Қазақстанда биыл 18 жекеменшік мектеп ашылады. Бұл туралы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тақырыбына арналған Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Оқу процесін жан басына сәйкес қаржыландыру негізінде жеке кәсіпкерлерді өз қаражаты есебінен мектеп құрылысын жүргізуге ынталандыру арқылы елімізде 15 жаңа жекеменшік мектеп ашылды. Жыл соңына дейін тағы 18 мектеп (4 700 орындық) ашылады деп күтілуде. Жалпы, үш жылдың ішінде 40 мектепті іске қосу жоспарланып отыр», – деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік бюджет есебінен мектеп салуды өңірдегі бала санына қарай жоспарлау қарастырылып отыр. Үш аусымды және апатты ғимаратта орналасқан мектептер мен оқушы орны тапшы елді мекендер проблемаларын шешуге бағытталатын.
Министрліктің мәлметіне қарағанда, бүгінде елімізде 31 апатты мектеп, 128 үш ауысымда оқытатын мектеп жұмыс істейді.
«Техникалық және кәсіптік білім беру бағытында да мемлекеттік-жекешелік әріптестік дамып келеді. Бүгінгі таңда республикада 821 колледждің 479-ы мемлекеттік, ал 342-сі жекеменшік нысандар. Қазіргі кезде Павлодар, Алматы облыстарында бизнеске сенімгерлік басқаруға 5 колледж берілген. Дуалды білім берумен студенттерді қамту 19,8 пайызды құрады. Яғни бизнес тарапынан техникалық және кәсіптік білім сапасын арттыру үшін оқу процесіне араласуға құлшыныс бар. Сондықтан кәсіпорынның шығыстарын өтеу арқылы олардың әріптес болуға ынтасын арттыруға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру басталды», – деді К. Шәмшидинова.
Дереккөз: КазИнформ