Мектепте оқушыларға ағылшын тілінде пәндер тек 10 және 11 сыныпта, баланың тілдік қабілеті жеткілікті болған және мектеп дайын болған жағдайда, мектептің шешімімен ғана берілетін болады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Үштілділікке байланысты: ең бірінші мәселе – қазақ тілін оқыту мәселесі. Екінші орыс тілі, ағылшын тілі мәселелері. Яғни тілдерді оқыту бұл деңгейге байланысты төрт дағдыны дамытуға бағытталады. Олар – тыңдау, айту, сөйлеу және жазу дағдылары. Сондықтан ағылшын тілінде балаларға пәнді беру тек 10 және 11 сыныпта, баланың тілдік қабілеті жеткілікті болған жағдайда және мектеп дайын болған жағдайда, мектептің шешімімен ғана жүретін болады. Қазіргі таңда 153 мектепте ұйымдастырылған ағылшын тілінде оқытуға біз мониторинг өткізіп отырмыз. Осы мониторингтің нәтижесінде дамытуға болатын сұрақтар және осы нәрсені дамытуға кедергі келтіретін мәселелер анықталып, болашақта мектептерге көмек ретінде берілетін болады», – дейді министр.
Еске сала кетсек, Күләш Шәмшидинова мектепте төрт пәнді ағылшын тілінде оқыту мәселесін бұған дейін де түсіндірген болатын.
«Бүгінде барлық адамдарды ойландырып жүрген маңызды бір мәселе ол – xимия, физика, информатика мен биология пәндерін жоғары сыныпты ағылшын тілінде оқыту. Осыған байланысты қазір ағылшынша сабақ беруге асықпай көшу туралы шешім қабылданып отыр. Республика бойынша 150-ден артық мектеп ол бағдарламаға көшкен. Біз қазір бұларды зерделеп, қарап отырмыз. Оқушылар неден қиналып отыр? Ұстаздар қандай қиындық көріп жатыр? Біз оларға қалай көмектесеміз? Соны жан-жақты зерделеп жатырмыз. Сондықтан ұстаз бен мектеп дайын болған кезде, өздеріңізбен келісе отырып, біртіндеп ағылшын тілінде оқытуды енгізе бастаймыз. Асықпаймыз, ешкім қуып келе жатқан жоқ», – деген еді К.Шәмшидинова бүгін Астанадағы көпбалалы аналармен болған кездесуде.
Дереккөз: КазИнформ