Білім және ғылым министрлігін жатақхана құрылысы бойынша келесі жылға арналған жоспардың орындалуы алаңдатып отыр. Бұл туралы бүгін ведомство басшысы Күләш Шәмшидинова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Шәмшидинованың айтуынша, қазір 19 мыңнан астам орынның енгізілуін қамтамасыз ететін 43 жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобалар аясында осы жылдың өзінде жоспарланған 5 мыңның орнына 9196 орын пайдалануға беріледі. Яғни, жоспар 184 процентке асыра орындалады деп жоспарлануда.
“Жатақхана құрылысы бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл облысы көш бастап тұр. Ал Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Түркістан облыстарында жұмыс қарқыны төмен. Мемлекеттік оқу орындарымен салыстырғанда, жекеменшік мекемелердің белсенділігі әлдеқайда жоғары”, – деді Шәмшидинова үкімет отырысында.
Ол биылғы жылдың көрсеткішіне қол жеткізу үшін бірқатар жұмыс атқарылғанын атап өтті. Алайда келесі жылдың жоспарының орындалуы білім министрлігін алаңдатып отыр. Осыған байланысты ведомство басшысы үкіметтен бірқатар шараны жүзеге асыруға қолдау көрсетуді сұрады.
“Бірінші, өңірлерде барлық оқу орны көрсетілген жатақханалар салудың толық кестесін бекіту. Екінші, қымбат тұратын жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуді тоқтату. Үшінші, жер мәселесін оңтайлы шешу мақсатында мемлекеттік жоғары оқу орындарын коммерциялық емес акционерлік қоғам етіп қайта ұйымдастыру жұмысын жеделдету. Төртінші, осы жобаны іске асыру барысында сейсмикаға қатысты мәселелер көтерілді. Осыған байланысты нормативке сейсмиканы ескеретін коэффициентті қарастыру”, – деді министр.
Министрдің ақпаратынша, жатақхана құрылысымен айналысатын кәсіпкерлерге инженерлік коммуникациялары дайын жер телімдері беріліп, банктік несиенің 7 проценті мемлекет есебінен субсидияланады. Бұған қоса жатақхана құрылысына қойылатын талаптар жеңілдетіліп отыр.
“Жатақхана қолданысқа берілгеннен кейін оның иесіне 8 жыл қатарынан мемлекеттік тапсырыс орналастырылатын болады. Жаңа құрылыс жағдайында оның көлемі бір студент үшін жылына 308 мың теңгені, ал реконструкция болса, 119 мың теңгені құрайды”, – деді Шәмшидинова.
Сонымен бірге, инвестордың осы ғимаратта асхана, жаттығу залы және өзге де тұрмыстық қызметтерді орналастыру арқылы қосымша кіріс табуына мүмкіндік берілген.
Дереккөз: Sputnik Kazakhstan