Ақтауда Жастар жылы аясында республикалық студенттер фестивалі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Еліміздің 9 өңірінен келген 10 мың жас тегін оқу гранттарын жеңу үшін бақ сынады. Жалпы фестивальдің мақсаты – жастардың мәдени, рухани дамуына және шығармашылық өсуіне ықпал ету. Шара аясында жас кәсіпкерлер байқауы, пән олимпиадасы мен дебат турнирі ұйымдастырылды. Жастар бұрын-соңды болмаған стартап жобаларын ұсынды. Байқаудың жеңімпаздарына Ақтаудағы Шахмардан Есенов атындағы мемлекеттік оқу орнының арнайы 100 гранты берілді. Сонымен қатар Каспий жағалауына жиналған жастар баскетбол, жағажай волейболы, қазақша күрес сынды спорт түрлерінен сайысып, жүгіру марафонына қатысты.
Берік Ахметов, Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік университетінің ректоры:
– «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 130-дан астам әлеуметтік, саяси, туризм саласындағы жобалар ұсынылды. Финалдық сайысқа 50 жоба жібердік. Ұтқандарға университет грантын ұсынамыз.
Арман Жансатов, оқушы:
– Мысалы, теңізде өрт болған жағдайда менің «робот балығым» датчик түтінді анықтайды. Яғни осы арқылы өрттің де алдын аламыз. Болашақта инвесторлар табылып, қызығушылық танытса, онда менің жобам арқылы елімізде балық қырылу саны 75 процентке дейін төмендер еді.
Дереккөз: ХАБАР 24