Қызылорда қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Шеберліктің шыңдалу жолы» тақырыбында 2019 жылғы 15 ақпанда Ә.Мүсілімұлы атындағы №101 мектеп-лицейде шығармашылықпен жұмыс жасайтын қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің шеберлік сыныптары өткізілді.
Шара барысында №101 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің іс-тәжірибесінен, сондай-ақ «Үздік педагог» қала әкімінің грант иегерлері: № 3 ІТ мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, тренер Сайдалиева Эльмира, «Мұрагер» мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, республикалық байқаулар жүлдегері Тебегенова Гүлбану, республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» конкурсының жүлдегері, республикалық «ПедСтарт» олимпиадасының жеңімпазы, республикалық «Педагогикалық идеялар фестивалі» конкурсының күміс жүлдегері Абай атындағы №138 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Пірімова Әсем өз тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар-практикумда №101 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі С.Молдағажиеваның 8«А» сыныбына «Қазақ әдебиеті» пәнінен «Ұшқан ұя ұлағаты», Н.Әлиеваның 5«А» сыныбына «Менің атым – Қожа», №138 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ә.Пірімованың 8«Ә» сыныбына «Қазақ тілі» пәнінен «Табиғи ресурстар», үш тілде білім беретін мамандандырылған «Мұрагер» мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Г.Тебегенованың «Қазақ әдебиеті» пәнінен «Сараңдық пен жомарттық» тақырыбындағы жаңартылған білім мазмұны бойынша ашық сабақтары жоғары деңгейде өтті. Пән мұғалімдерінің инновациялық әдіс-тәсілдермен тапсырмаларды саралай ұсынып, оқушыларды оқу мақсатына жеткізу білуі – семинарға қатысушылардың көңілінен шығып, педагогикалық-әдістемелік қоржындарын байытты.
№3 ІТ мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, тренер Э.Сайдалиева «Саралау түрлері» тақырыбында, №101 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі С.Молдағажиева «Мұғалім мәртебесі: менің идеям бар» тақырыбында тренинг жүргізді.
Семинарға «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы Жанар Исаева шақырылды.
Семинар соңында білім бөлімінің әдіскері Мұхашова Рита 54 мектептен семинарға қатысқан қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің озат тәжірибелі ұстаздардың тәжірибесімен бөлісуі және әдістемелік көмек алуы бүгінгі өткізілген семинардың өз мақсатына жеткенін білдіреді дей келе, жетістікке жету жолында аянбай еңбектеніп жүрген ұстаздарға алғыс білдірді.
Рита Мұхашова,
Қызылорда қалалық білім бөлімінің әдіскері