Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын, қазақ әдебиетінің ірі өкілі Қадыр Мырза – Әлі – ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының жан-жақты өсіп, өркендеуіне, кемелденуіне, болашақ ұрпақтың ұлттық рухын қалыптастыруда зор еңбек сіңірген қаламгерлердің бірі.
- Осы ереже Республикалық жалпы білім беретін оқу орындары оқушыларының арасында өткізілетін Қадыр оқуларын (бұдан әрі – Қадыр оқулары) өткізу тәртібін айқындайды.
- Байқаудың мақсаты: мектеп оқушылары арасында Қадыр өлеңдерін насихаттау; олардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, жазушының рухани бай мұрасына деген сүйіспеншілікке, адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелеу, оқушылардың ой тұжырымдарын, әдеби тіл байлықтарын, есте сақтау қабілеттерін, көркем сөз оқу шеберлігін дамыту.
- Республикалық Қадыр оқуларына оқыту тіліне қарамастан, мемлекеттік жалпы білім беретін мектептердің, лицейлердің, гимназиялардың және басқа да орта білім беру ұйымдарының 5-11-сыныптарының оқушылары қатыса алады.
- Қадыр оқулары 2 кезеңде өткізіледі:
І облыстық кезең – наурыз-сәуір айында
ІІ республикалық кезең – сәуір айында
- Республикалық Қадыр оқулары үш бөлім бойынша өтеді:
5.1 «Сөздің бәрі құдіретті…» – Қадыр Мырза Әлі шығармаларын жатқа оқу конкурсы. Қатысушы өзі жатқа білетін шығармалардың тізімін 2018 жылдың 15 сәуіріне дейін Батыс Қазақстан облысы білім басқармасына жолдауы қажет. Тел: 8(7112 ) 26-04-65, 24-12-07, электронды поштасы zkodo@mail.ru
Қадыр Мырза Әлі шығармаларын көбірек жатқа білетін және нақышына келтіре оқыған, сахна мәдениетін меңгерген оқушыға жоғары баға қойылады.
5.2 «Кейбір жырым дән ұшырып қырманда,
Кейбір жырым бақташы боп жүр маңда.» Қадыр Мырза Әлі сөздеріне жазылған әндерді орындаушылардың конкурсы. Қатысушы 3 ән дайындап, ұсынады. Әділқазылар алқасының шешімімен 1 әнді жатқа орындайды. Қажет болған жағдайда дайындап келген шығармасынан кез келген әнді орындауды сұрауға болады. Қатысушы өзі орындайтын әндер тізімін, композитордың толық аты-жөнін жазуы міндетті.
Ескерту: Орындайтын әннің музыкасын диск немесе флешкаға жазып, әкелу қажет.(Ұялы телефондағы әндер қабылданбайды)
5.3 «Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін» – жас дарындар конкурсы (өз шығармаларын орындау: өлеңдер, әндер, музыкалық шығармалар). Қазылар алқасы сол жерде қосымша тапсырма беруге құқылы.
5.4. Республикалық Қадыр оқулары жоғарыда көрсетілген үш бөлім бойынша 2018 жылғы 27 сәуір күні Қадыр Мырза Әлінің туған жері БҚО, Сырым ауданы, Жымпиты ауылында өткізіледі. Қатысушы оқушылардың тамақтануы мен жатын орнының төлем ақысы, келу-қайту жол ақысын жіберуші жақ өтейді.
5.5. Конкурстың республикалық кезеңіне облыстық байқаудан жүлделі орын алған оқушылар қатысады. (Байқауға өткен жылдардағы аймақтық Қадыр оқуларының жеңімпаздары қатыса алмайды).
5.6. Әр облыстан Қадыр оқуларына 3 кандидатура: ақындардың шығармаларын жатқа оқитын 1 (бір) оқушыны, әндерді орындайтын 1(бір) оқушыны және өз шығармаларын (өлеңдері, әндері, музыкалық шығармалар) орындайтын 1 (бір) оқушыны ұсынады.
5.7. Қатысушылар туралы сұраныс 2018 жылдың 15 сәуірге дейін Батыс Қазақстан облысы білім басқармасы «Дарын» қосымша білім беру орталығына жолдану қажет. Тел: 8(7112 ) 21-75-33 электронды поштасы daryn _ uralsk@ mail.ru
5.8. Конкурстың әрбір бөлімі бойынша жүлделі орын: Бас жүлде, бірінші, екінші, үшінші және алғыс хат белгіленеді. Сонымен қатар Сырым ауданы әкімінің арнайы сыйлығы тағайындалады.
5.9. Қадыр оқуларына төрағадан, хатшыдан және 3-7 алқа мүшелерінен тұратын қазылар алқасының құрамын ұйымдастыру комитеті бекітеді.
5.10. Республикалық Қадыр оқуларының қазылар алқасы:
1) қатысушылар өнерін бағалаудың өлшемдерін бекітеді;
2) қатысушылардың өнеріне талдау жасайды және балдық жүйемен бағалайды;
3) қатысушылардың өнерін бағалаудағы даулы мәселелерді талқылайды және қажет болған жағдайда тиісті түзетулер енгізеді;
4) жеңімпаздарды анықтайды және жүлделі орындарды бөледі.