ШҚО-да «Серпін» түлектеріне миллион теңгеге дейін субсидия төленеді

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша білім алған түлектерге отбасымен көшіп келген жағдайда әр адам үшін 1 миллион теңгеден субсидия төлемекші. Бұл туралы әкімдік өкілдері түлектермен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстанда биыл үшінші жыл қатарынан «Серпін» түлектері үлкен өмірге қадам басып отыр. Олардың 382-сі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдамақ. Аталмыш білім ордасында өткен кездесу барысында жергілікті әкімдік өкілдері мен кәсіпорын басшылары «серпіндіктерге» бос жұмыс орындары мен жас мамандарға жасалатын жағдай туралы толыққанды ақпарат берді.

«Серпін» түлектеріне әсіресе өндірістік аудандарда сұраныс жоғары.

«Шығыс Қазақстан аймақтық энергетика компаниясы» «Серпін» түлектеріне Глубокое, Шемонаиха аудандары мен Риддер қаласынан 27 жұмыс орнын ұсынып отыр. Соның ішінде Шемонаиха ауданының әкімдігі жалғыз өзі көшіп келген түлекке бір бөлмелі пәтер, отбасымен қоныс аударған түлектерге 2 немесе 3 бөлмелі пәтер бермек.

«Келісімшарт мерзімі біткен соң аталмыш пәтерлерді сатып алу мүмкіндігі де беріледі», – дейді компанияның Алтай аймағы бойынша филиалының директоры Ерболат Алпиев.

Ал Глубокое ауданы жұмысқа келген «серпіндік» жастардың пәтер жалдау және коммуналдық төлемдер ақысын өтеп беруге дайын.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды реттеу басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаевтың айтуынша, дәл осындай көтерме көмек облыстың өзге аудандарында да қарастырылған.

«Өскемен, Семей, Риддер, Аягөз, Зайсан, Серебрянск, Шемонаиха, Курчатов қалаларында қалып, жұмыс істегісі келетін түлектерге бір жылда 606 мың теңге төлейміз. Ал егер жас маман өзімен бірге отбасын көшіріп әкелсе, әр адам үшін 757 мың теңгеден 909 мың теңгеге дейін субсидия төленеді. Ал аудан орталықтары мен ауылдарға қоныс аударсаңыздар, кісі басына 545 мыңнан 636 мың теңгеге дейін субсидия беріледі», – деді Ерболат Ошақбаев.

 

Дереккөз: КазИнформ