Жалпы ережелер
Техникалық шығармашылық және өнертапқыштардың (әуе, зымыран, көлік, кеме құрастыру) республикалық жарысын (бұдан әрі – Жарыс) өткізу ережелері оның мақсатын, міндеттерін, өткізу және қаржыландыру тәртібін анықтайды.
Жарыстың мақсаты: Қазақстан Республикасында балалардың техникалық шығармашылығын дамыту, тұлғаның шығармашылық құзыреттілігінде бәсекелестік артықшылықтарын қалыптастыру, білім алушылардың өзін-өзі кәсіби анықтауы үшін жағдай жасау.
Жарыстың міндеттері:
- әр түрлі өңірлердің білім алушылары мен педагогтерінің тәжірибе алмасуына жағдай жасау;
- техникалық шығармашылық бойынша үздік жұмыс тәжірибесін насихаттау;
- балаларды инновациялық ғылыми-техникалық шығармашылыққа тарту;
- инновациялық технологиялар саласында жаңа құзыреттілікті қалыптастыру;
- техникалық шығармашылық және өнертапқыштық саласында оқитын дарынды, талантты білім алушыларды анықтау;
- топпен шығармашылық жұмыс дағдыларын қалыптастыру;
- іс-шаралар арқылы қосымша біліммен қамтылған балалар санын арттыруға ықпал ету.
Жарысты Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша өткізеді.
Әділ қазылар алқасының құрамын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі қалыптастырады.
Жарысты ұйымдастырушылар ұйымдастыру комитетінің құрамын қалыптастырады.
Жарысты ұйымдастыру уақыты мен орны
Жарыс 2019 жылғы 10-11 маусымда өткізіледі. Қатысушылардың келу уақыты – 2019 жылғы 9 маусым, кету уақыты – 2019 жылғы 12 маусым.
Өткізу орны: Жамбыл облысы, Тараз қаласы.
Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары басшыларының қолы қойылған Жарысқа қатысу туралы өтінім rumcdo_nto@mail.ru электронды поштасына қабылданады.
Өтінімге қоса мыналар тіркеледі:
- Жарыстың облыстық және қалалық (Астана, Алматы және Шымкент) кезеңдері жеңімпаздарының және топ жетекшілерінің Республикалық Жарысқа қатысуы үшін жолдау туралы білім басқармасы басшысы бұйрығының көшірмесі;
- қатысушылар туралы мәлімет (Т.А.Ж., туған жылы, сыныбы, оқу орны және білім беру ұйымының мекенжайы, тұрғылықты мекенжайы, телефоны, номинациясы, модельдің атауы, топ жетекшілерінің аты-жөні, қызмет орны, лауазымы, ұялы телефондары);
- қатысушылардың және топ жетекшілерінің жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері.
Жарысқа қатысушылар
Жарысқа облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалалық жарыстардың жеңімпаз командалары – республиканың жалпы орта және қосымша білім беру ұйымдарының білім алушылары қатысады. Жарысқа қатысушылардың жас мөлшері: 11-17 жас (18 жасқа дейін).
Жалпы қатысушылар саны – 160 адам.
Жарыс өткізу орнына дейін жету кезінде, іс-шараны өткізу барысында және тұрғылықты жерлеріне кері қайту кезінде балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі облыстың, Астана және Алматы қалаларының білім басқармаларымен анықталған топ жетекшілеріне жүктеледі.
Әрбір топ қатысушысы Жарысты өткізу орнына дейін жету кезінде, Жарысты өткізу барысында және тұрғылықты жерлеріне кері қайту кезінде өз заттарының қауіпсіздігіне жауапты.
- Топ жетекшісінің өзімен бірге келесі құжаттар болуы тиіс: білім алушылардың және топ жетекшілерінің Жарыстың облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы кезеңдерінің өткізу қорытындысы бойынша Жарысқа қатысу үшін жолданғаны туралы білім басқармасы басшысы бұйрығының көшірмесі;
- қатысушылар туралы мәлімет (Т.А.Ә., туған күні, айы, жылы, сыныбы, оқу орны және білім беру мекемесінің мекенжайы, тұрғылықты мекен-жайы, телефоны, номинациясы, модельдің атауы, топ жетекшісінің Т.А.Ә., жұмыс орны, лауазымы, ұялы телефоны);
- барлық қатысушылардың мен топ жетекшілерінің жеке басын куәландыратын құжаттарының көшірмесі;
- дәрігердің қолы және мөрімен расталған, дене жүктемелеріне рұқсаты бар денсаулығының жағдайы туралы анықтамасы;
- фотосуреті бар және білім беру ұйымының мөрімен және қолымен расталған оқу орнынан анықтама;
- топтың сақтандыру полисі;
- топ жетекшілерінің іссапар куәліктері;
- қатысушылардың ата-аналарының сенімхаттары.
Әр облыстың, Астана, Алматы және Шымкент қалалары делегацияларының эмблема, галстук сияқты және т.б. ерекше элементтері, жеке гигиена заттары болуы керек.
Жарысты өткізу шарты және тәртібі
Балаларды бұқаралық іс-шараларға араластыру арқылы қосымша білім беру жүйесінде қамтылуын арттыру үшін Жарыс екі кезеңде өткізіледі:
- бірінші кезең (іріктеу) – өңірлік: мектепішілік жарыс;
аудандық (қалалық) жарыс;
облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалалық Жарыс.
- екінші кезең (қорытынды) – республикалық жарыс.
Бірінші өңірлік (іріктеу) кезеңді өткізу мерзімі аудандық (қалалық), облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары басшыларының бұйрықтарымен анықталады.
Жарыстар келесі модельдердің кластары бойынша өткізіледі:
Радиомен басқарылатын көлік модельдері:
- 1:10 масштабта көлік модельдерін мәнерлеп жүргізу; РЦБ класы;
- 1:10 масштабта багги жарысы (4wd). Багги -10Э;
- багги 1:8 ДВС, 1:10 ДВС.
Автотрассалық модельдеу:
- Production-32;
- Production-24.
Әуе модельдері:
- F-3-Р (пенолёт) моделі;
- F-1-А планер моделі;
- кордалы жарты копия, контурлы моделі;
- F-5-J планері (мотор уақыты 15 секунд, 3 банкадан артық емес батарея, сондай-ақ 3С элетролеті).
Кеме модельдері:
- F-4-В немесе F-4–С (бір модель);
- FSR –ЕСО- MINI STANDART; 3) Ф -2 – А;
- FSR- ЕСО-STANDART.
Зымыран модельдері:
- S6А – стример;
- S9А – ротошют.
Жарыстың әрбір түрі өлшемдері, бояуы және формасымен ерекшеленетін арнайы жасалған далалық алаңда өткізіледі.
Жарыс номинациялары 10 ұпайлық жүйедегі жарыстарды бағалау өлшемдеріне сәйкес кәсіби қазылар алқасымен бағаланады. Қазылар алқасының шешімі хаттамамен ресімделеді.
Жарысқа қатысушыларды марапаттау
Жарыстың жеңімпаздары дипломдармен және сыйлықтармен марапатталады. Барлық жарысқа қатысушыларға сертификаттар тапсырылады. Жеңімпаздарды дайындаған педагогтерге алғыс хаттар беріледі.
Жарысты қаржыландыру
Аудандық, облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы жарыс кезеңдерін жергілікті атқарушы органдар қаржыландырады.
Жарысқа қатысушылардың іс-шара өткізілетін жерге бару және кері қайту жол ақысы және жолдағы тамақтануы жіберуші жақтың тарапынан төленеді.
Жарысты өткізу және ұйымдастыру, жарыс кезінде қатысушылардың жатын орны және тамақтануына шығыстар Тапсырыс беруші есебінен қамтамасыз етіледі.