АУДАН ӘКІМІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПӘНДІК ОЛИМПИАДА ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ

Қармақшы ауданының әкімі С. Мақашов Қостанай қаласында өткізілген қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиаданың жүлдегерлерін қабылдады. Республикалық қоғамдық – гуманитарлық бағыттағы пәндік олимпиаданың қорытындысы бойынша ауданымыздың үш оқушысы жүлделі орындарды иеленген болатын.
  Атап айтқанда қазақ тілінде оқытатын мектептегі орыс тілі пәнінен №272 орта мектептің 10 сынып оқушысы Ғалымжанова Айдана мен орыс тілінде оқытатын мектептегі қазақ тілі пәнінен №108 орта мектептен 10 сынып оқушысы Тен Надеждалар ІІІ орын, Қазақстан тарихынан №26 орта мектептің 11 сынып оқушысы Қарабарақов Әскербек ІІ орынды иелененіп республикалық деңгейдегі білім додасында облыс, аудан мақтанышына айналды.
  Білімді ұрпақ – ел болашағы. Сондықтан да ата-аналармен ұстаздардың қоғаммен бірлесіп жасаған еңбегі үлкен жетістікке жеткізеді. Осы ретте білімді де білікті ел тірегі болатын, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу қазіргі таңда білім саласының басты мақсаты екендігі белгілі.
  Шара соңында аудан әкімі ата-аналар мен ұстаздарға және жеңімпаз оқушыларға жылы лебізін білдіріп, сый-сияпат жасап құттықтауын жеткізді.    
 

Дереккөз: Қызылорда облыстық интернет газеті