Жамбыл облысында «Серпін» күндері басталады

«Мәңгілік ел жастары индустрияға» – «Серпін-2050» – Қазақстандағы өзекті әлеуметтік жобалардың бірі. Бұл оңтүстік өңір жастарын кәсіпорындары көп, жұмысшы күшін керек ететін облыстардың ЖОО мен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде тегін оқып, тұрақты жұмыс орнымен қамтуға мүмкіндік береді.

«Серпін» жобасы Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарының жастарына арналған. Биыл алтыншы рет жүзеге асырылғалы отырған шара жайында Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында айтылды.

«13-17 мамыр күндері барлық аудандарда «Серпін» күндері өтеді. Онда Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды өңірлерінің жоғарғы және арнаулы орта білім беру ұйымдарынан 20 өкіл келіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Айта кетерлігі, жыл санап тізімдегі университеттер мен арнаулы орта мектептердің қатары көбеюде. Биыл 25 колледж бен 24 жоғарғы оқу орны жастарымызды оқытуға әзір», – дейді Жамбыл облыстық білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Саясат Есеев.

Мамандардың айтуынша, осы уақытқа дейін Әулиеата өңірінен әлеуметтік жоба аясында 1384 білімгерден құжат қабылданған. Оның 1169-і жоғарғы оқу орындарына, 215-і колледждерге педагогика, техника, технология, ауыл шаруашылығы, медицина мамандықтары бойынша түскен. Олар стипендиямен, туған ауылына жылына бір рет барып-қайтуға жететін қаражатпен және жатын орынмен, арнаулы орта оқу орнының студенттеріне бұл жеңілдіктермен бірге, күніне бір уақыт ыстық тамақпен қамтылады.

«Университтерге қабылданғысы келетін талапкерлер ҰБТ немесе кешенді тестілеуге қатысуға міндетті. Одан ең кемі 50 балл жинауы қажет. Бұл – төменгі шегі, ЖОО-да оқуға ниеттілерге арналған. Ал колледжде оқығысы келетіндерге мұндай талап жоқ. Десе де, қабылдау емтиханын тапсырады. Университетке түсе алмай қалған, 2-3 жыл бұрынырақ мектеп бітіріп, грантқа іліне алмаған, ақылы бөлімде оқыған жастар да осындай білім ордаларын таңдауға әбден болады. Сондай-ақ, осы жобаның қатысушысы болғысы келетін азаматтардың жасына шектеу болмайды», – дейді Саясат Есеев.

Айта кетейік, жобаға қатысатын облыстардың өкілдері үгіт-насихат шараларын жасау мақсатында М.Х.Дулати атындағы ТарМУ, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті және Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінен арнайы бөлмелер берілді. Жамбыл облысы аумағынан «Серпін» күндеріне 5000-нан астам жасты қамту жоспарланып отыр.

 

Дереккөз: BAQ.KZ