І. Жалпы ережелері
1.1. Осы ережелер жалпы білім беретін оқу орындары оқушылары арасында өткізілетін республикалық Ілияс Жансүгіров оқуларының мәртебесін, мақсаттары мен міндеттерін айқындайды.
1.2 Жалпы білім беретін оқу орындары арасында өткізілетін республикалық Ілияс Жансүгіров оқуларының мақсаттары мен міндеттері:
– жалпы білім беретін оқу орындарының оқушылары арасында Ілияс Жансүгіров шығармаларын насихаттау;
– жалпы білім беретін оқу орындары оқушыларының шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, тума талант, табиғи дарындарын анықтау;
– оқушылардың поэзияға деген құштарлығын арттыру, өлең сөзінің құдіретін жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білуге үйрету. Ілиястың прозалық, драматургиялық шығармаларымен және ғылыми зерттеулерімен танысып, ол туралы өз ой-пікірлерін ғылыми тұрғыда жеткізе білуге дағдыландыру;
– жас ақындарға әлеуметтік- рухани қолдау көрсетіп, олармен шығармашылық жұмыс түрлерін жандандыру. Жас буынның тарихи танымдарын, демократияға және азаматтыққа бағдарланған дүниетанымдары мен сана-сезімдерін, өмірлік айқындамаларын қалыптастыру.
ІІ. Республикалық жалпы Ілияс Жансүгіров оқуларына қатысушылар
2.1 Ілияс Жансүгіров оқуларының республикалық кезеңіне облыстық байқаудың жүлдегерлері қатысады.
2.2 Әрбір аудандық (қалалық), облыстық білім мекемелері жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасынан республикалық Ілияс Жансүгіров оқуларына 1(бір) кандидатурадан ұсынады. Қатысушының аты-жөні, облысы, ауданы (қаласы), мектебі, сыныбы, жетекшісінің аты-жөні, телефоны туралы толық мәліметі бар тапсырысты облыстық білім басқармасына жіберулері керек. Алдыңғы Ілияс оқуларының жеңімпаздары бұл оқуға қатыса алмайды.
ІІІ . Республикалық Ілияс Жансүгіров оқуларының шарттары
3.1. Ілияс Жансүгіров оқуларына қатысатын оқушы поэзияны сүйетін, оның тақырыбына сай талдай білетін, ғылыми жұмысқа бейімі бар, өлеңді мәнерлеп, көркем оқи алатын, өлең жаза алатын ақындық талабы болуы шарт.
Ілияс Жансүгіров оқуларына қатысушы жыр Құлагері атанған Ілиястың шығармаларын жақсы білуі керек және кез-келген өлеңін, прозалық, драматургиялық шығармаларын талдай білуі қажет. Сонымен бірге талапкер өз шығармашылығын да көрсетеді.
3.2. Ілияс Жансүгіров оқуларын өткізу төрт номинациядан тұрады.
1-номинация: Ілияс Жансүгіров оқуларына қатысушы Ілияс Жансүгіровтың прозалық немесе поэзиялық шығармасын таңдап алып, шығарма немесе жазбаша талдау жасап комиссия мүшелеріне алдын – ала тапсыруы керек. Бұл жерде талапкердің әдебиетті сүюімен қатар, әдеби шығармаларға деген ғылыми көзқарасы, өзіндік пікірі, ой – талғамы қандай екендігі бағаланады. Шығарма немесе талдау жұмысының компьютерде тергендегі көлемі үш беттен аспауы керек.
2-номинация: Талапкер Ілияс Жансүгіровтың бір өлеңін жатқа, мәнерлеп оқиды.
3-номинация: Талапкер өз шығармашылығымен таныстырады, жатқа, мәнерлеп оқиды. Өзі жазған өлеңдерді топтап, мәтіндерін алдын – ала комиссияға жазбаша түрде тапсыруы керек.
4-номинация: Талапкер Ілияс Жансүгіровтың прозалық шығармасын немесе драматургиясынан үзінді жатқа оқиды.
IV Қаржыландыру
4.1 Республикалық Ілияс Жансүгіров оқуларының мектепішілік, аудандық, қалалық, облыстық кезеңдерін қаржыландыруды тиісті білім мекемелері жүзеге асырады.
4.2. Оқушылардың Ілияс Жансүгіров оқуларына қатысуға байланысты шығындарын жіберіп отырған мекемелері көтереді.
4.3. Республикалық Ілияс Жансүгіров оқуларына қатысушыларды орналастыруға, тамақтандыруға, жүлделер, кітапшалар шығару, көркем безендіруге байланысты шығындарын Алматы облыстық білім басқармасы көтереді.
V Жұмыс органдары
5.1. Республикалық Ілияс Жансүгіров оқуларын дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру жұмыстарын жүзеге асыру және үйлестіру мақсатында Алматы облыстық білім басқармасының бұйрығы негізінде облыстық ұйымдастыру комитеті құрылады.
5.2. Республикалық ұйымдастыру комитетінің мүшелігіне облыстық білім басқармасының, Ақсу аудандық білім бөлімі қызметкерлері енгізіледі.
5.3. Республикалық Ілияс Жансүгіров оқуларының ұйымдастыру комитеті:
– Ілияс Жансүгіров оқуларын өкізудің жалпы тәртібін белгілейді;
– Тікелей басшылық жасайды, жүзеге асырады;
– Республикалық Ілияс Жансүгіров оқуларының қорытындыларына талдау жасайды және жинақтап қорытады;
– Республикалық Ілияс Жансүгіров оқуларының материалдарын баспасөзде жариялайды.
5.4. Республикалық ұйымдастыру комитетінің төрағасы – облыстық білім басқармасының басшысы.
VІ. Республикалық Ілияс Жансүгіров оқуларының қазылар алқасы
6.1. Ілияс Жансүгіров оқулары қазылар алқасының құрамы төрағадан, хатшыдан және 5 алқа мүшелерінен тұрады.
6.2. Қазылар алқасының төрағасы мен құрамын республикалық ұйымдастыру комитетінің ұсынылуы бойынша облыстық білім басқармасының басшысы бекітеді.
6.3. Республикалық Ілияс Жансүгіров оқуларының қазылар алқасы:
– қатысушылардың өнеріне талдау жасайды және 10 балдық жүйемен бағалайды;
– қатысушылардың өнерін бағалаудағы даулы мәселелерді талқылайды және қажет болған жағдайда тиісті түзетулер енгізеді;
– жеңімпаздарды анықтайды және жүлделі орындарды бөледі;
– республикалық Ілияс Жансүгіров оқуларының қорытындылары туралы есеп береді.
VІІ. Республикалық Ілияс Жансүгіров оқуларының жұмысын қорытындылау және қатысушыларды марапаттау
7.1. Республикалық Ілияс Жансүгіров оқуларының ашылуы және қатысушыларды марапаттау рәсімі салтанатты, мерекелік түрде өткізіледі.
7.2. Аудандық, қалалық, облыстық Ілияс Жансүгіров оқуларының жеңімпаздары тиісті білім органдарының дипломдарымен, грамоталарымен және жүлделерімен марапатталады.
7.3. Республикалық Ілияс Жансүгіров оқуларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері қазылар алқасының шешімі бойынша І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен, барлық үміткерлер ынталандыру грамоталарымен марапатталады.
7.4. Республикалық Ілияс Жансүгіров оқуларының жеңімпаздары үшін тоғыз жүлделі орын белгіленеді: Бас бәйге, бір бірінші, екі екінші, үш үшінші және «Сәтті қадам», «Көрермен көзайымы» атты арнайы номинациялар.