«Алтын қазына» көркем және сәндік-қолданбалы өнер бойынша балалар шығармашылығының республикалық көрме-байқауы

Жалпы ережелер

«Алтын қазына» көркем және сәндік-қолданбалы балалар шығармашылығының республикалық көрме-байқауын (бұдан әрі – Көрме-байқау) өткізу ережелері оның мақсатын, міндеттерін, өткізу және қаржыландыру тәртібін анықтайды.

Мақсаты: білім алушылардың көркем, шығармашылық қабілеттерін дамыту, тәрбие беру және тұлғаны әрі қарай үйлесімді дамыту бойынша жүйелі және мақсатты қызмет жүргізуге жағдай жасау, рухани-адамгершілік және мәдени құндылықтарға араластыру.

Міндеттері:

– білім алушыларды көркем өнерге, тарихи мұраға араластыру, оларды белсенді шығармашылық қызметке тарту, оларды әлеуметтендіру;

– бала тұлғасының шығармашылығын, оның әлемді эмоциямен қабылдаудағы эстетикалық сезімін дамыту;

– балалар шығармашылығының көркем және қолданбалы-сәндік өнеріне деген қызығушылықтарын дамыту;

– заманауи сәндік-қолданбалы өнердегі халық дәстүрін сақтау және елдің мәдени-тарихи мұрасын арттыру;

– балалардың бойында отансүйгіштік сезімін, Қазақстан Республикасында тұратын халықтардың ұлттық мәдениетіне, халықтық дәстүрлеріне, халықтардың салтына деген құрмет және ұқыпты көзқарасты тәрбиелеу;

– шығармашылықпен жұмыс істейтін педагог жұмысшыларды ақпараттық қолдау, ұжымдар арасындағы шығармашылық байланыстарды кеңейту және қолданбалы-сәндік өнері саласында балалармен жұмыс жүргізу үшін білім беру ұйымдарының педагогтері арасында тәжірибе алмасу;

– балаларды іс-шараларға араластыру арқылы оларды қосымша білім берумен қамтуды кеңейтуге ықпал ету.

Көрме-байқауды Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша өткізеді.

Көрме-байқаудың әділ қазылар алқасының құрамын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі қалыптастырады.

Көрме-байқауды ұйымдастырушылар ұйымдастыру комитетінің құрамын қалыптастырады.

Көрме-байқауды ұйымдастыру уақыты мен орны

Көрме-байқау 2019 жылғы 1-2 қарашада Қызылорда қаласында өткізіледі. Қатысушылардың келу күні – 2019 жылғы 31 қазан, кету күні – 3 қараша.

Облыстардың, Астана және Алматы, Шымкент қалаларының білім басқармалары басшыларының қолы қойылған байқауға қатысу туралы өтінім (1-қосымша) 2019 жылғы 1 қазанға дейін келесі мекенжай бойынша: 000010 Астана қ., Мәңгілік ел, 8, ҚР БҒМ, bibi.abilkarimova@mail.ru электронды поштасына қабылданады, телефондары: 8 (7172) 74-22-87, 74-22-95.

Өтінімге қоса мыналар тіркеледі:

1) Көрме-байқаудың облыстық (Астана, Алматы, Шымкент – қалалық) кезеңдері жеңімпаздарының және топ жетекшілерінің Республикалық Көрме-байқауға қатысуы үшін жолдау туралы білім басқармасы басшысы бұйрығының көшірмесі;

2) қатысушылар туралы мәлімет (Т.А.Ж., туған жылы, сыныбы, оқу орны және білім беру ұйымының мекенжайы, тұрғылықты мекенжайы, телефоны, номинациясы, жұмыстың тақырыбы, топ жетекшілерінің аты-жөні, қызмет орны, лауазымы, ұялы телефондары);

3) қатысушылардың және топ жетекшілерінің жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері;

4) ата-аналардың нотариус бекіткен сенімхаттары.

Көрме-байқаудың қатысушылары

Көрме-байқауға облыстық, қалалық (Астана, Алматы, Шымкент) Көрме-байқауларында орындаудың түрлі жанрлары, техникалары және материалдары бойынша жеңімпаз болған республиканың мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарының және жалпы білім беретін мектептердің 11-17 жастағы (18 жасқа дейін) білім алушылардың жұмыстары қабылданады. Жұмыстар авторлық (жеке) болуы қажет

Қатысушылардың жалпы саны – 128 адам. Өңірден қатысатын қатысушылардың саны қосымша берілетін бөлу парағына сәйкес анықталады.

Көрме-байқауды өткізу орнына дейін жету жолында, іс-шараны өткізу барысында және тұрғылықты жерге қайту жолында қатысушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі үшін жауапкершілік облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының білім басқармалары анықтаған топ жетекшісіне жүктеледі.

Әрбір топ қатысушысы Жарысты өткізу орнына дейін жету кезінде, Жарысты өткізу барысында және тұрғылықты жерлеріне кері қайту кезінде өз заттарының қауіпсіздігіне жауапты.

Топ жетекшісінің өзімен бірге келесі құжаттар болуы тиіс:

– білім алушылардың және топ жетекшілерінің Форумның облыстық, Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы кезеңдерінің өткізу қорытындысы бойынша Форумға қатысу үшін жолданғаны туралы білім басқармасы басшысы бұйрығының көшірмесі;

– қатысушылар туралы мәлімет (Т.А.Ә., туған күні, айы, жылы, сыныбы, оқу орны және білім беру мекемесінің мекенжайы, тұрғылықты мекен-жайы, телефоны, номинациясы, жұмыстың атауы, топ жетекшісінің Т.А.Ә., жұмыс орны, лауазымы, ұялы телефоны);

– барлық қатысушылардың мен топ жетекшілерінің  жеке басын куәләндіретін құжаттарының көшірмесі;

– дәрігердің қолы және мөрімен расталған, дене жүктемелеріне рұқсаты бар денсаулығының жағдайы туралы анықтамасы;

– фотосуреті бар және білім беру ұйымының мөрімен және қолымен расталған оқу орнынан анықтама;

– топтың сақтандыру полисі;

– топ жетекшілерінің іссапар куәліктері;

– қатысушылардың ата-аналарының сенімхаттары.

– жұмысқа аңдатпа ( 2-қосымша).

Әр топтың киімдерінде ерекше элементтері: бейсболкалар, галстуктар, эмблемасы және т.б. болуы керек.

Көрме-байқауды өткізу шарты және тәртібі

Бұқаралық іс-шараларға қатыстыру арқылы көркем, сәндік-қолданбалы шығармашылықты дәріптеу, балаларды қосымша біліммен қамтуды арттыру мақсатында Көрме-байқау екі кезеңнен өткізіледі.

1) бірінші кезең (іріктеу) – өңірлік:

– мектепішілік Көрме-байқау;

– аудандық (қалалық) Көрме-байқау;

– облыстық, Астана,  Алматы, Шымкент қалалық Көрме-байқау.

2) екінші кезең (қорытынды) – республикалық Көрме-байқау.

Көрме-байқаудың бірінші өңірлік (іріктеу) кезеңін өткізу мерзімі аудандық (қалалық), облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының білім басқармалары басшыларының бұйрықтарымен анықталады.

Көрме-байқауға әрбір қатысушыдан келесі номинациялар бойынша 5-тен аспайтын жұмыстар қабылданады:

1) тоқыма бұйымдарын дайындау: гобелен, кестелеу, батик, киіз басу, құрақ пластикасы;

2) ағашты, сүйекті, теріні көркемдеп өңдеу: көлемді және тегіс кесу, ағашқа сәндеп жазу, қайың қабығынан жасалған бұйымдар, инкрустация (сүйек, металл,ағаш);

3) шыныны көркемдеп өңдеу: витраж;

4) металлды көркемдеп өңдеу: зергерлік бұйымдар, шағын формалардың мүсіні, бедер салу, соғу;

5) ағаштан, тастан, саздан (қыш саз), сабан, тоқымадан шағын формадағы мүсіндерді жасау;

6) ұлттық ою-өрнегі бар халықтық киімдерінің үлгісін жасау;

7) қағаздан бұйымдар жасау: оригами, аппликация,  квиллинг, папьемаше

Жұмыстардың ілеспе заттаңбасы (этикеткасы) болуы тиіс: жұмыстың аталуы, автордың тегі, аты, жасы, орындау техникасы, білім беру ұйымының аталуы.

Жұмыстар көрсетілім үшін толығымен дайын болуы керек (ілгіштер: жиектері, ілмектері, тірегіштері және тағы басқаларының болуы)

Байқау жұмыстары келесі өлшемдермен бағаланады:

– жұмыстың көрме номинациясына сәйкестігі;

– ұлттық дәстүрлерді сақтау және қолдану;

– жұмыстың орындалу сапасы және көркемдік деңгейі;

– ерекшелігі;

– бұйымның стильдік, көркемдік және образдың шешімінің тұтастығы.         

Көрме жұмыстары байқау өлшемдеріне сәйкес 10 баллдық жүйемен кәсіби әділ қазылар бағалайды. Әділ қазылардың шешімдері хаттамада толтырылады.

Көрме-байқау аяқталғаннан кейін байқау жұмыстары қатысушыларға қайтарылады.

Байқауға қатысушыларды марапаттау

Жеңімпаздар дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталады. Байқау қатысушылардың барлығына сертификаттар тапсырылады. Көрме-байқауының жеңімпаздарын дайындаған педагогтерге алғыс хаттар беріледі немесе жолданады.

Байқауды қаржыландыру

Аудандық, облыстық, Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы Көрме-байқау кезеңдерін жергілікті атқарушы органдар қаржыландырады.

Көрме-байқауға қатысушылардың іс-шара өткізілетін жерге келетін және кері қайтатын жол ақысы және жолдағы тамақтануы Көрме-байқауға жіберуші жақтың тарапынан төленеді.

Көрме-байқауды өткізу және ұйымдастыру, жарыс кезінде қатысушылардың орналасуы және тамақтануына шығыстарды Республикалық бюджет есебінен қамтамасыз етіледі.