Елімізде биыл талапкерлерге 66 мың грант бөлініп отыр

Биыл жоғары оқу орнына ақысыз түскісі келетін талапкерлерге 66 мың грант бөлініп отыр. Оның 3 мыңы колледж түлектеріне арналған, деп хабарлады “24 Хабар”. Ендеше мектеп бітірушілер Ұлттық бірыңғай тестілеуге қаншалықты дайын? Ата-аналарды қандай сұрақ толғандырады?
Алакөл ауданының тумасы Аяулым Жанатова – №72 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы. 20 маусымда өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге бүгінде тыңғылықты дайындалып жатыр. Ұстаздары болашақ талапкерді тек математикалық жағынан емес, моральдық тұрғыдан да әзірлейді.
Аяулым Жанатова, №72 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы:
– Негізінен дайындықты менің осы №72 мектеп лицейімнің осы грант иегері болуыма тигізіп жатқан септігі көп. Яғни әр сенбі сайын біз бұл жерде өзіміздің таңдау пәндеріміздің мұғалімдерімен бірге қалып, ҰБТ-ға дайындайды бізді әрдайым. Дәл сондықтан ҰБТ-ға дайындығым өте жақсы деп айтсам болады. Қазақстан тарихын, оқу сауаттылығын, математикалық сауаттылық және өзімнің таңдау пәндерім: Дүниежүзі тарихы және Адам. Қоғам. Құқықты тапсырамын.
Бұрын гранттар 176 мамандық бойынша бөлініп келсе, енді білім беру бағдарламалары бойынша топтастырылғаны белгілі. Барлығы 97 топ бар. Мәселен, маусым айындағы тестілеу кезінде сынақты Биология – Химия комбинациясы бойынша тапсырасыз делік. Ендеше білім беру бағдарламасын 16 бағдарлама ішінен іздейсіз. Тізімді Ұлттық тестілеу орталығының сайтынан таба аласыз. Бір ескерерлігі, бакалавриатқа түсетіндер төрт топтан артық таңдай алмайды.
Наужан Дидарбекова, ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің бас сарапшысы:
– Бұл ҰБТ-леуді сәтті тапсырып, шекті баллды жинаған оқуға түсушілердің барлығы, оның қатарында ағымдағы жылы мектеп бітірушілер де бар мемлекеттік білім беру грантының конкурсына қатыса алады. Шекті балл бізде ЖОО-ға 65 балл деңгейінде қалды. Ал басқа ЖОО-лары үшін шекті балл сол 50 балл деңгейінде. Тек қана бізде педагогикалық ғылымдар білім беру саласы бойынша шекті балл барлық ЖОО-дай 60 балл деңгейінде бекітіліп отыр.
Тек 20 маусым мен 5 шілде аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырып, шекті балл алған талапкерлер ғана білім беру гранттары байқауына қатыса алады. Өтінімдер 13-і мен 20 шілде аралығында қабылданады.
Наужан Дидарбекова, ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің бас сарапшысы:
– Көптеген ата-аналар мен мектеп бітірушілердің көкейінде «Қай Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесімен жоғары оқу орынға ақылы негізде түсуге болады?» деген сұрақ болуы мүмкін. Бұл ретте біз айтамыз, шекті балды алған кез келген мектеп бітіруші қаңтар, наурыз, маусым мен тамыз айларында болсын ҰБТ сертификатымен ЖОО ақылы негізде түсе алады. Яғни бұл жерде егер, мектеп бітіруші қаңтар айында тапсырып, шекті балды ала алмай, наурыз айында тапсырып, шекті балды ала алса, онда сол наурыз айындағы шекті балл алған сертификаты ағымдағы жылғы 31 желтоқсанға дейін жарамды болып табылады.
Биылдан бастап ҰБТ мен кешенді тест тапсыру мерзімі де біріктірілгені аян. Дегенмен әр санаттағы талапкерлер әр топқа бөлінеді және сынақты бір күнде тапсырмайды. Колледж түлектері Ұлттық бірыңғай тест тапсырмай-ақ өз пәні бойынша қысқартылған бағдарламаға сәйкес ақылы бөлімге түсе алады. Ол үшін сол ЖОО сынағын ғана сәтті тапсырса жеткілікті.
Наужан Дидарбекова, ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің бас сарапшысы:
– Халықаралық алмасу дейміз ғой, шетелдік алмасу арқылы шет елде ЖОО бітіріп келгендер, сонымен қатар Қазақстан елінің азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғаларға және білім беру ұйымдарын шетелде бітірген азаматтар, ҚР білім алуға ниеттенгендер 10 мамыр мен 5 маусым аралығында құжаттар тапсырады.
Айта кетейік, биыл елдегі негізгі сынақты 169 Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығында өткізу жоспарланған.
 
Дереккөз: Сыр бойы