынуы бойынша облыстық білім басқармасының бастығы бекітеді.
Қазылар алқасы:
– талапкердің өнеріне талдау жасайды және 10 балдық жүйемен бағалайды;
– қатысушылардың өнерін бағалаудағы мәселелерді талқылайды және қажет болған жағдайда тиісті түзетулер енгізеді;
– жеңімпаздарды анықтайды және жүлделі орындарды бөледі.
– Облыстық білім басқармасына М. Мақатаев оқуларының қорытындысы бойынша есеп береді.

Жүлдегерлерді марапаттау
М. Мақатаев оқуларының ашылуы және қорытындылануы, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі салтанатты түрде өтеді.
М. Мақатаев оқуларының облыстық, аудандық, қалалық жеңімпаздары тиісті білім мекемелерінің дипломдарымен, ынталандыру грамоталарымен және ескерткіш сыйлықтармен марапатталады.
М. Мақатаев оқуларының соңғы кезеңінің жүлдегерлері қазылар алқасының шешімі бойынша, Алматы облыстық білім басқармасының 1, 2, 3 дәрежелі дипломдарымен, ынталандыру грамоталарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
М. Мақатаев оқуларының шешуші кезеңінде 7 жүлделі орын белгіленеді:
– бас жүлде;
– 1 орын (біреу);
– 2 орын (екеу);
– 3 орын (үшеу).