Қызылорда облысының білім басқармасының «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен 2019 жылдың 22 ақпаны күні орталық базасында Республикалық Мұқағали Мақатаев оқуларының облыстық кезеңі өткізілді.
М.Мақатаев оқуларының негізгі мақсаты мен міндеттері – Республиканың жалпы білім беретін оқу орындарының оқушылары арасында М.Мақатаевтың шығармаларын насихаттау. Оқушылардың поэзияға деген құштарлығын арттыру, өлең сөзінің құдіреті мен қуатын жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білуге үйрету. Өз ой-пікірлерін ғылыми тұрғыда жеткізе білуін дамыту. Сонымен қатар, жас ақындарға әлеуметтік-рухани қолдау көрсетіп, олармен шығармашылық жұмыс түрлерін жандандыру. Жас буынның тарихи танымдарын, демократияға және азаматтыққа бағдарланған дүниетанымдары мен сана-сезімдерін, өмірге көзқарасын қалыптастыру.
Мүшәйра төмендегідей 7 айдарды қамтиды:
– Айтып өткен ақында арман бар ма? Бұл айдарда оқушылар М.Мақатевтың шығармашылығынан жатқа білетін өлеңдерінің тізбесін (поэмадан басқа) әкеліп алдын – ала әділқазыларға ұсынды. Ұсынылған тізбеден әділқазылардың нұсқауымен кез-келген 2-3 өлеңді жатқа оқыды. Қатысушылардың жатқа білетін өлеңдерінің санына және мәнерлеп көркемдеп оқылуы бағаланды.
– Көкірегімде жыр сәулесі маздайды. Бұл айдарда қатысушылар өз шығармашылығынан жинақ ұсынып, өзі қалаған бір туындысын жатқа оқды. Мұнда ойының көркемдігі, ойлылығы, тақырыптың ашылуы, оқу мәнері ескерілді.
– Жыр эстафетасы айдарында үміткерлерге «Райымбек, Райымбек», «Алтай-Атырау» поэмалары жеребе түрінде таңдатылып, өзіне берілген 2 поэманың біреуін жатқа оқыды.
– Жырлайды жүрек айдары оқушылардың табиғи дарындылықтарын айқындауға негіз болды. Мұнда оқушылар берілген тақырыпқа 5 минуттың ішінде өлең құрап, тұжырымды, түйінді жыр шумағын туғызуға тырысты.
– Сыр сандықты ашып қара, Ашып қара сырласым. Бұл айдарда қатысушылар конвертте берілген Мұқағали өлеңдерінің шумақтары бойынша тақырыптың мазмұны мен идеясын ашуға тырысты. Мұнда әділ-қазылар алқасы оқушының шешендігін, ой жүйелілігін, ұтымды жауабын ескерді.
– Мұқағали мұрасын кім көп біледі? айдары- оқушылардың Мұқағали Мақатаевтың өмір-дастанын жеткілікті білетіндігін сынады. Бұл кезеңде қатысушыға 10 сұрақ беріліп, ұтымды жауаптары бағаланды.
– Ақын мұражайына менің үлесім айдарына оқушылар әр түрлі көркемдік заттарын әкеліп таңдандырды.
Мүшайраның облыстық кезеңінің нәтижесі бойынша 4 оқушы білім басқармасының І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталды.
І дәрежелі диплом иегері:
Қоңырбайқызы Айғаным – Арал ауданы, №57 мектептің 10 сынып оқушысы
ІІ дәрежелі диплом иегері:
Нағашыбай Ақылбай – Қазалы ауданы, №93 мектептің 8 сынып оқушысы
ІІІ дәрежелі диплом иегері:
Ұлманбет Манзура – Қазалы ауданы, №94 мектептің 7 сынып оқушысы
Сахиев Мадияр – Қармақшы ауданы, №99 мектептің 9 сынып оқушысы
Облыстық кезең нәтижесі бойынша І орын иегері Қоңырбайқызы Айғаным 14-16 наурыз аралығында ақынның туған жері Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында өтетін М.Мақатаев оқуларының қорытынды республикалық кезеңіне қатысады.