Былтыр Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Жамбыл облысының әкімдігі «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасының Жарғысына қол қойған болатын. Бүгінде жобалық кеңсе үш бағытта жұмыс істеуде.
«Мектептердегі бос жұмыс орындарын жариялау және педагогтарды жұмысқа қабылдау үшін «Электрондық еңбек биржасы» порталымен ықпалдастырылған jumys.sitcen.kz жүйесі енгізілді. Нәтижесінде, жыл басынан бері 825 вакансия жарияланып, 802 қызметкер жұмысқа қабылданды. Қазіргі таңда 23 бос жұмыс орны жарияланып тұр», – деді Равиль Тюлебаев.
Айта кетерлігі, бұл жүйе «Мемлекеттік орта білім беру мекемелерінің басшылары лауазымдарына орналасу конкурсына қатысу үшін құжаттар қабылдау» мемлекеттік қызмет түрін де электрондық түрде алуға мүмкіндік береді екен.
Департамент басшысы өңірдегі 3 жоғарғы оқу орны мен 25 техникалық және кәсіптік білім беру мекемесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды қабылдап, «Саналы ұрпақ» фронт офистерін ашқанын мәлімдеді. Жұмыстарын бастап үлгерген бұл орталықтарда брейн-ринг, дебат, семинар, конференция мен форум секілді шаралар өткізу қарастырылған.
«Қазір балабақшаға кезекке қою мен жолдама беру, 1-сыныпқа қабылдау сынды мемлекеттік қызмет түрлері де автоматтандырылған. 30 маусымға дейін қосымша 5 қызмет автоматтандырылып, іске қосылады», – деді ол.
Сонымен қатар жыл соңына дейін 21 мемлекеттік қызмет түрін eduschool.kz, edugarden.kz, zhambyltipo.kz порталдары арқылы автоматтандыру мақсатында жергілікті бюджеттен 75 миллион теңге қаражат бөлінген.
Дереккөз: BAQ.KZ