Құндылыққа бағдар: тәрбие үдерісіндегі инновация» облыстық оқу-әдістемелік семинары

2019 жылғы 19 ақпан күні облыстық мамандандырылған білім беру ұйымдарының (№4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты, №9 және 10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернаттары) базасында «Құндылыққа бағдар: тәрбие үдерісіндегі инновация» тақырыбында облыстық оқу-әдістемелік семинар өткізілді. Семинарға аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары, орынбасарлары, әдіскерлер, аудандық, қалалық мектептердің директорлары, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі, бейіндік оқу ісі жөніндегі орынбасарлары, барлығы 90-ға жуық педагог мамандар қатысты. Оқу-әдістемелік семинардың мақсаты – педагогтардың кәсіби құзіреттілігін дамыту, ғылыми-әдістемелік қолдау арқылы білім сапасын қамтамасыз ету, Қызылорда облысының дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру мектептерінің іс-тәжірибесін әр ауданға, қалаға, жекелеген мектептерге тарату. 
Семинарға қатысушылар әкелер кеңесінің, «Асыл әжем» клубының жұмыстарымен танысып, соңғы үлгіде жасақталған кабинеттер аралап, ағылшын тілінде өткізілген жаратылыстану-математикалық бағыттағы сабақтарға қатысты. 


Сонымен бірге №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушылары ұйымдастырған «Ұлы дала дарындары» тақырыбындағы инновациялық жобалар фестивалін тамашалады. 
Семинар соңында облыстық білім басқармасының басшысы Мелдебекова Майра Тұрғанбайқызы білім саласындағы жаңалықтармен бөлісіп, семинар барысында көрсетілген жаңа инновациялық әдіс-тәсілдер оқыту процесінде қолдануда тың шешімдерге әкеледі деп сенім білдірді.