Білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесінде аймақтың үздік мұғалімдері марапатталып, үздік мектебі анықталды. Оқу жылының қорытындысы бойынша «Мұрагер» мектебі үздік деп танылып, мектеп басшысына 17 миллионның сертификаты табысталды.
Бүгін Қызылордада «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында педагогикалық тамыз кеңесі өтті.
Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова, Білім және ғылым министрлігі жанындағы ақпараттық талдау орталығы президентінің міндетін атқарушы Елдос Нұрланов, жергілікті білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен облыс мұғалімдері қатысты. Қызылорда облысы білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова модератор болды.
Кездесуде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев заманауи білім беру жүйесіндегі маңызды мәселелер мен проблемаларды атап өтті.
«Жаңғырып жетілудің мүлде жаңа, мазмұндық және сапалық тұрғыдан бұрынғыдан бөлек, әлдеқайда биік сатысына көтерілуге ұмтылған елімізге жасампаз, білікті, өзгерістерден қорықпайтын мамандар қажет. Бұл Елбасының тұжырымы, нақты тапсырмасы, білім саласын ұйымдастырушы Сіз бен Бізге аманаты! Адами капитал, ең алдымен, білім беру саласы арқылы қалыптасады. Оны қалыптастырудағы білім саласының үлесі кез-келген басқа саладан әлдеқайда жоғары. Сондықтан да, бұл саланы әлеуметтік қамсыздандыру, зейнетақы жүйесі, мемлекеттік басқару, қорғаныс және қауіпсіздік сияқты шығынды көп талап ететін салалармен бір қатарға қоймай, керісінше, мол қосымша құн қалыптастыратын инвестициялық сала ретінде қарау қажет. Білім беруге инвестиция тарту жекелей адам мен тұтас мемлекет үшін де оңтайлы шешім болып табылады», – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, аймақ басшысы білім алушылардың мамандықтары мен еңбек нарығы сұранысының сәйкес келуі маңыздылығын айтты.
«Осы ретте, біздің ұдайы назарда ұстайтын ерекше маңызды көрсеткішіміз – түлектеріміздің жұмыспен қамтылуы. Мойындау қажет, бізде бұл мәселеде келеңсіздіктер аз емес. Түлектерді бір мамандық бойынша даярлаймыз, ал олар мүлде басқа саладан орын табады. Олардың қабілеті мен нарықтағы жағдайды ескере отырып, түлектерді дұрыс бағыттау – біздің міндетіміз», – деді аймақ басшысы.
Аймақта білім беру саласының мектепке дейінгі кезеңінен бастап жоғарыға дейін жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айта кету керек. Осыған орай, облыста мектепке дейінгі қамтылу деңгейі жүз пайызды құрап, үш ауысымда оқитын мектептер жойылған. Бір ғана Жалағаш ауданы М.Шәменов ауылындағы №34 орта мектебінен басқа, апаттық жағдайдағы мектептер жоқ. Соңғы 5 жылда өңірде 37 апаттық мектептің орнына 45 мектеп салынған.
2014 жылдан бастап Мәскеу мен Санкт-Петербургтің озық оқу орындарына 452 қызылордалық студент Ресей федерациясы үкіметінің гранты есебінен білім алуда. Биыл алғашқы 65 түлектің жұмыспен қамту мәселесі шешімін тапты. Сонымен бірге, сырбойылық жастарға мамандандырылған «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» саласында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетіне жыл сайын 20 грант бөлінеді. Бұдан басқа, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Парламентаралық Ассамблеясы аясындағы жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын үздік тапсырған Қызылорда облысы мектептерінің түлектеріне жыл сайын Санкт-Петербургта оқуға 10 білім грантын бөлетін болды. Ақпараттандыру мен технологияларды енгізу бойынша Татарстан Республикасындағы Иннополис университетінде ақпараттық және сандық технологиялар бойынша жыл сайын тағы 20 түлектің білім алуына Татарстан Президентімен келісім жасалған.
Сонымен қатар, ҰБТ тапсырып мемлекеттік грантты алуға бірнеше балл жетпей қалған ауыл мектептерінің түлектеріне аймаққа қажетті мамандықтар үшін облыс әкімінің гранты бөлінеді.
«2013 жылдан бастап, жыл сайын 100 дарынды әрі талапты ауыл балалары, оның ішінде, аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан жастарды еліміздің белді жоғарғы оқу орнына облыс әкімінің грантымен оқуға жолдаудамыз. Биылғы жылы оқу грантының санын 100-ден 205-ке дейін, яғни 2 есеге ұлғайттық. Осылайша, бүгінгі таңда грант иегерлерінің саны 900 адамға жетті. Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша облыс түлектерінің орташа көрсеткіші 85,2 балды құрады. Бұл былтырмен салыстырғанда 2,42 балға жоғары. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша түлектердің 97 пайызы жоғары және орта арнаулы оқу орындарына оқуға түскенінін мақтанышпен атап өтуге болады. Биылғы жылғы нәтиже де жақсы болады деп үміттенеміз»,- деді аймақ басшысы.
Жиында Арын Өрсариев, Күләш Шамшидинова, Елдос Нұрланов, Майра Мелдебекова және Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов баяндама жасады.
Кездесуге қатысушылар білім беру жүйесін жаңғырту бойынша ұсыныстарын білдірді және Қызылорда облысындағы білім берудің барлық кезеңдері қарқынды дамып жатқанын атап өтті. Шарада Ресей университетінің түлектері мен ата-аналары сөз сөйледі.
Бірқатар оқытушылар «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісіне ие болды, «Ыбырай Алтынсарин» медалімен, сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, «Мұрагер» мектебіне «Үздік орта білім ұйымы» номинациясы бойынша 17 миллион теңге табысталды.
2018-2019 оқу жылында облыстың 294 жалпы білім беретін мектебінде 154 559 оқушыны оқыту жоспарланып отыр. 18 942 бала бірінші сыныпқа барады.
Жаңа оқу жылында Қазалы және Жаңақорған аудандарында 300 орынға арналған жаңа мектептер пайдалануға берілді. 2017-2018 оқу жылында облыста Қармақшы және Жаңақорған аудандарында 3 мектеп жұмысын бастаған болатын. Бұдан басқа, жылдың соңына дейін Аралда 300 орынға және Қызылордада 600 орынға арналған мектептер салынады.
Дереккөз: Қызылорда облыстық интернет газеті