Бүгінгі таңда Маңғыстау облысындағы 7 оқу орнында білім алатын 1 364 студент жатақханаға зәру. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ведомство мәліметіне сәйкес, Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы шеңберінде аймақта 2022 жылдың соңына дейін 2 140 орындық 7 жатақхананы (Бір ЖОО үшін 170 орынға және алты колледж үшін 1 970 орынға арналған) қолданысқа беру көзделген.
«Берілген мәселені шешу үшін 7 жер учаскесінде объектілерді пайдалануға енгізу жоспарда. Қазіргі уақытта 4 нысан бойынша ЖСҚ әзірленген жоқ, ал 3-еуі бойынша ЖСҚ қажет етілмейді», – делінген хабарламада.
Жобаларды іске асыру операторы – «Қаржы орталығы» АҚ. Белгіленген механизмге сәйкес, жатақхана жаңадан салынған жағдайда мемлекеттен әрбір төсек орын үшін жыл сайын – 122 АЕК, ал ғимарат қайта жөнделгенде 47 АЕК қаражат төленетін болады. Төлемдердің жүргізілу кезеңі – 8 жыл.
«Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі туралы Маңғыстау облысының кәсіпкерлік қоғамдастығына ақпарат беру мақсатында «Қаржы орталығы» АҚ «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, биылғы 16 мамырда өңірде түсіндіру кездесуін өткізді. Іс-шараға қонақүй кешендерінің, хостелдердің басшылары мен басқа да мүдделі кәсіпкерлер, «Білім басқармасы» ММ, «Каспий» ӘКК» АҚ, «Даму» қорының Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалы қатысты», – деді министрліктен.
ҚР БҒМ ақпаратына сүйенсек, 2019 жылғы мамыр айындағы жағдай бойынша Қазақстанда жатақханаларды салу жөнінде 20 шарт жасалды. Олардың шеңберінде 2019-2022 жылдар аралығында 6 864 төсек орнын ұсыну жоспарлануда. Соның 13-і Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қостанай, Тараз, Орал қалаларында жаңа нысандарды салу және 7-еуі Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Павлодар, Өскемен қалаларында реконструкциялау жолымен іске асырылатын болады.
Дереккөз: КазИнформ