Қарағандылық оқушы Менделеев олимпиадасында қола жүлде иеленді

Ресейдің Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде химия пәнінен 53-ші халықаралық Менделеев олимпиадасы өтті. Аталмыш зияткерлік жарыста қарағандылық Олжас Нұрпейісов үшінші орынға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олжас Нұрпейісов №1 Қарағанды «Білім инновация» лицейінің 11-сыныбында оқиды. Ол Менделеев олимпиадасына екінші рет қатысуда. Өткен жылы ол осы білім додасында екінші орынға ие болған. Сондай-ақ, Чехия мен Словакияда өткен олимпиадаға қатысып, үшінші орынға ие болды.

Биыл Менделеев олимпиадасында 28 елден 152 оқушы қатысты.  № 1 «Білім инновация» лицейінің мәліметінше, байқаудың бірінші кезеңнің міндеттері арнайы химиялық сыныптар бағдарламасына сәйкес болған. Екінші турда оқушылар бейорганикалық, органикалық, аналитикалық, физикалық химия бойынша жоғары деңгейдегі тапсырмаларды шешкен. Үшінші тур – эксперименттік болды. Жалпы есепте Қазақстан ұлттық құрамасы екі күміс және алты қола медаль жеңіп алды.

Еске сала кетсек, Халықаралық Менделеев олимпиадасы 1997 жылы Бүкілодақтық химия пәні олимпиадасының мұрагері болды. 2004 жылдан бастап оған ТМД және Балтық елдерінің оқушыларынан басқа әлемнің басқа да елдерінің командалары қатыса бастады. Айта кетерлігі, Олжас Корея университеттерінің бірінде грантқа ие болып, оқуға түсті.

Сондай-ақ, ол химия пәнінен «Tuymaada» халықаралық сайысының (екінші орын), Бектұров атындағы химия пәнінен халықаралық олимпиаданың жүлдегері (бірінші орын) және Қ. Сәтбаев атындағы халықаралық химия олимпиадасының (бірінші орын) жеңімпазы.

 

Дереккөз: КазИнформ