1-тарау. Жалпы ережелер
«Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялардың республикалық байқауын (бұдан әрі – Байқау) өткізу ережесі оның мақсатын, міндеттерін, өткізу тәртібін және қаржыландыруды анықтайды.
Байқаудың мақсаты: білім алушыларға ғылым мен техниканың әр түрлі облысындағы, өнертапқыштық, зерттеу жұмыстарына тарту, талантты балаларға қолдау көрсету, тұлғаның шығармашылық құзыреттілігінде бәсекелестік артықшылықтарын қалыптастыру.
Байқаудың міндеттері:
1) білім алушылардың шығармашылығын, танымдылығын, интеллектуалды бастамаларын белсендіру;
2) білім алушылардың ғылыми-зерттеу істеріне қызығушылығын дамыту;
3) техникалық шығармашылық және өнертапқыштық облысында оқитын дарынды оқушылардың таланттыларын анықтау;
4) инновациялық өнертабыстар мен ғылыми-зерттеу облысында, шығармашылық жұмыстарды командамен орындаудың жаңа тәсілдері құзыреттілігін қалыптастыру;
5) іс-шаралар арқылы қосымша білім алуға балалардың санын көбейтуге көмектесу.
Байқауды Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша өткізеді.
Байқаудың әділ қазылар алқасының құрамын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы қалыптастырады.
Байқауды дайындау және өткізу үшін ұйымдастырушы Байқаудың ұйымдастыру комитетінің құрамын қалыптастырады.
2-тарау. Байқауды өткізу уақыты және орны
Байқау 2019 жылғы 30-31 қазанда Алматы облысы Талдықорған қаласында өткізіледі. Қатысушылардың келу күні – 2019 жылғы 29 қазан, қайту күні – 1 қараша күні.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармалары басшыларының қолы қойылған байқауға қатысу туралы өтінім (1-қосымша) келесі мекенжай бойынша қабылданады: 000010 Астана қаласы, Кенесары к-сі, 40, ҚР БҒМ РҚББОӘО.
Өтінімге қоса мыналар тіркеледі:
1) Байқаудың облыстық және қалалық (Алматы, Астана және Шымкент) кезеңдері жеңімпаздарының және топ жетекшілерінің Республикалық байқауға қатысуы үшін жолдау туралы білім басқармасы басшысы бұйрығының көшірмесі;
2) қатысушылар туралы мәлімет (Т.А.Ж., туған жылы, сыныбы, оқу орны және білім беру ұйымының мекенжайы, тұрғылықты мекенжайы, телефоны, номинациясы, жұмыстың тақырыбы, топ жетекшілерінің Т.А.Ж., жұмыс орны, лауазымы, ұялы телефондары);
3) қатысушылардың және топ жетекшілерінің жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері.
3-тарау. Байқауға қатысушылар
Байқауға облыстық, республикалық маңызы бар қалаларда байқаулардағы байқау кезеңдерінің жеңімпаздары – жалпы орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары қатысады.
Байқауға қатысушылардың жас мөлшері: 11-17 жас (18 жасқа дейін).
Жалпы қатысушылардың саны – 160 адам.
Байқауды өткізу орнына дейін жету жолында, іс-шараны өткізу барысында және тұрғылықты жерге қайту жолында қатысушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі үшін жауапкершілік облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармалары анықтаған топ жетекшісіне жүктеледі.
Байқауды өткізу орнына дейін жету кезінде, Байқауды өткізу барысында және тұрғылықты жерлеріне кері қайту кезінде топтың әр қатысушысы заттарының сақталуына өзі жауапты.
Конкурсқа келгеннен кейін топ жетекшісі ұйымдастыру комитетіне өткізеді:
1) білім алушылар және команда жетекшілерінің облыстық, (республикалық маңызы бар қалаларда – қалалық) жарыс кезеңдерінің қортындысы бойынша, Байқауға қатысу үшін жолданғаны туралы білім басқармасы басшысы бұйрығының көшірмесі;
2) қатысушылар туралы мәлімет (Т.А.Ж., туған жылы, сыныбы, оқу орны және білім беру ұйымының мекен жайы, тұрғылықты мекен жайы, телефоны, номинациясы, жұмыстың тақырыбы, топ жетекшісінің Т.А.Ж., жұмыс орны, лауазымы, ұялы телефоны);
3) барлық қатысушылардың және топ жетекшілерінің жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
4) денсаулық жағдайы жөніндегі анықтамасы;
5) білім беру ұйымы басшысының қолымен және мөрімен расталған қатысушының фотосуреті бар анықтама;
6) команданың сақтандыру полисі;
7) топ жетекшілерінің іссапар куәліктері;
7) ата-аналардың сенімхаттары.
Әр облыстың, республикалық маңызы бар қалалар делегацияларының киімдерінде ерекше элементтері: галстуктар, кепкалар, бейсболкалар, эмблема, қатысушылардың жеке гигиена заттары болуы тиіс.
4-тарау. Байқауды өткізу шарттары және тәртібі
Бұқаралық іс-шараларға қатыстыру арқылы балаларды қосымша біліммен қамтуды арттыру үшін Байқау екі кезеңде өткізіледі:
1) бірінші кезең (іріктеу) – өңірлік:
– мектепішілік Байқау;
– аудандық (қалалық) Байқау;
– облыстық, қалалық (Алматы, Астана және Шымкент) Байқау.
2) екінші кезең (қорытынды) – республикалық Байқау.
Байқаудың бірінші өңірлік (іріктеу) кезеңін өткізу мерзімі аудандық (қалалық), облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармалары басшыларының бұйрықтарымен анықталады.
Байқауға келесі номинациялар бойынша жекелеген жұмыстар қабылданады:
1) автокөліктің қолданыстағы модельдерін әзірлеу саласындағы техникалық құрастыру (автобустар, жеңіл көлік, жүк көлігі, арнайы техника, тәжірибелік модельдер және жол таңдамайтын көліктер);
2) өндіріс саласындағы техникалық құрастыру (станок жабдықтары, техникалық ойыншықтарды қоса алғанда әр түрлі техникалық нысандар моделдері, оның ішінде дәстүрлі емес материалдардан (қағаз-пластиктен және т.б.) жасалған тәжірибелік модельдер);
3) ауыл шаруашылық техникалар мен жабдықтар саласындағы техникалық құрастыру (трактор модельдері, комбайн, тұқым сепкіш, жүк тиегіш, жүк іріктегіш, шөмеле үйетін машина, ауыл шаруашылық кешендері, тәжірибелік модельдер және т.б.);
4) әскери техника саласындағы техникалық құрастыру (танк модельдері, зеңбірек, бронетранспортерлер, әуеқорғаныс құрылғылары, тәжірибелік модельдер тапаншадан, қарудан, автоматтан және т.б. басқа);
5) су көлік саласындағы техникалық құрастыру (ауа жастықшалы кеме моделі, кеме, яхта, гидроплан, катер, қайық, тәжірибелік модельдер және т.б.);
6) құрылыс облысындағы жобалар (тұрғын үй макеттері, әкімшілік ғимараттар, коттедждер, кешендер, спорттық ғимараттар, вокзалдар, порттар, аэродромдар, сауда орталықтары және т.б.);
7) жылу энергетикасы, электр энергетикасы, баламалы энергетика саласындағы жобалар (ядролық энергетика және жылу физикасы; альтернативті және көміртекті емес энергетика; энергия үнемдеуші технологиялар; отын өндіру және өңдеу; радиоактивті қалдықтарды сақтау және қайта өңдеу технологиясы және т.б.);
8) авиация саласындағы жобалар: авиациялық техника әзірлеу саласындағы жобалар және модельдер (ұшақтар, тікұшақтар, пилотсыз ұшатын аппараттар, экранопландар, гидроұшақтар, амфибиялар және т.б.);
9) космонавтика және аэрокосмос техникасы саласындағы жобалар: космос техникасын әзірлеу саласындағы жобалар және модельдер (зымыранды жүйелер, космос станциялары, спутниктер, аппараттар және т.б.), зымыран құрастыру (космос кемелері, зымырандар және ілеспелі техника).
Жобаны қорғау уақыты – демонстрациялық материалдарды (макеттер, модельдер, видеолар және т.б.) қолдана отырып 5-7 минут.
Барлық номинация бойынша әр делегация үшін өнертапқыштық және зерттеу жұмыстарын орындау міндетті шарт болып табылады.
5-тарау. Байқау қатысушыларын марапаттау
Байқауға қатысушыларды кәсіби қазылар алқасы бағалайды. Әділ қазылар алқасы жұмыстарды 10-балдық жүйемен бағалайды. Әділ қазылар шешімі хаттамамен ресімделеді.
Байқаудың жеңімпаздары дипломдармен және сыйлықтармен марапатталады. Байқаудың барлық қатысушыларына сертификаттар табысталады.
Республикалық байқау жеңімпаздарының педагогтеріне алғыс хаттар табысталады.
6-тарау. Байқауды қаржыландыру
Байқаудың өңірлік кезеңдерін жергілікті атқарушы органдар қаржыландырады.
Байқауға қатысушылардың іс-шара өткізілетін жерге жететін және қайтатын жол ақысы және жолдағы тамақтануы байқауға жіберуші жақтың тарапынан төленеді.
Байқау кезіндегі қатысушылардың жатын орны және тамақтану шығыстары, Байқауды өткізуге және ұйымдастыруға шығыстар республикалық бюджет есебінен қамтамасыз етіледі.