Қасқабаева Мадина Серікбайқызы
№136 Т.Жүргенов атындағы мектеп – лицейдің тарих пәнінің мұғалімі, Қызылорда қаласы
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Зиялылар – қай заманда да өмір сыры мен сынын жан-жүрегімен бағамдап, толғай білген, халқының келешектегі тағдырын зерек көңілімен болжай білген жандар», – демекші, Темірбек Қараұлы Жүргенов қазақ даласындағы өз ұлтының жарқын болашағы үшін күрескен ұлтжанды, зиялы қауым өкілдерінің бірі.
Темірбек Қараұлы Жүргеновтің есімі тек қана қазаққа ғана емес, иісі түркі жұртына мәлім, Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, қаламы қарымды сыншы, көсем сөз иесі. Ол Тәжік АССР-нің қаржы наркомы, Өзбек АССР-нің Халық Ағарту комиссары, Қазақ АССР-нің Халық Ағарту комиссары қызметтерін абыроймен атқарған азамат. Қазақ халқының басындағы аса қиын кезеңде Темірбек Жүргенов қазақ мәдениеті мен әдебиеті, ғылымы мен білімін дамытуға қосқан үлесі зор. Ол қазақ өнерінің дамуы мен қазақ тілінің республикада негізгі қолданыс тілі болуын арман етті және сол үшін күресті.
Темірбек Жүргенов Шығыс пен Батыстың мәдениетін тең игерген жаңа толқынның өкілі. Ол кезінде Ырғыз бен Сыр бойы аралығын жайлаған қалың елге белгілі болған, ел ұстаған билік иесі, өз заманының талабын аңғара білген көзіқарақты жан Қара Жүргенұлының белбаласы. Осындай дәулетті тәрбиелі ортада өскен Темірбек өз кезеңі үшін тиянақты білім, ұлағатты тәрбие алды, Сыр бойында дәстүрлі халықтық ортада тәрбиеленді, ұлттық психологияны, саз бен сөз мәдениетін ананың сүтімен, атаның қамымен бойына сіңірді. Жас күнінде Темірбек Сыр бойының белгілі ағартушысы, ақыны Тұрмағанбет Ізтілеуұлы мен Аламесек орыс-қазақ мектебінде сабақ берген, қазақ тарихындағы алғашқы орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздіктің авторы Досмұхаммед Букиннен тәлім алған. Алғашқы ұстазы Тұрмағамбет Ізтілеуұлының арқасында Темірбек бірнеше шығыс тілдерін меңгеріп, шығыс мәдениетінің жауhарларымен жастай танысса, Досмұхаммед Букиннің көмегімен Еуропа мәдениетін, соның ішінде орыс мәдениетін, әдебиетін, тілін, осы қоғамдағы озық төңкерісшіл идеяларды терең игерді. Бұл тәлім Темірбектің көзқарасының қалыптасуына, өз ұлтының, халқының келешегі үшін ұлттық – саяси тәуелсіздік жолында күрескер атануына өз ықпалын тигізді.
Темірбек Жүргенов 20-30 жылдардағы қазақ зиялыларының көрнекті өкілі. Ол Нәзір Төреқұлов, Әлібек Жангелдин, Ахмет Байтұрсынов және тағы басқа ұлт зиялыларымен иық тіресе жүріп жарқын болашақ үшін күресті. 1918 жылы Торғайда шығатын «Қазақ мұңы» газетінде жұмыс істеді. «Еңбекші қазақ» республикалық газетінде ұйымдастырушылық қажырымен еңбек етті. 1924 жылы Ташкентте Орталық Азия Мемлекеттік университетінде білім ала жүріп, оқу ағарту ісінің талантты ұйымдастырушысы болды. 1927 жылы Ташкентте ұйысдасқан алғашқы Қазақ педагогикалық институтының ректоры, тау-кен институтын, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ін құру, жаппай сауаттандыру, он жылдық білім берудің жүйесін жасауға өз үлесін қосты. Темірбек Жүргенов 30-жылдардың басында Қазақстанда 4000 мектеп салдырды.
Темірбек Қараұлы Жүргеновтің жаны ғалым, зерттеуші еді. Сөз қадірін білетін Темірбек Жүргеновтің 1920 жылы Орынборда «Ұшқын» газетінде жарық көрген «Переводчиктің қиялы» атты сықақ өлеңі оның сөз өнерінде қара жаяу еместігін танытады. 1924 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының №4 санында жарияланған «Меруерт» әңгімесі сол кезеңдегі ең өзекті мәселе – әйел теңдігі мәселесіне арналған. 1925 жылы Ташкентте «Терме» жинағын құрастырады.
Ол 1935-37 жылдардағы әдебиет және мәдениет мәселелерін де өз назарында ұстады. Тұңғыш ұлттық опера өнерін дүние әкелді. 1936 жылғы Мәскеудегі сәтті өткен қазақ өнерінің он күндігі Темірбектің жұлдызын жарқыратты.
Қазақ өнеріндегі майталман тұлғалары Жамбыл Жабаев, Шара Жиенқұлова, Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков сияқты өнер саңлақтары Мәскеу төрінде қазақ өнерін паш етті.
Сол кезеңде бүкіл Одақ көлемінде А.В.Луначарскийдің ролі қандай болса, Темірбек Жүргеновтің де қазақ өнерінің өркендеуіне қосқан үлесі сондай дәрежеде болды. Сондықтан Темірбек Жүргенов қазақтың «Луначарскийі» атанды.
Тұрмағамбет Ізтілеуовке «Шахнаменің» тұңғыш қазақшаға аудартуы «Хан Кене», «Жалбыр», «Шұға» пьесаларының алғашқы көрсетілімдері Темірбек Жүргеновтің тынымсыз еңбегінің нәтижесі болып табылады.
Мәдениет саласын, рухани мұраны қалай жан сала қорғаса, саф қазақ тілін де солай қорғаған Темірбек Жүргеновтің бойынан ұлтжандылық қасиетінің кесектігін жаңа жүйенің қырағылары байқап, 1937 жылы 2 тамызда Темірбекті өз кабинетінде қамауға алып, «халық жауы» деген айып тақты.
НКВД-тергеушісі Темірбекті 1937 жылы 15 қыркүйекте ату жазасына кеседі. Үкім 25 қыркүйекте Қызылорда қаласында жүзеге асырылды. Қызылорданың жанына оның денесі құпия жерленеді.
«Шыңғыс хан дүниені алды – артында белгі қалған жоқ.Ақсақ Темір дүниені алмаса да – артында Самарқанд, мешіт, медреседей белгі қалды»,- деп Әлихан Бөкейханов айтқанындай, Темірбек Жүргенов те артында өшпес із қалдырды. Нұрлы болашақ, бақытты өмір үшін күрескен мемлекет қайраткері Т.Қ.Жүргеновтің асқақ арманы бұл күнде жүзеге асты.
Халық даналығы «Жақсының аты өшпейді» дегені осы болар.